«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАРЫЗҒА БАТПА, СТУДЕНТ!

0 23

Қазір әлеуметтік желіде «Vulkan», «Лохотрон» сияқты «аз ақша сал да, еселеп ақша тап» деп ұрандайтын ойындар көбейді. Ойын тәртібі бойынша алдымен нақты ақша салып, соңынан «пайдасын көретін» бұл ойындарға соңғы кездері студент жастар көбірек үйір болып жүр. Ойынға салатын ақша таппай қалғанда, қолындағы кәдеге жарайтын ноутбук, телефон, сағат сияқты бұйымдарын ломбардқа өткізіп жүрген студенттер де жоқ емес.

Айтқан сөзімізге мысал ретінде мына бір жағдайды баяндай кетейік. Құрбымыз­дың ноутбугын тапсырма орындауға керектігін айтып дос қызы екі күнге сұрап алыпты. Бірақ үш-төрт күннен кейін қайта сұрағанда «жоғалтып алдым», «ұрлап кетті» деп сылтауратыпты. Бұған сенбеген құрбымыз сұрастыра келе, оның әлеуметтік желідегі ойынға алданып, соған ақша салу үшін 150 мың теңге тұратын ноутбукты 35 мың теңгеге ломбардқа өткізіп жібергенін білген. Сонымен құрбымыз әлгі қыздың ата-ана­сына және мұғалімдеріне айтып жүріп, ноутбугын әзер қайтарып алды. Әрине, бұл ішінара жағдай болғанмен, студенттер арасында ломбардтан ақша алу бұл күнде әдеттегі іске айналды.

Студенттер ақшадан қысылса ломбард жағалайтынын ондағы қызметкерлер де жасырмайды. «Студенттер ұялы телефондарын, ноутбуктарын, бағалы заттарын әкеледі. Біз сол зат бағасының 30 пайызын береміз. Тұтынушымыз 5 күннен 30 күнге дейінгі аралықта кепілге қойған затын қайта қайтарып алуға тиісті. Егер уақытында төлей алмаса, заты қайтарылмайды» деп жағдайды түсіндірген Гүлмира Ахметова есімді ломбард қызметкері студенттердің бұлай қарыздануының себебін де тілге тиек етті.

«Қазіргі жастарда білімге деген ынтадан гөрі сән қуалауға деген іңкәрлық басым. Сосын да олар iPhone сияқты қымбат телефондарды ұстағысы келеді. Сауық-сайран орындарына барып көңіл көтеруді қалайды. Әрине, «тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады» дегендей, ата-анасы берген азын-аулақ тиын-тебен мен шәкіртақыларын үнемдеп жұмсамаған соң түкке жетпейді. Содан ақшадан қиналғанда ломбард жағалайды. Ұтыс ойындарына алданып, ақшасын босқа шашып жүрген студенттер де жоқ емес» дейді ол өз байқағанын жа­сырмай.

Ломбард қызметкері сөзінің жаны бар. Біздің білуімізше, ата-аналардың көбі баласының қажетіне қаражатын толықтап береді. Алайда осы қаражатты орынсыз жұмсап, қарызданып қалып, қолындағы заттарын аз ақшаға бола ломбардқа салып жіберіп, кейін «жоғалтып алдым» деп ата-­анасын шығынға батырады. Кемінде бағасы 70-80 мың теңгеден жоғары тұратын телефон, ноутбук сияқты бұйымдарын небәрі 30 пайыздық бағамен ломбардқа қойып, кейін оны қайтарып алатын ақша таппай, затынан айырылып қалатын жағдай үнемі болмаса да, төңірегімізден төбе көрсетіп қалып жүр. Орынсыз жерден қарызданып қалып, оны ата-анасына айта алмай, ақша табу үшін күндік жұмыс істеп, сабағын ақсатып немесе сабақты қалдырғаны себепті оқудан шығып қалатын студенттер де кездеседі. Әрине, студенттердің қарызданып қалуын олардың сән-салтанат қуып немесе желідегі ұтыс ойындарына ақша салуынан ғана көруге болмайды. Тұрмыстағы ұқыпсыздық, ақшаны бейберекет шашатын ысырапшылық әдет те себепкер екенін айта кеткен жөн.

Түйіндеп айтсақ, студенттер арасында белең ала бастаған бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Жақсы ұрпақ тәрбиелеу – ата-ана, оқу орындары және қоғамдық ортаның ортақ міндеті. Сондықтан ломбард жағалаған студенттерді анықтап, олардың орынсыз шығынға ұшырауының алдын алуға құқық қорғау орындары да атсалысып, заңды түрде тыйым салғаны орынды болар еді деп ойлаймыз.

Арайлым ӘМІРБЕКҚЫЗЫ,
Аружан ТҰРҒАНБАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды