«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қатыгез ана қайдан шықты?

0 551

Екі күн бұрын теледидардағы жаңалықтардан өзінің мүгедек қызын ұзақ жылдар бойы қорлап, жәбірлеп келген қатыгез әйелге соттың қатал үкім шығарғанын көрдім. Не деген айуандық десеңші?! 14 жастағы қызын үйде қамап ұстап, аяусыз ұрып-соғыпты. Басы жарылған, құлағы жұлынған, тізесінің буындары сынған жасөспірімді қаншама күрделі ота күтіп тұр. Жазықсыз жасөспірімнің жазылмас жан жарасын кім емдейді? Ана деуге аузың бармайтын айуан әйел соттан өзін ақтауды өтінді.


Ал кеше Жетісайдағы жауыздық әшкере болды. Үш қыз баласын аяусыз азаптаған өгей ананың қылмысы жұрттың жағасын ұстатты. Бұл қылмысқа қатысты ақпаратты әуелі Facebook әлеуметтік желісін қолданушылар таратты. 16, 13 және 12 жастағы қыз балаларды 28 жастағы өгей анасы асқан жауыздықпен қорлаған. Қорғансыз балалардың тырнағына ине тығып, тілі мен еріндерін тістеуікпен тартқылап, денесінің әр жеріне пышақ, қайшы сұғып, суық суға отырғызып немесе тоңазытқышқа қамап қойғаны нағыз жауыздық, қанішерлік емей немене?!. Оған қоса, гель қосылған шай ішкізіп, аш-жалаңаш ұстағаны белгілі болды. Соғыста тұтқынға түскендерді фашистердің өзі бұлай қорламаған шығар?! Бұл масқараны балалардың әкесі білмес үшін, әлгі әйел күйеуінің шайына ұйықтататын дәрі қосып беріп отырған.
Балалардың денесіндегі ісіктерді көріп, полицейлерді шақырған мектеп мұғалімдері болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан соң, құқық қорғаушылар қатыгез әйелді қамауға алды. Қылмыс­тық кодекстің 140-бабы 2-ші тармағына сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қылмысты Ішкі істер, Білім және ғылым министрлігі, Бас Прокуратура өз бақылауына алды. Балалардың өгей анасын ғана емес, әкесін де ата-аналық құқынан айыру мәселесі қарастырылуда. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың тапсыр­масымен министрдің кеңесшісі Райса Шер Түркістан облысына сапарға аттанды. Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бо­йынша, қорланған балаларды әжесі өз қамқорлығына алған. Қазір олар Жетісайдағы аудандық ауруханада ем-дом қабылдауда.
Шыны керек, қазір айуандыққа да етіміз өліп барады. Әр бала біздің болашағымыз дейміз. Ендеше, неге заңымызды қатайтып, балаларды азаптаған адамға өте қатаң жаза (өлім жазасы немесе өмір бойы түрмеге қамау) қолданбаймыз? Сонда мүмкін бір қылмыскердің өлімі өзгелерге сабақ болып, төбе шашыңды тік тұрғызатын жауыздық қылмыстардың жолы кесілер ме еді?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды