«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қариялар – қазыналар

0 37

Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы Халықаралық қарттар күніне орай «қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында мерекелік шара өткізді.

Байқоңыр ауданы әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп өткізген бұл мерекелік шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, республикалық, қалалық Ардагерлер кеңесінің жетекшілері, атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер қозғалысының белсенділері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев қарттар күнін атап өтудің мәні мен маңызына тоқталды. «Қарттар күні әлем бойынша 1 қазанда бір күн ғана аталып өтіледі. Ал Қазақстанда тек бір күнмен ғана шектелмей, ай бойы атап өтіледі. Біздің қарттарымыз, ардагерлеріміз құрметке лайық. Себебі олар бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады, елге еңбегі сіңді. Олардың өнегелі өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа тамаша үлгі» деді республикалық ұйымның өкілі. Осыдан соң, бір бөлім қарттарға Алғыс хаттар беріліп, сыйлық бұйымдар ұсынылған шараның соңы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы үлгілі оркестрінің концерттік бағдарламасына ұласты. Айта кетейік, Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп бекіткен болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды