«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қасиетті қазақ елі

0 27

Қала күні «Жетісу» саябағында шетелде тұратын қандастардың қатысуымен оpen air форматында  «Қасиетті Қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтті.

Шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов сөз алып, жұртшылықты астана күнімен құттықтады.
– Халқымызда «өткенді еске алмаған елде болашақ болмайды» деген дана сөз бар. Бәріміз өткенімізден өнеге алып, тарихтан тағылым түйіп, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді дәріптеп, тәуелсіздігімізді асқақтата білсек, алар асуымыз биіктей береді. Халқымыз табиғатынан өнерге жақын. Әлемде басқалардан ұлттық болмысымен, ғажайып дәстүрімен, бекзат өнерімен ерекшеленеді. Бүгінгі фестивальде қазақтың жыры мен ән-күйі шалқымақ, – деді.
Сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрыс­беков те жиылған қауымға ізгі тілегін білдіріп: «Елбасы саясатының арқасында 27 жылда 1 млн қазақ елге оралды. Бүгінде тағы да 1 млн қандасымыз елге ораламыз деп ниеттеніп отыр. Бірақ біз оларға тиісті жағдай жасауымыз керек. Әр келген отбасыны жұмыс және баспанамен қамтамасыз етуіміз қажет. Соның төңірегінде 2 жобаны бастадық. Біреуі – Нұр-Сұлтан қаласының жанында, екіншісі
Сарыағаш ауданында жүзеге асады» деді ол.
Фестиваль төрт аталым бойынша ұйымдастырылды. Байқауға қатысуға 10 елден 50-ге жуық өнерпаз келді.
«Мүшәйра» аталымында Қытайдан келген ақын Қабылбек Қажыкенұлы топ жарды. «Терме» сайысында өзбекстандық Бауыр­жан Ермекбаев басқалардан озық шықты. «Халықтық-қолданбалы өнер» аталымында бірінші орынды Қытайдан келген шебер Бадиға Бағдалқызы иеленді. Ал ұлттық әнді орындауда ресейлік Күлжиян Қапышеваның бағы жанды. Байқаудың сыйлы қонағы болып қатысқан елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Еңбек Ері Айман Мұсақо­жаева жеңімпаз атанған жастарға өзі басқарып отырған оқу ордасынан білім алуға тегін грант бө­летінін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды