«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазағы ең аз қала қазағы ең көп қалаға айналды

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері

0 228

– Аға, өзіңіздің Астанамен байланысыңыз 2000 жылдан емес, сонау Целиноград кезінен-ақ басталғанын білеміз. Ақмола атын қайтаруға атсалыстыңыз. Өзіңіз анық-қанығын айтып беріңізші.


– Кеңес заманында Тың өлкесінің астанасы деген желеумен байырғы Ақмола қаласының атауы өзгертіліп кетті ғой. Бұл өңір – Арқадағы игі жақсылар көп шыққан жер. Кезінде бәйгеге қосылған Құлагердің мерт болатын жері жақын осы маңайға. Балуан Қажымұқан атамыздың да туған жері – осы жер. Қалың қыпшақтың, арғын ағайындардың ордасы болған мекен. Бағзы замандарда ұлы даланың төсінде бағы жанған байтақ өңір – бұл.
Тәуелсіздігіміздің елең-­алаңында көптеген қалалардың, елді мекендердің бұрынғы атауларын қайтарып беру нау­қаны қолға алына бастады. Жаңа жылымық келіп, жаңа заман туа бастаған кез. Еркіндіктің тізгінін енді ұстай бастаған тұс. Ол Нұрсұлтан Назарбаев Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген кезі еді. Өзім Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті идеология бөлімінің меңгерушісімін. Әбіш Кекілбаевты шақырып, өзімнің бөлімімнен бір бөлім жасап, Мемлекеттік тіл саясаты – ұлтаралық қарым-қатынас дейтін бөлімді бердік. Әбіш екеуміздің де қолымызда билік бар. Екеуміз келісіп отырып, басшыға ұсыныс жасадық. Целиноград дегенді өзгертетін уақыт жеткенін айттық. Целиноград дегеннен біз жақсылық көрген жоқпыз. Бұл қала өзі талай келеңсіз оқиғалардың куәсі болды. Тарихы бүліне бастады. Бізде жат оқиғалар орын алып жатты. Тың көтеру қазақ даласының ту-талақайын шығарды. Ұрандатты. Бандиттерді әкелді. Маскүнемдер қаптады. Халықты қырды. Қыздарды зорлады. Жердің бәрін жыртып, быт-шыт етті. Ұлы даланың бетін айғыз-айғыз қылды. Қазақ мұның бәріне шыдады. Осыны өзгертейік дедік. Ол кезде Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браун болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы сол кісімен сөйлесіңдер деді. Онымен сөйлесіп едік, ол біздің әрекетімізге оң қабақ танытпады. Ниет білдіре қоймады. Дегенмен оны көндіріп, қол қойдырдық. Сонда Республика басшысы: «Ал енді сендерді шақырып қалуы мүмкін, екеуің барыңдар да, студияда отырыңдар, егер ана жақтан ел көтерілсе, екеуің сол жерде тікелей эфирде жауап бересіңдер» деді. Әбіш екеуміз студияда отырдық. Жоқ, Құдайға тәуба, ештеңе болған жоқ. Ал оның алдында үлкен наразылықтар болды. Соның бел ортасында Алдан Смайылов жүрді.

Целиноградтан үлкен неміс автономиялық республикасын жасай жаздады. Ең соңғы сәтте жоспарлары іске аспай қалды. Бұған бұрынғы Целиноград қаласындағы қазақ студент жастарының неміс автономиясына қарсы шығуы себеп болды. Осы жігіттердің еңбегі әлі күнге дейін дұрыс бағаланбай жүр-ау деп ойлаймын…

– «Үй салғанды, зауыт, фабрика салғанды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде астана салғанды көрген жоқ едік, Құдай оны өзімізге де көрсетті» деп жазып едіңіз.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет бір қасиеті – бұл кісі тұнып тұрған идеялардың бұлағы. Қазірдің өзінде небір идеялары тынбай шығып жатады. Өзі үнемі жақын жүретін адамдармен алдымен әңгімелеседі, ой бөліседі. Бір күні табан астында «Астананы көшіруіміз керек» деді. «Қайда?». «Арқаға».
Ел тұттай жалаңаш, жалаң аяқ, жалаң бас. Үш-төрт айдан жалақы алмаған, зейнетақы алмаған. Қаланы қайдан саласың? Қалай саласың? Жасыратыны жоқ, «Алатаудың баурайында отырмыз ғой. Алатаудай сұлу тау жоқ. Ата-бабамыздың жері ғой мынау. Астымыздан су шыққан жоқ. Жұмақтай жерден неге кетеміз?» деп ойладым. Нұрекеңнің тағы бір керемет қасиеті, өз пікірін айтады, оны сен қолдамасаң, әңгімені сол жерде тыяды. Сосын ұмыттырып, сәл бірнеше күннен ке­йін қайтадан қояды. Өзі жақын жүрген кісілермен сөйлеседі. Пікір жинайды. Сол кезде ол бұл пікірдің піспегенін білді. Бірақ бәрібір осы мәселені бейресми жағдайларда күн тәртібіне қоя берді, қоя берді. Сөйтіп жүріп, ақыры елдің пікірі осыған ыңғайланған кезде Кеңес отырысының күн тәртібіне қойды. Біреу олай деді, біреу былай деді. Ызы-қиқы болды. Сонда бір орыс депутат: «Неменеге басымызды қатырып отырмыз? Бәрібір ешқайда көшпейтініміз анық. Бүгін – Президенттің туған күні. Оған сыйлық жасайық. Шешім қабылдайық. Ол бәрібір ешқайда кетпейді. Мына жағдайда қайда көшесіңдер?» деп кеп қалды. Күн 6 шілде болатын. Ал депутаттар қолдап кеп жіберсін. Президентке керегі де осы еді. Осы шешім қабылданғаннан бастап күн-түн демей, Астананы көшіруге жұмыс жасады. Астананы көшіру жайлауға киіз үйді жинап апарып, қоныс аудару емес қой. Көп ойланып жүрді. Ылғи ой үстінде жүретін. Осы Ақмолаға талай кеп кетті. Бірнеше қалаға да барды. Сосын бір күні кезекті іссапардан келді де: «Мен Ақмолаға барғанда, Қараөткел көпірінің үстінде тұрып ұзақ ойландым. Дүние жүзіндегі астаналардың дені, негізінен, өзен жағасына салынған. Ақмола өзеннің жағасында тұр. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қақ ортасы. Түбінде осы қолайлы болады. Жол қатынасына да дұрыс болады. Шығыс пен Батыстың да ортасында тұрмыз» деді. Сөйтіп, астанамыз Ақмолаға көшті ғой.
– Астанамыз Алматыдан осында көшкенде қандай әсерде болдыңыз?
– Бір күні рәміздер көшетін болды. Ту көшеді, Елтаңба көшеді. Елбасымыз бәрімізді резиденцияға жинады. Сол жерде көзімізге жас алдық. Рәміздер көшіп бара жатыр. Біз жұртта қалғандай болдық. «Алматыға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, Алматыны қимай кетіп барамыз. Бұл бізге керек боп тұр. Қазақстанның келешегі үшін керек» деді. Біз ол кезде мән бермедік. Сөйтсек, ол кісі тереңнен, тым тереңнен ойлаған екен. Біз енді баяғыда студент кезімізде осында астық жинау­ға келетінбіз. Кейін қызметке араласқанда, талай іссапармен келіп жүрдік. Сонда жазда да, қыста да қиындық көретінбіз. Жазда торғайдай масалары талап, күндіз ішкен-жегенімізді кешке сығып алады да, жаныңды қоярға жер тапқызбайды. Қыстың күні азынаған желі мен бораны бар. Алғашқы келіп жүрген кездерден есімде ерекше қалған сәттері осылар еді. Мына Жеңіс даңғылы мен Республика даңғылын білемін. Күндіз ары-бері жүргенде осы көшелермен алып өтеді ғой. Сонда жолдың екі жағынан қарасаң, басы қарайған адамды көру қиын еді. Бәрі орыс еді. Шашы қара біреуді көре қалсаң қазақ көргендей, жерден алтын тапқандай қуанатынбыз.


Сонда Петропавлда, Солтүстік Қазақстан облысында қазақ 7-ақ пайыз еді. Ақмолада да 9 пайыздың маңайында ғана қазақ болды. Сол күйі тұра бергенде, анық масқара болатын еді.

Қазақша айтқанда, бізді Құдай сақтады. Елбасының ақы­­лымен, көрегендігімен келдік. Дәл осы жерде астананы көшірудің тарихи да, стратегия­лық та маңыздылығы болды. Сөйтіп, қазір қарап отырсаң, ең қазағы аз, тіпті жоққа тән қала бүгінде қазағы ең көп қалаға айналды. Бұл біздің ешқайсымыздың ойы­мызға келген жоқ еді.

– Астанаға Еуразия университетінің ректоры болып келдіңіз. Осы қызметті ұсынбағанда келу ойыңызда болмады ма?
– Астана көшіп келгеннен кейін Президент мені осы оқу орнына шақырды. Мен келе алмадым. Өзім суық басты адаммын. Үйренген жерім ғой, Алматыда қала берейін дедім. Ол кісі екінші рет шақырғанда, бас тарта алмадым. «Мен сені 1997 жылы шақырып едім. Келмедің. Әрине, ренжідім, бірақ енді ренжігенде қайда барамыз? Сен ректор болып кел. Керек боп тұрсың» деді. Мен «Жарайды, айтсаңыз» дедім де, келдім. Ол кезде Білім министрі Қырымбек Көшербаев еді. Өзім төрт жыл Үкіметте орынбасар болғанда көмекшім болған, шәкіртім болған, інімдей азамат еді. Біріге отырып, жақсы жұмыстар атқардық. Алматыны қимай, ұзақ жүрдім. Ал қазір Астанадан шыққым келмейді. Тіпті Алматыға барсам да, Астанама қайтып кеткім кеп тұрады.
– Университеттің беделі өзіңіз ректор болған тұста көтерілді. Тарихта жұмысқа алған мамандарыңызды қай өңірден, не үшін алғандығыңызды дәлелдейтін тізімді де жариялаған тұңғыш әрі жалғыз ректор болып қалдыңыз. Бұл тізім біздің басылымға жарияланып еді.
– Иә, осында келдім ғой енді. Қарасам, жөнді кадр жоқ. Студенттік контингенттің сапасы төмен. Жаңа бас ғимаратымызға кірдік. Мәдениет жоқ. Студенттер аяқтарының батпақтарымен кіреді. Партаның сау жері жоқ, бәрін сызып тас­таған. Осының бәрімен күрес­тім. Ғылыми атақ, дәрежесі бар мамандар өте аз. Бұл оқу орнынан ғылым-білімнің ордасын жасау керек болды. Сапалы сабақ беретін, олардың айтқанын түсіне алатын студент керек болды. Бір жылдың ішінде жүзге жуық атақты мамандар шақырдық. Санкт-Петербургтен 32 жасар ғылым докторы, қазақ жігітті алдырттық. Мұх­­тар­бай Өтелбаев, Асқар Арғынғазин деген жігіттер бастаған мықты мамандардың бастарын қоса бастадық. Менің бұл жұмыс­тарымды басқаға жорыған адамдар да болды. Үстімнен арыз түсірді. Президент Әкімшілігінің басшысы мені шақырып: «Шақырған мамандарыңыздың бәрінің «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газетіне түгел тізімін беріңіз» деді. Пәленше, түгенше, туған жылы, атақ-дәрежесімен жазып, екі газетке де бердім. Расында да, бұл ешбір оқу орнының тарихында болмаған нәрсе. Сенің көріп жүргенің – осы тізім. Сонда бұған ел таңғалды. Осымен бұл әңгімеге нүкте қойылды.
– Белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев:
«Отырмын көңілім жайланып,
Бекіндім осы ойға анық –
Бірте-бірте Астана
Барады Мырзатайланып» деп жыр арнады. Сол айтқандай, бұл оқу орнына ғана емес, өзіңіз Астананың рухани-мәдени дамуына барынша атсалыстыңыз. Өзіңіз басқарған Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығы Қазақстандағы ерекше мәдени-ағарту мекемесі болып табылды. Онда қазақ халқының тарихы мен рухы насихатталады. Оған баратын адамның қарасы көп еді. Енді мұндай орталық елордамызға керек болмай қалды ма?
– Президенттің мәдениет орталығына бардым. Қарасам, ылғи жас келіншектер істейді екен. Отырған жерлерінің ортасында терезе жоқ. Ауа жоқ. Ар жағынан да, бер жағынан да, әр жерден есік ашып жатып, ауаны алмастырдық қой. Тағы бір байқағаным, аяғы ауыр, жақсы ниетпен жүрген келіндердің қарасы көрінбейді. Жанымдағылардан «Бұл қалай?» деп сұрадым енді. Сөйтсем, менің алдымдағы басшылары «Аяқтарың ауырласа, жұмыс­тан кетесіңдер» депті. Жағамды ұстадым. «Баланы сендер таппағанда, кім табады?» деп сол наурызда-ақ жариялап жі­бер­дім. Ал келесі наурызда қырық келіншек кішкента­йымен келіп, кейбірінің атын сол жерде қойдық. Сондай бір жақсылықтар болған.
Рас, ол орталықта еліміздің мемлекеттігі тарихының мұражайы, ғылыми кітапхана, ғылыми орталық, концерттік зал – ұлттық дәстүр театры, «Қазақстан музейлері» журналы баспасының орталығы болды. Осылардың бәрінің басы қосылып, үлкен бір рухани азық алатын дүмпулі орталық бола білді. Небір рухани кештер өтті. «Қасиет» залын аштық. «Мұнда қазақтың ұл-қызы көптеп кеп жатыр, арттарынан ата-аналары келуде. Олардың барлығы – ауылда ағайынмен араласып қалған адамдар. Мұнда келгенде жат жерге келгендей болып қалмасын. Біз дамыл таппайық, соларға жұмыс жасайық. Екінші жағынан астанада немістің мәдениет орталығы бар, кәрістің орталығы бар. Біздің неге өз орталығымыз болмайды? Театрлар бар ғой, шүкір. Бірақ біз осындай адамдардың жиі бас қосатындай, сырласатындай мәдениет ордасын жасауымыз керек» деп, алдымызға мақсат қойдық. Содан ел телефон соғып не болатын болды, қашан болады деп жиі іздейтіндей дәрежеге жеттік.
Қазір ол орталығымыз Әскери-патриоттық музей болып кетті. Жанынан әрі өтемін, бері өтемін. Кіріп-шыққан адамның қарасын көрмеймін. Астанаға мұндай бір орталық керек еді. Қазір де қала осы жағынан ақсап тұр. Бұл – өкініш.
– Бір сұхбатыңызда «Қазір идеологиямен айналысып жатқан адам жоқ» деп айтып қалып едіңіз. Бүгінде бұл өлшем билік басындағылармен өлшенетін болды ғой. Қала­мыз­ға қатысты идеология жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл тәуелсіздікті біздің бабаларымыз сан мың жылдар аңсады. Тәуелсіздік үшін күресті. Жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Төсегінен түңілді. Басын бәйгеге тікті. Талай қырылды. Игі жақсылар кетті. Бұл күнге кешегі басын жарға да, тасқа да соққан Кенесары жете алған жоқ­. Қазақтың тарихында тарихы өте ауыр екі адамды ерекше айтар едім. Бірі – қазақтың соңғы ханы Кенесары, енді бірі – Абай. Қазақты түзеймін деп зарлап кеткен Абай тәуелсіздікті көре алған жоқ. Оның арғы жағын несін айтайын. Қазақтың данышпандары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты ағаларымыз жеткен жоқ. Біз жеттік. Қазақ – жылқы мінезді. Қазақ кешегісін ұмытып кетеді. Осыны ұмытып кетпесе деймін. Басына қонған бақты теппесе екен. Елбасы тырысып, жазуын жазып, айтуын айтып жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап бұл кісі жақсы бір сыйлық жасады. Ол «Ұлы дала ұлағаттары» деген кітап еді. Онда ұлы тағылымдар бар. Менің қорқатыным, қазақтың көбі соны оқыған жоқ. Өйткені қазақтың келешегінің қамын жеген басын жарға да, тасқа да соққан Абайды тыңдамаған қазақ ананы-мынаны тыңдай қояды деп кейде ойламаймын. Үлкен бір уайымым – осы.
Оның үстіне, халықтың үдесінен шыға алмай жатқан билік басындағы адамдардың, министрлердің кінәсін бір Елбасыға артып қоюға болмайды. Қазір қарап отырсаң, білім саласында не болып жатқанын түсініп болмайсың. Министр тез өзгереді. Әр келген министр өзінің реформасын қалтасына салып әкеледі. Оған талай қаражат жұмсалады. Ол реформа аяқталмайды. Жаңа министр келеді де, қайтадан өзінің жаңа реформасын бастайды. Елдің әбден зықысы шықты. Оған қосылып, үш тіл шықты. Оларға қарсылығым жоқ, ұрпақтың білгені жақсы. Бірақ көшелі, іргелі, өркениетті елдердің барлығы алдымен ұрпағының тілін өз ана тілінде шығарады. 12 жасқа дейін өзге тілді оқытпайды. Менің, міне, екі шөберем бір-екі жыл болды қолымызға келді. Екеуі де қазақша білмейді. Мен енді мына ағарған шашыммен қашанғы арпалысып жатамын. Қазақ әнін тыңдамайды. Таңертеңнен кешке дейін компьютерге телміреді. Осы арқылы өздері ағылшын тілін үйреніп алыпты. Көздеріне зияны тиетін болды. Балалар түгіл, үлкендердің өзі осыған шұқшиып отырады. Қонаққа барғанда қарап отырсаң, бәрі түгел телефонға таңылып отырады. Қазақ – дүние жүзіндегі кемеңгер, шешен халық. Енді осы халықтың ұрпағы көзден, тілден айырыла ма деп қорқамын.
Есілдің жағасында қоладан жасалған ба, адам қорқатын құбыжықтар бар. Маймыл бар, тыр жалаңаш отырған, құшақтасып отырған адамдардың мүсіндері бар. Енді әлгілердің түр-түрі бар. «Мынау кім?» деп сұраған балаңызға не деп жа­уап береміз. Мән-мағынасы жоқ мұндай мүсіндерді Есілдің жағасына, адам көп жүретін жерге беталды орналастыра бергеннен не ұтамыз? Астанаға бұл жараспайды. Астанаға сай эстетикалық талғам керек.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды