«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр

0 46

Үкіметтің кеңейтілген отырысын ашып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеу­меттік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Президент қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін тілге тиек етті. Атап айтқанда, экономикалық өсім 4,1 пайызды, инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,4 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция қор көлемі 11,7 пайызға өскен.

 Отырыста баяндама жасаған Үкімет басшысы Асқар Мамин жыл басынан бері ең төменгі жалақы 1,5 есеге, орташа айлық жалақы 9 па­йызға, тұрғындардың табысы 5,5 пайызға өскенін мәлім етті. Ол тұрғын үйлердің қолжетімділігін кеңейту үшін жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқынсыз жалға берілетін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы баспананың саны 3 есеге, яғни, жылына 3 мың пәтерге дейін көбейгенін жеткізді. Сондай-ақ халықтың тұрмысы төмен топтарының өкілдеріне жалға берілетін үйлердің құрылысы жылына 20 мың пәтерге дейін ұлғайған. Премьер-министр мұндай шаралар 500 мыңнан астам адамның тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жол ашатынын қадап айтты.

Қорғаныс министріне –қатаң сөгіс

Отырыста сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының – 44 494, одан басқа Ақдала ауылының – 4324, Қожатоғай ауылының – 4232, Дермене ауылының 2052 тұрғынына 100 мың теңгеден бір реттік өтемақы төленетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Арыстағы апат кезінде халыққа қолдау көрсеткен ел азаматтарына, мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес ұйым­дарға, өңірлерге, отандық бизнес пен шетелдік инвес­торларға айрықша алғысын білдірді. Президент Қорғаныс минис­трлігіне әскери қоймаларды көшіру жұмыстарын тездетіп аяқтауды тапсырды. Әскери ведомствоның тарапынан бақылауды әлсіреткені және қанағаттанарлықсыз істері үшін Қорғаныс минис­трі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс берді. «Қазір арнайы комиссия жұмыс істеуде. Оның жұмысының қорытындылары бойынша, Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесіне барлық кінәлілерді қатаң жазалау жөнінде ұсыныс айтыңдар. Соның ішінде, халық қоныстанған елді мекенге жақын жерден қойма салуға рұқсат берген азаматтық мемлекеттік қызметшілердің де жазасы қатаң болады. Барлық кінәлілер жазалануы тиіс» деді Қасым-­Жомарт Кемелұлы.

Бизнеске көмектеспесең жазаланасың…

Президент басқосуда бірқатар аса маңызды мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын түсіндіріп берді. Мәселен, ол бизнестің дамуына жәрдем бермегендердің түрмеге түсетінін мысалмен жеткізді. «Кейбір елдерде бизнеске тосқауыл қойған шенеу­ніктер түрмеге жабылады. Заңнамаға осындай түзету енгізуді тапсырамын» деді әлемдік тәжірибені мысалға келтіріп. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік идеясының беделі түсіп қалғанын, екінші жағынан бизнестің осы жобаны өз мақсаттарын іске асыру көзіне айналдырғанын ашық сынады. Парақорлықпен емес, іскерлікпен айналысуға үндеді. Шетелдік инвесторлардың кейбір әкімдердің жебірлігіне шағымданатынын айтты. Бұл жұмысты құрдымға жіберген әкімдердің елге сіңірген еңбегі мен жұмыс тәжірибесіне қарамастан, жазаланатынын жеткізді.

АӘК алу үшін ажырасу, жұмыстан шығу көбейген

Президент халықтың табысын өсіруге қатысты мемлекет нақты қадамдар жасағанын тілге тиек етті. Атаулы әлеуметтік көмектің критерийлері өзгерді. Соған қарамастан, мәселелер жойылмай отыр. «Осы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін кейбір адамдардың өтірік ажырасып, жұмысынан шығып, малын сойып жатқанын жұрт аңыз қылып айтып жүр. Бір кездері мемлекет өзі асырайды деген түсініктегі адамдар көп болған. Сол себептен Үкімет бұл көмекті кімдер алатынын нақты бекітуі керек» деп түсіндірді.
Бұл сауалға жауап берген Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев АӘК-ке нақты мұқтаж отбасылар ғана алатынын айтты. Ол үшін 6,8 млн-нан аса қазақстандықтың әлеуметтік картасы жасалған. Сол карта арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша ақпарат беріліп, АӘК-ке нақты мұқтаж жандар анықталады. Министр 2020 жылға дейін әлеуметтік ID-карталар қолданысқа енгізілетінін хабарлады.

Өзін жарты патшадай сезінетін әкімдер бар

Президент жергілікті жерлерде инвесторлармен жұмыс істеудегі ұлықтардың іс-әрекетін қатаң сынады. Оның пайымдауынша, инвес­торлармен кездесуге барған әкімдер өздерін жарты пат­шадай сезінеді. «Әкімдер инвес­тиция тартумен айналысуы керек. Кейде теледидар қарап отырып, Сіздердің шетелдік кәсіпкерлерді, инвесторларды қалай қабылдайтындарыңызды көремін. Өздеріңіз үстелдің басына отырып алып, инвесторларды үш, төрт метр жерге отыр­ғызып, өздеріңізді бейне бір князьдардай сезінесіздер!» деп дүрсе қоя сөйледі Қ.Тоқаев.
Ол әкімдерге Ли Куан Ю-дің «Үшінші әлемнен біріншіге көшу» атты кітабын оқуға кеңес берді. Ол кітапта автор Сингапурге инвестор тартудағы өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліседі. «Сіздер үстел басында шалқайып отырмай, сол Ли Куан Ю сияқты жұмыс істеулеріңіз керек» деп ескертті Президент.

«Болашақ» 45 жастағыларға арналған бағдарлама емес

Мемлекет басшысы Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрліктеріндегі вице-министр деңгейіндегі сая­си қызметшілердің жұмысын доғарып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кеткенін абсурдқа теңеді. Президентке жеткен ақпарат бойынша, қызметкерлер өз басшысына келіп: «Мен «Болашақ» бағдарламасына өттім, оқуға жіберіңіз» дейді екен. «Олардың орны бір жылға де­йін сақталады. Ал оның орнына жаңа вице-министрлерді бір жылға тағайындайды. Аналар оқудан келгенше отыра тұр дегендей! Бұл нағыз абсурд қой? Сонда қызметкерлердің сабақтастығы, институционалдық жады деген қайда? Президент Әкімшілігіне «Болашаққа» қатысты талаптарды өзгертуге тапсырма беремін. Саяси қызметшілер мемлекеттің есебінен білімін жетілдірсін деген қайдан шыққан?!. Олар өзінің бос уақытында оқысын» деді Қ.Тоқаев.

Еңбек құқықтары басты назарда болуы тиіс

Президент ел азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. 4 шілдедегі Атыраудағы оқиғаға орай, Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп, шешуді тапсырғанын мәлім етті. «Асқар Ұзақбайұлы, осы жағдайды егжей-тегжей зерттеңіз, соның ішінде жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақысына байланысты сараптама жасаңыз. Егер инвес­торлармен жасалған келісімшарттарға өзгертулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібінде ұстау қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес, түсінемін. Дегенмен, бұл мәселені шешу қажет. Себебі ұлттық мүдделерді қорғау – барлық мемлекеттік органдардың бас­ты мақсаты!» деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, қазақстандық мамандар мен жұмысшылардың тиісті біліктілікке ие болуына, олардың еңбек тәртібін сақтауына баса назар аудару қажеттігін ескертті.

Қарыздық жүктемені төмендету – біржолғы шара

Халықтың белгілі бір әлеу­меттік топтарына қарыздық жүктемені төмендету шаралары жөнінде Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев баян­дады. Оның мәліметі бойынша, мәліметтер базасын тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Шілде айының соңына дейін Проблемалық несиелер қоры банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен келісімдерге қол қояды. Айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты мәселе тамыз айының басына дейін толық шешіледі. «Бұл – біржолғы ғана шара. Алдағы уақытта мұндай қадамға бара алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Сондықтан бастаған істі соңына дейін жеткізейік» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасының сөзіне түсінік беріп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды