«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қауіпсіз әрі жайлы болсын десек…

0 86

Астана қаласы Ішкі істер департаментінде өткен жедел кеңесте  Қазақстан Республикасы Бас прокуроры мен қала әкімі бекіткен «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық» жобасы талқыланды. 

2323211ts

Бұл жобаның мақсаты – қала аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, бүкіл әлем көз тігіп отырған «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көрмесінің ойдағыдай өтуіне барынша атсалысып, оған келетін қонақтардың алаңсыз болуы үшін жасалып жатқан жан-жақты дайындық шараларын үйлестіру болып табылады. Осы бағытта полицияның алдында үлкен міндеттер қойылып отыр. Сондықтан, қазірден бастап мем­лекеттік органдардың күшін бір жүйеге біріктіріп, тұрғындар арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын жүргізу маңызды» деді өз сөзінде Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров.
Жобаны жүзеге асыруға он жеті мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор қатысуда. Қазір олар елордада тұрғындардың уақытты қауіпсіз де жайлы өткізуіне мүмкіндік беретін 6 басты бағыттағы 172 іс-шара кешенін ұсынып отыр. Мәселен, «Қауіпсіздік» бағытына қоғамдық тәртіп, төтенше жағдайларды болдырмау немесе оның салдарын жоюға шұғыл дайындық шаралары, экономикалық, санитарлық қауіпсіздік, тағы да басқа мәселелер кірсе, «Жайлылық» бағытына сапалы қызмет көрсету, туристік жайлылықты орнықтыру, тағы басқа да шаралар енгізілген.

Міне, осының барлығын халыққа жеткізу, кеңінен насихаттау, талдау жасау бағытындағы жұмыстарға басшылық жасау үшін қоғамдық аудит ретінде көпші­лікке танымал азамат, блогер Мұрат Әбенов тартылып отыр.

Бағдарламаның толық орындалуы бағытында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталған Астана қаласы Жергілікті полиция бас­тығының міндетін атқарушы Ғосман Жақин 2017 жылдың 15 наурызынан 1 мау­­-сымға дейін елордада ішкі істер органдары, мемлекеттік кіріс, қыл­мыстық атқару жүйесі, тұрғын үй инс­пекциясы қыз­­меткерлерінің қатысуымен «Учас­ке» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Оның негізінде қалада 1089 пәтер есепке алынған. Міндетті салық төлеу­ден жалтарып келген – 440, жеңіл жүріс­тілерге жалға бері­летін 12 пәтер анықталған.

Белгіленген тәртіпке сәйкес, лаңкестікке қарсы алдын алу шаралары бағдарламасында барлық нысандарға бейнекамералар орнатылып, ондағы жазбалардың сақталу мерзімі отыз тәуліктен кем болмау керек. Міне, осы бағытта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа қатысты 241 нысан тексеріліп, оның жартысынан көбіне жұмыс­тарын жолға қою жөнінде ұйғарым шығарылды. Жедел кеңес жұмысына Астана қаласының прокуроры Болат Дембаев қатысып, көтеріліп отырған мәселелерге орай өзінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Полиция қызметкерлері «Ел­ор­­дадағы қауіпсіздік пен жай­лы­­лық» жобасы аясында алдағы уа­­қытта да халықпен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істейтін болады.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
«Астана ақшамы»

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды