«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарызы неге жалған?

0 15

Салық төлемдерін уақытында аударып отыру – әрбір азамат пен мекеменің міндеті. Еліміздің кейбір азаматтарына 15 жыл (!) бойы салықтың қарызын төлемегені туралы хабарлама келеді екен. Жыл сайын оған өсімақы қосылып отырады. Ал олардың көпшілігі жеке кәсіпкер емес, қарапайым адамдар екені анықталған.

Сөйтсе, Мемлекеттік кіріс комитеті өсімақының 7 млрд теңгесін осылай айналдырып отырған көрінеді. Мұндай былық-шылықтарды кеше Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палатаның төрағасы Нұрлан Нығматулин жайып салды.
«Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегі бойынша, елімізде азаматтық тұлғалардың салық (КТС, ҚҚС, ӘС) бойынша 700 млн теңге қарызы бар. Алайда мұндай салықты тек заңды тұлғалар ғана төлейді. Сіздер ол қарызды 15 жылға жазып, жыл сайын өсімақыны қосып, есеп бересіздер. «Халық салығын төлемейді! Өсімақы өсіп жатыр!» деп ұялмай қағаз толтырасыздар!» деп шүйлікті Мәжіліс спикері Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділовке. Құзырлы министрлік өкілі шынында да 16 мың адамның азаматтық тұлға екені анықталғанын растады. Ол Қаржы министрлігіне мәліметтер жіберетін өзге мемлекеттік органдарды кінәлады. 2019 жылдың 1 мамырына дейін әлі 30 мыңнан аса мәліметтердің түзетілмегенін мысалға келтірді.
Айтпақшы, өткен жолы депутат Шәкір Хахазов сауал жолдап, Нұр-Сұлтан қаласының бір тұрғынына 200-ден аса автокөліктерінің салығын төлеу туралы хабарлама келгеніне жағасын ұс­таған. Ал Қарағандыда бір зейнеткер­дің 22 жыл бұрын сатқан көлігіне 46 267 теңге салық қарызы келген. Жерге, жер учас­кесіне, жылжымайтын мүлікке қатысты да мұндай былықтар жетерлік. Кім кінәлі? Мемлекеттік органдар ма? Сон­да салық бойынша кешірім жасау со­лар­­дың өздеріне керек болып отыр ма?
Байыбына барсақ, мәлі­меттердің ала-құлалығына, салық қарызы туралы жалған ақпаратқа мемлекеттік органдардың өздері кінәлі екен. Мысалы, Қазақстанда тіркелген
4 млн-нан аса автокөліктің 1 млн-ының тіркеуіне қатысты деректерде қателіктер кездескен. ІІМ мен Қаржы министрлігі бұл жұмысты 2019 жылдың соңына дейін онлайн-тәртіпке көшірмекші. Нұрлан Нығматулин заң қаржылық қызметті тұтынатын адамдарды қорғау қажеттігін қадап айтты. Айтпақшы, Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында ломбардтардың, несиелік ұйымдардың қызметін реттеу мәселесі енгізілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды