«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда

0 13

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен қаладағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жиын барысында оқу орындары басшылары тарапынан бірқатар түйткілдер көтеріліп, тиісті тапсырмалар берілді.– Елбасының тапсырмасымен 2020 жылға дейінгі қаланы дамыту бағдарламасы қабылданды. Оның басты мақсаттарының бірі – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Елордада «Сергек» бейне-фототіркеуі жүйесі енгізіліп, табысты жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынды. Барлық бейне-­фотожазбалар iKomek-109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына келіп түседі. Соның ішінде ашық құдықтар мәселесі өте маңызды болып отыр. Қаланың коммуналдық қызметтері 42 мыңдай құдыққа қызмет көрсетеді. Бұған қоса, «Қазақтелеком», басқа да осы сияқты республикалық ұйымдарға қарайтын құдықтар да бар. Сондықтан қауіпсіздік мәселесін әрдайым қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Келесі жылға бұл мәселе бойынша белгілі бір жоспарды әзірлеп қойдық, – деген Б.Мәкен мектептердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Антипаника» жүйесі орнатылғанын жеткізді.
Тараз қаласындағы резонанс тудырған оқиғаға байланысты кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу жұмысын күшейту керектігін айтқан қала басшысының орынбасары бұл жұмысқа ата-аналарды да тарту қажеттігін атап өтті.
– Мемлекеттік органдар әрекетінің нақты алгоритмін әзірлеу керек. Мектептердегі тиісті жұмыс­тардың жоспарын қайта қарап, жедел шешуді қажет ететін мәселелерді тікелей шешетін тәртіпке көшіру керек, – деді қала әкімінің орынбасары.
Нұр-Сұлтан қаласы Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғосман Жакин білім беру
ұйымдарында қылмыстардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысына тоқталды. Одан кейін сөз алған iKomek-109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы басшысының орынбасары Асылбек Бұрбаев оқу орындарын бейнебақылау камералармен қамту жұмысына тоқталды. Қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағлан Сматаева білім беру ұйым­дары қауіпсіздігі бойынша есеп берді.
Жиын барысында мектеп инспекторларының жетіс­пеу­шілігі мәселесі көтерілді. «Бұл мәселені жақында мектеп директорларымен бірге талқыладық. Қорытындысында тиісті мәселе бойынша бірқатар түйткілдерді анықтадық. Оған кешенді түрде келу керек. Инспекторлар қызметін көбінесе әйелдер атқарады. Олар декреттік демалысқа шыққан соң, босаған орынға адам келе қоймайды. Бізде кадр тапшылығы бар» деген Б.Мәкен отырыс қорытындысында бірқатар тапсырмалар берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды