«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарттар нені қалайды?

0 18

Нұр-Сұлтан қаласының Ардагерлер кеңесі қарттар мәселелерін шешуде бірқатар істер атқарып отыр. Әрине, біздердің өтініштерімізді толық қанағаттандырмайтыны белгілі. Ол үшін кеңестің қызметкерлеріне тынымсыз жұмыс жүргізу керек, оның өзінде мәселелер толық шешілмейді, өйткені барлық проблемалар бір ғана Ардагерлер ұйымына байланысты емес.

Мысалы, әкімшіліктегілерге өтініш жасайды, олардан көбінесе «жоқ» деген жауап алады да, мәселе шешілмей қалады. Біз кейде бұл кеңес қызметкерінің жауапсыздығынан ба деп ойлаймыз. Шындығында олай емес, ол – сол шенеуніктің мән бермеуінде. Соған қарамастан, кеңес қызметкерлері мәселелерді шешуде табандылық көрсете беруде.
Мен осы шағын мақаламда екі-үш мәселені көтергелі тұрмын. Біріншісі, бәрімізге де денсаулық керек. Оны сатып ала алмайсың, бірақ ғұмырымызды ептеп болса да ұзартуға болады. Геронтология деген ғылым бар. Бір кезде №4 емхананың жанынан геронтология бөлімшесі ашылды. Презентациясы да өтті. Бірде білейінші деп сол бөлімге бардым. Сонда маған дәрігерлердің айтқаны: «біз тек қана соғыс ардагерлерін ғана қабылдаймыз» деді. Сонда басқалар ұзақ өмір сүрмеулері керек пе? Негізі, геронтологиялық бөлімше қажет. Осындай орталық таяуда Тараз қаласында ашылды. Мейлі ол емдемей-ақ қойсын, консультативтік пункт ретінде болса да жеткілікті. Дәрігерлердің айтуынша, адам алты-­жеті қағиданы орындаса, ұзақ бақытты ғұмыр кешеді екен. Мысалы, таңертеңгілік жаттығу жасау керек. Ол ауруыңа сәйкес келуі керек. Оны кіммен ақылдасу керек, әрине, дәрігер маманмен. Ол маман емдеу-шынықтыру кабинетінде (ЛФК). Сол сияқты диетолог, т.б. мамандардан кеңес алғың келеді. Солар геронтология орталығында болса
құба-құп болар еді. Ондай кабинет мүмкін болмаса, маман дәрігерлердің кезекшілігін ұйымдас­тырса. Қарттардың көпшілігі белгілі бір аурумен диспансерлік есепте тұрады. Мысалы, мен жүрек-қан тамырларынан есептемін. Бізге тегін дәрілер берілуі тиіс. Оның өзін толық бермейді, жоқ деген жауапты аласың. Оның біразы емдеуші дәрігерің айтқан дәріге сәйкес келмейді. Амалсыздан жазып берген дәріні сатып аласың. Сонда кім ұтылады? Меніңше, Үкімет те, біз де ұтыламыз. Бір кезде, ұмытпасам, министр айтты-ау деймін: «керек дәрімен жазып берген дәрінің айырма бағасын төлеп, керек дәріні алуды кіргіземіз» деп. Ол қашан кіреді, әлде кірді ме? Білмеймін. Өзімнің білуімше, әрбір үйде кішігірім дәріхана бар. Мысалы, бүгін менің дәріханамда 30 керексіз дәрілер бар. Олай дейтінім, артық немесе пайдаланылмаған дәрілерді жинай береміз, сосын пайдалану уақыты өтеді де, қоқысқа тастаймыз. Тағы да кім ұтылады? Үкімет те, емделуші де. Мұны да шешуге болатын сияқты. Дәріхана керегінше ғана босатса немесе артық дәріні қабылдап алатын орын болса. Тіпті тегін тапсырар едік. Екінші мәселе – біздің қатарластарымыз­дың негізгі хоббиі еңбек ету. Біз соғыстың ол жақ, бұл жағында туғанбыз. Бала кезімізден еңбекпен өстік. Біздер әртүрлі мамандықтардың иесіміз, тәжірибеміз мол. Біз қоғамға әлі де пайда келтіре аламыз. Әрқайсымыз тым болмаса штаттан тыс кеңесші болуға жараймыз. Әр саланың басқармалары осы мүмкіншілікті пайдаланса, көп нәрседен ұтар еді. Соңғы мәселе – немере-шөберелерімізді тәрбиелеу. Ата-ана мен мектеп тығыз байланыста болу керек дейміз. Осы қағиданы орындаудың өз қиыншылықтары бар. Мектепке кіру проблема. Кіреберісте тұрған күзетші өзіңді тексеріп бітеді. Кімге келдіңіз, қандай сұрақпен деп әрі қарай жібермей әуре қылады. Мысалы, мен немеремнің достары кім, кімдермен ойнайды, кейбір ұстаздарымен кездесіп, сөйлес­кім келеді немесе асханадағы тамақты қалай ішіп жатыр, т.б. мәселелермен уақытым барда мектеп ішінде болғым келеді. Ешқандай ата-ана оқу процесіне кедергі жасамайды. Керісінше, ата-­аналардың мектепте жүруі балаларды тәрбиелеуге және оқуға жауапкершілігінің артуына оң әсер етеді деп ойлаймын.
Менің замандастарым, яғни зейнеткерлер немерелеріміз ресми тілде шүлдірлейді деп кінәлайды. Бұған біз де кінәліміз. Шетелдегі қазақ жастары біздің жастардан гөрі ана тілінде жақсы сөйлейді. Неге? Қоршаған ортасы басқа тілділер болса да, отбасында таза ана тілінде сөйлесетін көрінеді. Міне, осылай ана тілін сақтап жүрген көрінеді. Біз де осындай жолға көшкеніміз дұрыс. Үйде бұған ұйытқы біз болуымыз керек. Мен ардагерлерге ақыл үйретейін деп отырғаным жоқ. Көпшілігіңіз бұл жағдайды менен жақсы білесіздер. Алайда мән бермейміз. Менің ұсынысым – немере-шөберелерімізді ана тілінде сөйлеуге бейімдеу. Жалпы, ұлттық тәрбиені жандандыру өте қажет. Сонда тәрбие мәселесі­нің бәрі өздігінен шешіледі. Ардагерлер кеңесі мүмкіндігі келгенше осы мәселелерге мән беріп, әрекет етсе жақсы еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қалалық Ардагерлер
кеңесінің мүшесі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды