ҚАРТТАР ҚУАНҒАН КҮН

Кеше Астананың Есіл ауданында қарттардың бос уақыттарын өткізуге арналған шағын орталық ашылды. «Арман қала» тұрғын үй кешенінде орналасқан аудандағы осындай бесінші орын болып отыр. Салтанатты шарада қазақтың дәстүрімен шашу шашылып, қоныс құтты болсын айта келген қалалық Ардагерлер кеңесі бастаған түрлі ұйымдардың атынан сыйлықтар жасалды.

Шағын орталық екі бөлмеден тұрады. Қарттар онда шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, басқа да ойындарды ойнап, қатарластарымен туған күндерін атап өте алады.
«Қарттардың әрқайсысы өзінің қатарын іздеп тұрады. Мәселен, өзім 71 жасқа келдім. Далаға шықсам, тілдесетін, пікір алысатын қатарымды іздеп тұрамын. Осындай шағын орталықтар соған мүмкіндік береді. Қартайғанда құрбы-құрдаспен қау­қылдасып отырған бір ғанибет қой. Балалар жұмыста, немерелер балабақша, мектепте болғанда күні бойы жалғыз отырғанша, осындай ортаға келіп, сергисің. Қазір ауданымызда 8 Ұлы Отан соғысы ардагері, 280 тыл еңбеккері, ал жалпы алғанда 17500 қария тіркеуде тұр. Қазіргі шағын орталықтардың саны аздық етеді. Тағы 2 орталық ашуды жоспарлап қойдық. Соны биылдан қалдырмай іске асырсақ деп отырмыз» дейді
аудандық Ардагерлер кеңесінің төр­айымы Рысты Атығаева.
Аталмыш орталықтың ашылуына «ВІ GROUP» құрылыс компаниясына қарасты «Астана Жилсервис» ЖШС-нің көмегі тиді. Осыдан бұрын бұл серіктестік Алматы ауданында қарттарға бес орталық ашып берді. Болашақта олардың санын арттырып, балаларға арналған аула клубтарына да бет бұрмақ. Ол туралы серіктестіктің директоры Рустам
Айтжановтан білдік. Оның айтуынша, бұл жұмысты ширату үшін барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген тұрғынжайлар қажет.

Сонымен қатар

Отбасы – тәрбие бастауы

Адам үшін ең жақын әлеуметтік орта – отбасы. Отбасы – ізгі дәстүрдің, өнегелі мұралардың, салт-дәстүрлердің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған