«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарызды қалай өндіріп алуға болады?

0 103

Біреуге қарызға ақша беріп, ала алмай жүрсіз бе? Немесе алдын ала төлем жасағаныңызбен, сізге дұрыс қызмет көрсетілмеді ме? Толық атқарылған жұмысыңызға еңбек­ақы төленбеді ме? Оны өндіріп алудың жаңаша жолдары қандай? Міне, осы мәселелер төңірегінде заңдағы кейбір өзгерістерді әңгімелеген маман мақаласын ұсынамыз.

Кейінгі кезде пиғылы теріс, ойы бөтен адамдардың алдауына түсіп қалып, қарызын қайтара алмай жүрген адамдар аз емес. Олардың көбі алаяқтардан ештеңе өндіре алмайтынын сезген соң, істі жылы жауып қойып жататыны да бар. Міне, заман талабына орай осындай адамдардың үмітін оятатын мүмкіндіктер туып отыр.
Бұдан былай, қолыңызда бо­рышкердің қарыздарын дәлел­дейтін нақты құжаттары­ңыз болса, әрі құқыңыздың бұзыл­ғанына үш жыл өтпесе, алашағыңызды өндіріп алу үшін нотариустардан атқарушылық жазба алуыңызға болады.
Атқарушылық жазба дегені­міз не? Бұл – ақша немесе басқа да жылжымалы мүлікті дау­­сыз талап еткен қарыз өндіру­ші­­нің шағымы бойынша сот отырысынсыз, борышкердің қатысуынсыз нотариус ­бере­­­тін құ­жат.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес атқарушылық жазба немесе тиісті қаулы негізінде мынадай даусыз талаптар бойынша:
нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттемені;
орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразы­лыққа жауапта мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені;
нотариус жасаған, төлем жа­­салмауына, акцептінің болмауына және акцепт күнінің белгіленбеуіне вексель наразы­лығына негізделген міндеттемені; лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап етуді; ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдануды;
қосымша шығыстарды өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау­ға арналған міндетті шығыс­тарға қатысудан жалтаратын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті;
төлеу мерзімі басталған, жария шарттар негізінде нақты тұтынылған көрсетілетін қыз­меттер (электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары) үшін, сондай-­ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті;
жалдау төлемдерінің жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты берешекті;
жұмыскерге есепке жазылған, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдер жөніндегі берешекті өндіріп алуға болады.
Атқарушылық жазба жаса­ғаннан немесе тиісті қаулы шығарғаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге олардың көшірмесін табыс етеді немесе жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, борышкердің электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе белгілі тұрғылықты жері бойынша жібереді.
Борышкер атқарушылық жаз­баның немесе тиісті қаулының көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған немесе тиісті қаулыны шығарған нотариусқа қойылып отырған талаппен келісетін, келіспейтіндігін жазбаша түрде мәлімдеуі тиіс.
Бүгінгі таңда атқарушылық жазба – даусыз сипаттағы талаптардың жедел әрі тиімді шешілуін қамтамасыз ететін айырықша құқықтық тәсіл екені дәлелденіп отыр.

Салтанат ЖОЛАМАНОВА,
Астана қаласының
нотариусы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды