«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАУІПСІЗ ҚАЛАНЫҢ ҚАДАМДАРЫ

0 97

Астана тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елордада көптеген кешенді жобалар қолға алынғаны белгілі. Бүгінде қаланың түпкір-түпкірінде бейнекамералар орнатылған. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімді шарасы болып тұр.

Соның нәтижесінде талай қыл­мыс­тың жолы кесілді, талай ұры қолға түсті. Осы қондырғыларды жиі бақылап, төтенше жағдайларда шұғыл шешім қабылдайтын Ішкі істер департаментіне қарасты Жедел бас­қару орталығының жұмысымен танысып көрген едік.
Ішкі істер министрлігі ғимаратында орналасқан Жедел басқару орта­лы­ғына келдік. Ат шаптырым аумақ­ты алып жатқан үлкен залға кірдік. Мұнда қаз-қатар 10 оператор отыр. Зал­дың төрінде – үлкен экран. Бір­неше мониторға бөлінген экранда елор­да­ның кей көшелері мен қиы­­лыс­тары анық көрініп тұр. Тәулік бойы тұрғындар тыныштығын күзе­тетін бүкіл камераны онлайн режимде он бейнебақылау операторы үзбей қадағалап отырады. Олардың әр­қай­­сысында джостигі бар компьютер тұр. Пульт басында отыратын тәртіп сақшылары камераны айналдырып қарап, көшенің жан-жағын түгел шолып шығады. Керек десеңіз, объективті алыстағы адамдарға көз­деп, жақындату арқылы бет-жүзіне дейін анық көре алады. Бір сөзбен айтқанда, астаналықтардың алаңсыз өмір сүруіне арналған жүйе көшедегі бар қимылды қалтқысыз бақылайды.

ERM_0972

Астана тіршілігі алақандағыдай
Оператордың жанына жай­ғасып, монитордағы өмірді қызықтадым. Бейнекамерада Астана алақандағыдай көрі­неді. Көз алдыңда – қаланың қайнаған тірлігі. Аялдамада автобус күтіп тұрған адамдар. Біреулері дүкеннен шығып келеді. Міне, қаланың жастары саябақта серуендеп жүр. Әрі-бері зуылдаған көліктер. Бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған жаяу жүргіншілер. Кімнің қайда, не істеп жүргені – ап-анық. «Төбемізден камера қарап тұр» деп ешкім ойлап та жүрген жоқ. Әркім өз шаруасымен әуре. «Әзірге тыныш. Қылмыстың көбі жұрт ұйқыда жатқанда, мереке, демалыс күндері жасалады» дейді полиция аға лейтенанты Айгүл Дүйсенбаева менің қауіпті де­ректерді іздеп отырғанымды сезіп. Алдыңғы күндердегі жазбаларды көрсетуін сұрадым. Сөйтіп, кешегі оқиғаның куәсі болдым…
Наурыздың отызы түнгі са­ғат 03:24-те «102» арнасына «Белгісіз біреулер Бөгенбай батыр 27/1-де орналасқан «Қағанат» кафесінің терезесін сындырып, ұрлықпен түсіп жатыр» деген хабарлама айты­лады. Лезде сол жерге бағыт­талған бейнебақылау ка­мерасы қыл­мыскерді бірден байқайды. Жедел бас­қару орталығы сол мезетте патруль­дік поли­цияны аталған мекен­жайға жөнелтеді. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай ұры­ны құрықтайды.
Жедел басқару орталығының аға инспекторы Бауыржан Той­­ланбаевтың айтуынша, қылмыс пен құқық бұзушы­лықтар «102»-ге түскен хабарлама және бейнебақылау операторларының тынымсыз қарауылы арқылы анықталады. Операторлардың камерасына ілігетіндердің көбі – тапа-тал түсте қыздардың иығындағы сөмкесін, қолындағы телефонын жұлып әкететіндер, беймезгіл уақытта төбелес шығаратындар. «Мұндай жағ­дайлар Алматы, Сарыарқа ауданында жиі орын алады. Әсіресе, қаладағы «Ретро», «Визави», «Кара­ганда» секілді түнгі-клуб, дәмханалары – спорт зал сияқты. Алдында бітпейтін төбелес. Заңға қайшы әрекет жасап жатқанын, төбесінде төніп тұрған каме­раның бар-жоғын қайдан түсінсін мас адам» дейді Бауыржан Тойланбаев.

ERM_0990

Аула тыныштығы да күзетіледі
Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы сырттай бейнебақылау жүйе­сіне Алматы ауданында – 334, Сарыарқа ауданында – 270, Есіл ауданында 191 камера қосылған. Оның басым бөлігі көше қиылыстарында ор­на­тылған. Сондай-ақ, қоғам­дық орындарда, үй ауласында, ішкі істер органдары аумақ­тарында да бейнебақылау бар. Айтпақшы, Астанадағы үй аулаларында 63 камера жұмыс істейді. Үйдің алдында қандай да бір тәртіп бұзушылық болса, кешіктірмей «102»-ге хабарласқан жөн. Ондай жағдайларда полицияның айғақ ретінде ПИК тарапынан тұрғын үй кіреберістеріне орнатылған камералардағы бейнежазбаларды қарап шығуға толық құқығы бар.
Жедел басқару орталығындағы барлық жазбалар бір ай мер­зімге дейін сақталады. Ал, қыл­мыстық оқиғалар мен құқық бұзушылықты айғақтайтын бейнелер дерекқорға жолданады. Бұл жазбаларды сот төрешілері, қорғаушылар, тергеушілер де пайдалана алады.
Жалпы, 1999 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан қалалық ІІД-нің Жедел басқару орталығы жұмысының тиімділігін ресми деректер былайша дәлелдейді: былтыр сыртқы камералардың арқасында 216 қылмыс, 42747 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ал, жыл басынан бері бейнебақылау көмегімен Астанада 10 мыңнан аса әкім­шілік құқық бұзушылық пен 30 қылмыстың беті ашылды.
Бейнебақылау операторларына «қандай тәртіп бұзу­шы­лықтар көбірек тіркеледі» деп сұрадық. Олардың айтуынша, қоғамдық орындарда шеміш­ке шағу, темекі тұқылын тас­тау, рұқсат етілмеген жерден жолдан өту сынды құқық бұ­зушы­лық­тар жиі кездеседі екен. Мұн­дай бұзақылықтардың бәрі– қалтаңызды жұқартатын ақ­шалай айып! «Бұған ұсақ-түйек тәртіпсіздік деп көз жұма қарау дұрыс емес. Ішкі мәдениеті жо­ғары адамның қоқыс тастауға ары жібермейді. Әрі кез келген тұрғын астаналық мәртебеге сай болуы керек» дейді аға инс­пектор Бауыржан Тойланбаев.
Мүлкіңізге ие болыңыз, ұқып­тылықты ұмытпаңыз. Жо­ғалған затты байқаған бойда 102-ге хабарлаңыз. Бірнеше сағат өткен соң немесе кеше болған оқиғаны бүгін айтсаңыз кеш қалуыңыз мүмкін. Көлік жүретін жерде аса сақ болу керек. «Былтыр наушникпен ән тыңдап келе жатқан 16 жастағы қыз көлік астына түсіп қалады. Жедел-жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды» деп күрсінді Анар Бакетова есімді полицей.

ERM_1041

Сақтансаң, сақтайды
Әрі-бері аралап шыққан соң, орталықтың оң жақ қапталында орналасқан «102» желісіне бас сұқтық. Бар-жоғы алты адам халықтан келіп түскен ақ­па­раттарды қабылдап, тіркеп, өңдеп, бір мезгілде тиісті орын­дарға таратады.
Полицияның «102» желісі толы­ғымен автомат­тан­ды­­рыл­ған. Қоңырау келіп түскен кезде оператордың компью­терінде карточка ашылады. Онда хабарласушының нө­мі­рі, аты-жөні, мекенжайы тір­­­келеді. Дыбыс автоматты түрде аудиожазбаға жазылады. Бұл қажет кезде дауысты сәй­кестендіру үшін пайдаланылады. Әсіресе, жарылғыш заттар туралы жалған ақпарат келіп түскенде жиі қолданылады.
Қоңырау қабылдап отырған операторларды әңгімеге тарту мүмкін емес: телефон тұтқа­сында дамыл жоқ. Биыл­дыққа «102» пультіне 137 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Бір хабарламадан соң кезекші оператордың дауысы естілді: «Сағат 14:00-15:00 аралы­ғын­да! Байсейітова 12/1! Бай­се­йітова 12/1! 4-ші кіреберіс алдында тұрған 100 мың теңгелік тау велосипеді ұрланды!». Сарыарқа ауданына жауапты оператор жылдам сол аймақты камерадан тауып жазбаны қарап шығады. Сөйтсе, хабарласқан әйел қателесіп, вокзал жақта велосипед сатып тұрған жігіттің тауарын бірнеше күн бұрын ұрланған өз велосипедіне ұқ­сатыпты.
Сағат кешкі 17.00-ден бас­тап, үш сағат бойы Жедел басқару орталығында отырдым. Алайда, қала – қауіпсіз, еш­бір бұзушылық байқалмады. Қош, сонымен, түнгі ауысымға қалатын кезекші операторлармен қандай да бір қылмыс ашылып жатса, бізге хабарласатын болып келістік. Айтқа­нымыздай, таңертең полиция қызметкерлері телефон соқты: 31 наурыз күні таңғы 5 шамасында кезекші инспектор, полиция аға сержанты Дулат Қасқарбаев бейнебақылау камерасын шолып отырып, белгісіз біреудің Уәлиханов пен Иманов көшелері қиылысындағы тұрақта тұрған автокөліктің дөңгелегін шешіп жатқанын байқап қалады. Оқиға жөнінде полиция сақшыларына шұғыл хабар беріледі. Нәтижесінде 32 жастағы ер адам құрықталып, Алматы аудандық Ішкі істер бас­қармасына жеткізіледі. Қа­зір­гі күні тергеу амалдары жүріп жатыр. Жәбірленуші көлік иесіне өз мүлкі қайтарылып берілді.
Осы тектес оқиғалардың жиі орын алуына байланысты сақтық ретінде Жедел басқару орталығының қызметкерлері машина салонында бағалы заттарды қалдырмауға, көлікті күзеті бар автотұраққа қоюды және көлікке дабыл белгісін орнатуға кеңес береді.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды