«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаруы қалам еді

0 14

Бүгін мен не дейін… Өзімнің таянышым да, тынысым да, аяулы жарым Амантайдан ажырап қалғаныма, міне, қырық күн де болып қалды. Жаным жүдеу. Жер бетіне сыймай жүргендеймін. Елеңдеп, елегізіп, егілемін. Артында қалған өлмейді деуші еді. Бәрі рас. Тірі адам тіршілігін жасайды екен ғой.

Мен оны іздей беремін. Менің қалған ғұмырымда тек Амантай ғана жетпейтін болды.
Менің Амантайдан аларым, білмейтіндерім әлі көп-ақ екен. Кей сәттерде бірдеңе сұрағым келіп бос орнын сипап, жаутаңдап қаламын.
Сөйтіп, күндерім осылай өтіп жатыр…
Тап қазір неше түн кірпік ілмей өткізген түндерім мен күндерімнің минутын сағатқа, сағатын тәулікке жалғап отыр­мын. Білмеймін, келер сын-сағаттар қалай болар екенін. Әр күнімді саған деп арнап Құран бағыштаумен өткізіп жүрмін. Білемін, сен қиналып кеттің. Қатал тағдырдың толқынының екпініне шыдамадың, сағынышым-ау!
Біз қосылғалы, міне, биыл 40 жыл. Үй болдық. Бала сүйдік. Амантайдың ата-анасы ерте дүниеден өтіпті. Екі бауыры бар екен, қашанда қасында болды.
Өмір өз жолына салып ілгері жылжи берді. Е.­Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алып шықты. Еңбек жолын өзінің туған ауылында ұстаздықтан бастаған ол кейін журналистік салаға ауысып, қызмет етті. Пәтер жағаладық 12 жыл. Балаларды өсірдік, оқыттық. Шүкір дедік. Айлықтың өзі шайлыққа жетер-жетпес болып жатқан кездер де болды. Қиындықтар көп кездесті жолымызда. Осының бәрінен екеуміз қол ұстасып жүріп шығып жүрдік. Бір-бірімізге деген пәк махаббаттың адалдығы жолында алаңсыз күй кешкен күндер мен түндер қанша еді.
Амантай Әбілұлы асыл азамат еді. Ол өмірге өте құштар болды. Қызмет етіп жүріп жұрт қатарлы пәтер де алдық. Басына түскен қиындықтан мойымайтын, қайтсем осыларға «жоқ» дегізбеймін деп жанталасып жүріп бізді талай қиындықтан алып та шықты. Амантай қырық жылда маған бір қабақ шытып, «әй» деп, болмаса «мен» деп кеуде қағып сілкінудің не екенін білдірмей кетті ғой.
Амантайдың аңқылдаған ақкөңіл пейілінің өзі қандай еді. Сағындым. Сағына да беремін. Ол сағымдай сарқылмас сағыныш қана тастап кетті маған. Амантайдың қаруы қаламы еді. Күндіз-түні жаза берді, жаза берді. Сөйтіп жүріп талай биіктерден де көрінді. Амантай қатты ауырды, дәрігерлер «төрт-ақ ай ғұмыры қалды» деген, Алланың шарапатымен халықтық ем алып жүріп, қызметтен де қалмады. Ортамызға қосылып, сол баяғы тіршіліктің жетегіне қайта ілестік. Амантайдың ақындық қабілеті де бір өзіне жетерлік-тін. Ол төрінен мейман кетпеуін қалап тұратын. Сондай күндердің бірінде, әсіресе, менің туған күнімді думандатып өткізуді қалап отыратын, сөйтіп, бар жақсыны қасына жиып алып, «мен тілек айтпаймын ба?» деп, бар дауысымен: «Қатар жүрсем жүзгендеймін Жайықта,
Өткен күнге баға бер де, байыпта.
Отқа түсіп, суды кешкен мен үшін,
Жырласам мен сүйген жарды айып па?» деп менің де мақтауымды асырып отырушы еді. Жоқты бар, барды қанағат тұттық. Сол қырық жылда жиған-тергені болса, соның бәрі Амантай арқылы ғана асып-тасып жатты. Әнші болмасам да, менің жүрекпен айтып жүрген ән-жырым еді, Амантай! Отбасымыздың қашанда тыныш та үлгілі болуы жолында түзу бағыт беріп отырды.
Амантай үнемі жаза беретін. Оның әңгімелері мен публицистикалық мақалалары жергілікті және рес­публикалық газеттерде жарияланып жүрді.
Сондай-ақ Амантай Есілбайдың «Аманат» атты шежіре шығармасы, «Асылдың сынығы», «Өнегелі ғұмыр иесі» сынды кітаптары да жарыққа шықты. Ауырып қалатын аяқ астында. Амантай үш қайталап құлап-тұрды. Ем алып, сәл де болса қасымда жүргенін медет етіп жүрдім. Кейінгі кездері «Алла қиындықты көтере алатын пендесіне береді», бұл да бізге жіберген «сыны» шығар дегенді жиі айтып жүрді. Ол сыннан да өтіп жүрдік екеуміз. Қырық жылдың жиырма жылын аурумен алысып жүріп өткіздік. Бірақ, ертеңгі күнімнен тек «үміт» қана күтіп жүрдім. Екеуміз бір-бірімізден еш алшақтап көрмеппіз. Ол мені сыйласа, мен де оны сыйлап өттім. Ағайын, құда-жегжат, көрші-қолаңның алдында да Амантайдың өзіндік орны болды. Кейін осы бір дерт шаршатып жіберді ме, соның ырқына көніп бұл дүниенің бар қызығын айырбастап кете барды.
Сен өмірге құштар едің. Емделіп тағы бір сәт тұрып та, жүріп те кеттің. Сен отырған ортаның көркі болдың қашанда. Сенің ақылдылығың, ұқыптылығың, тіл байлығың қандай еді. Менің де, балалардың да сенен ала алмай қалған дүниелер көп екенін енді түсініп жатқандаймыз. Білмеймін… Сен менен, мен сенен алшақтамайтындай бір күш жүрді қасымда.
Соңғы кездері қиналып кеттің, сездіргің келмей миығыңнан күліп қойып, бірер сәт төбеге қарап ойланып жатып қалатынсың. Емделіп те жаттық. Мен де бәрін түсініп жүрдім. Аурудың салдарынан жұмыстан да алшақтап үйде отырдың. Бірақ, жаза бердің. Төрт қабырғаға сыймай кететін кездерде намаз сенің жолдасың болды. Біреу дүниеден өтіпті дегенді естісең, үнемі «е, Жаратқан бергенін алмай тынбайды ғой» деп жайнамазыңды жайып жіберіп, марқұмдарға дұға бағыштап барып, намазыңды аяқтайтынсың.
Сен жазуыңды жаза бердің, жаза бердің. Майы­рылып, қанатың талып отырып жаздың. «Амантай-ау, қоя қойсаңшы, ауырып қаласың ғой десем», «Тұрсын-ау, мен осы қалпымда жазу үстелімнің басында өліп кетсем арманым жоқ қой» деп барып, жатар орныңа қисаятынсың. Шынымен де, жазу үстелінде ең соңғы аяқталмай қалған қолжазбаң қалды. Жаның жүдеп, қалжырадың-ау, ауыр дерттің құрығы бой бермеді. Мен бірақ, қажымадым бір сен үшін. Қанатымен су сепкен қарлығаштай болып үнемі қасыңнан табылдым. Бірақ… бірақ, қайтейін. Қолымнан еш көмек бере алмадым ғой. Өкініш өзегімді өртеп тұр. Сенсіз біздің тірлігіміз қалай болар екен? Байлығымыз да, барымыз да тек сенімен толысып жатты емес пе, ардақтым-ау!
Сен барда ғана мен ешкімнен, ешқашан секем алып көрмеппін. Еркінсіп, еркелеп жүрдім. Сен үнемі маған «жарқырап киініп жүр» дейтін едің. Мен де сенің маған деген ықыласыңа риза болып, асып-тасып жүрдім. Енді бәрі бітті ме..? Екеуміз жыр етіп айтатын таусылмастай армандар қайда қалды? Сен мен үшін қол жетпес сағым болып кеттің бе? Таянышым да, тынысым да өзің едің ғой. Қайтейін?… Қарсы тұра алмадым мен Алланың ісіне.
Сен түнімен әңгімелесіп жаттың ғой кетеріңнен бір күн бұрын. Қалайша, не болғанын түсінбедім ғой. Әлде, қорқытқың келмеді ме мені…
Мамыр шағым қақ төбеден күн күлген,
Ұзақ жылға жалғасар деп жүрмін мен.
Жазатайым, қалғып кетсем, мәңгілік,
Оятарсың сүйіп алып ернімнен, – деген де жыр жолдарын қалдырыпсың. Мені осы бір шумақ сенің демің үзілер сәтке дейін жетелесін дедің бе, әлде осы ма еді жылдар бойы маған қолдау беріп келген, Амантайым-ау!
Жооқ, олай болмай шықты, әлде мен алдандым ба, сен оянбадың. Неге? Сағындым мен сені. Қара жер сені құшағына алғалы жаныңды ұққан жұртың да менімен бірге жүдеулі. Амантай, қалған ғұмырымда атыңды «тұмар» етіп алып жүремін, асқар тауым-ау!
Бір кездері газеттің тірлігімен жүріп, жыр жазуды да қойып кеттім, келер ұрпақ оқып жүрер жыр жолдарым қалып жатса, құба-құп қой деп отырушы едің ғой. Сондай кездерде жаздың ба екен:
Қиялыма ерік бердім, үзбедім,
Құлай сүйдім жақсылардың жүздерін.
Жиі-жиі қарайлаймын артыма,
Қалды ма деп өзіме тән іздерім, – деген де жыр жолдары қағаз бетінде өзіңнің өрнекті қаріптеріңмен теріліп қалыпты. Амантай, артыңда сені іздер туған-туыс, бауырларың, әріптестерің, жолдастарың және бір кездері шыныңды, сырыңды жазып бөліскен оқырмандарың бар. Ел-жұртың бар. Осы ғой сені сағынар іздерің.
Сенің іздерің балаларың мен немерелерің емес пе? Мен де енді осылардың ортасында отырып, солардың амандығы мен әулетіңнің терең бойлап тамыр тартуын тілеймін, сенің дауысыңды, күлкіңді, су сепкендей мезеттік ашуыңды сағынамыз, іздейміз. Мен сені ұмыттырмаймын оларға, ешқашан. Немерелеріңе жазулы қалған жырларыңды жаттатып, ұғындырып отырамын. Өзіңмен өткен жылдарымды сағынып өтермін.
Таусылмайтын сағынышым-ау,
Өндірісім – ауылым деп жырлап өтпеп пе едің.
Жыл құсындай бір соғатын өзіңе,
Ұшып жетем сағынышпен оралып, – деп те жазыпсың. Ұшырып алдым мен сені алақанымнан. Бақұл бол, Амантай!
Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын. Алла сені қараңғы жерінен қорқытпасын. Жұмақтың төрінен табылуыңа нәсіп еткей деп Құран бағыштап, тілек тілеу ғана келеді екен менің қолымнан.
Кім біледі, «үш құнсыз бар, соның бірі – жаның сүйген жарың» дейді екен қазағым. Егер де өзіңді ренжіткен сәтім болса, кешір жаным! Мен кештім, сені.
Ал сен менің өзіңе деген сағынышымды басар күндіз-түні таусылмас нөсерім боларсың.

Тұрсын СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ
Астана

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды