«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарашада келген «Шабыт»

0 19

Кеше Астанада «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХІ халықаралық фестивалі­нің шымылдығы түрілді. Биылғы байқауға қатысуға 345 адам өтініш тапсырды. Соның жартысына жуығы – 163 талапкер Астананың атынан қатысып жатыр. Қатысушылардың арасында Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Ресей, Украина және Өзбекстан мемлекеттерінің өнерпаздары бар.

9 қарашаға дейін жалғасатын фестивальдің осы жылғы бағдарламасына «Классикалық музыка» (ағаш үрмелі аспаптар, мыс үрмелі аспаптар, соқпалы аспаптар, камералық ансамбль), «Халық музыкасы» (қобыз, прима қобыз, шертер, бас шертер, прима домбыра), «Эстрадалық вокал», «Хореография» (халық биі) және «Журналистика» (телевизия және интернет ресурстар) атты ішінара бірнеше секцияға бөлінген бес аталым енгізілді. Осының ішіндегі «Журналистика» аталымы алты жылдық үзілістен соң бағдарламаға қосылып отыр.
– «Шабыт» – елордамен бір уақытта дүниеге келіп, бірге өсіп-өніп, өрбіп, дамып келе жатқан фестиваль. Биыл Астаның 20 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойлап жатырмыз. Сол сияқты «Шабыт» та басынан айшықты тарихи кезеңдерді өткерді. Қаншама таланттарды танытты, – деді фестивальді салтанатты жағдайда ашқан Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын атап өткен ол Астана әкімдігі жастарды қолдау бағдарламасын әзірлеп жатқанын айтты.
Бір аптаға жуық уақыт 16-35 жас аралығындағы конкурсанттар «Астана» концерт залында, Қазақ ұлттық өнер университетінің залдарында, «Жастар» театрында, Бейбітшілік және келісім сара­йында өнер көрсетіп, іріктеу турларынан өтеді. Қорытындысында бас жүлде иегерлеріне – 350 мың теңге, бірінші орын алғандарға – 300 мың теңге, екінші орын үшін – 250 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге беріледі. Ал фестивальдің ең үздік қатысушысына Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы тапсырылады.
Бұған қоса, әрбір секция бо­йынша шараны ұйымдастырушы қалалық Мәдениет және спорт басқармасы арнайы сыйлықтар мен құны 80 мың теңгелік атаулы сыйлықтарды тапсырады. «Журналистика» аталымында атаулы сыйлық қазақ көркемсөзінің зергері, шындық шырақшысы Шерхан Мұртаза атында болады. Сондай-ақ осы аталымда «Sputnik» халықаралық ақпарат агенттігі және радиосы арнайы сыйлық тағайындады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды