«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жетістікке жеткісі келетін адам оның жолын іздейді және табады

0 19

Президент алдымен елордалық отбасыларға «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік қызмет көрсететін «Жанұя» орталығының жұмысымен таныс­ты. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атау­лы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы жайында кеңес алуға болады.Орталықтың бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймақтарында іске асыру керек екенін айтты. Сонымен қатар Президент орталықтың базасында іске асып жатқан «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен де әңгімелесті.
– Біздің елімізде жұмыс істеп, жетістікке жеткісі келетін адам оның жолын іздейді және табады. «Іздеген жетер мұратқа» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елордадағы №23 орта мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсыр­малардың орындалуы туралы баяндады. Қала басшысы биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 10 мың орындық 12 мектеп пайдалануға берілетінін мәлім етті.
Мемлекет басшысына елорда тұрғындарының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсыр­маларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп барын, осы мәселені шешу үшін жыл сайын 12 мектеп салу қажеттігін жеткізді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын да хабардар етті.
Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әң­гі­мелес­ті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп­тің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.
– Бұл – іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады, – деді Мемлекет басшысы. «Astana Ютария Ltd» өндіріс­тік-инновациялық компаниясына барған Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби тігін жабдықтарын құрастырумен әрі жеткізумен айналысатын, арнайы киімдер мен басқа да тұрмыстық және техникалық бұйымдар шығаратын мекеменің жұмысымен танысты. Бұл фабрикада 460 адам жұмыс істейді, соның ішінде 45-і халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.
Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорттық әлеуетіне назар аударды. Мекеме қызметкерлерімен әңгімелесу барысында олардың еңбегінің еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсететінін және осындай жандар үшін жұмыс орындарын ашатын мекемелерге әрқашан көмек беретінін айтты.
– Сіздердің фабрикаларыңызды үлкен қызығушылықпен аралап шықтым. Шын мәнінде, бұл – қажетті әрі озық өнім шығаратын және жақсы жабдықталған әлеуметтік-жауапты кәсіпорын. Ең бас­тысы, мұнда сіздер сияқты ісмер адамдар жұмыс істейді, – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды