«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарапайым заттар экономикасы

0 19

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының жанынан өңірлік жобалық алқасы құрылды. Оның қолдауымен қазіргі таңда елордада жалпы сомасы 7,7 млрд теңге болатын 4 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 5 млрд теңгеге тағы 10 жоба қаралып жатыр.

2019 жылдың басынан бастап қолда алынған аталған бағдарлама аясында мемлекет халық тұтынатын тауарлар, сондай-ақ шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдері өндірісін дамытуға 600 млрд теңге, несиелерді субсидиялауға 30 млрд теңге бөліп отыр. Сол арқылы қазақстандықтар күнделікті тұтынатын 82 пайыз импорттық тауар түрлерінің үлесін 59 пайызға дейін төмендету көзделген.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы тек қана ішкі нарықты сапалы ас-су, киім-кешек, жиһаз, түрлі бұйымдар мен тұрмыс­тық техникамен қамтамасыз етіп қоймай, сонымен бірге еліміздің ұлттық, азық-түліктік қауіпсіздігін арттыру, қарапайым заттарға деген импорттық тәуелділіктен арылу көзделген. Жалпы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша респуб­лика бо­йынша ең көп азық-түлік, қыз­мет көрсету, ауыл шаруа­шы­лығы өнеркәсібі кешені мен жеңіл өнеркәсіп жобалары қаржыландырылған. Ол, ең бірінші, қарапайым халық пен шағын және орта бизнестің мүддесін көздейді.
Айта кетейік, несиелеуде қарапайым заттар экономикасы саласында өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешені кәсіпорындарын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасында жетпей жатқан тұстары да бар. Мәселен, бизнес өкілдері жеңілдікпен қар­жыландырылатын экономикалық қызмет түрлері тізбесін кеңейтуді және айналым қаржысын то­лықтыруға арналған несиелік мөлшерлемені төмендетуді сұрайды. Бұл ұсынысты бизнес қауымдас­тығы да, банктер де бірауыздан қолдап отыр. Қазіргі күні ұсыныс­тар пакеті жасақталған, ол тек Үкіметтің мақұлдауын ғана күтуде.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік алқа жұмысы іскерлік жобаларды жүзеге асырудың барлық деңгейінде орын алған мәселелерді жедел шешуге бағытталған. Оның құрамына мемлекеттік органдар (Инвестиция­лар және кәсіпкер­лікті дамыту басқармасы), «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктердің өкілдері енген. Аталған ұйым жобаларды бизнес-идеядан бастап мақұлдауға дейінгі аралық­та сүйемелдеумен, өнер­кәсіп өнімдерін өткізуді қам­тамасыз етумен, отандық тауар өндірушілерінің сау­да инфрақұрылымына қолжетім­ділігін арттырумен, заңсыз айналыммен күресумен айналысады.
Нұр-Сұлтан қаласы Кә­сіп­керлер палатасының директоры Алмат Жүнісов­тің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие мерзімі 7 жылға белгіленген. Сыйақы мөл­шері – өңдеу өнеркәсібі үшін жылдық 6 па­йызд­ы, агро­өнеркәсіп кешені үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мөлшерлемені субсидиялау есебінен жылдық 5 пайызды құрайды.
Несиелер инвестициялық мақ­саттарға бағытталады және айналым қаражатын толтыру қарыздың 50 пайызынан кем емес. Бұдан бөлек, сәуір айынан бастап бағдарламаға бизнес талаптарын жеңілдету және олардың тартымдылығын арттыру шарттары енгізілді.
– Бағдарлама бойынша несиелеудің пайыздық мөлшерлемесі
6 пайызға дейін төмендетілді (бұған дейін 8 пайыз болған). Негізгі қарыз және сыйақы тағайындауда жеңілдік кезеңі қарас­тырылды. Айналым капиталын қаржыландыру мөлшері 30 пайыздан 50 пайызға ұлғайтылды. Несиеленетін тауарлар тізбесі кеңейтілді, – деді Алмат Жүнісов.
Дегенмен қарымта мін­детте­мелер өзгеріссіз қал­ған. Мұнда қарыз алу­шы­ларға келесідей талаптар қойылған: жұмыс орындарының жылдық орташа санын сақтауға (ұлғайтуға) тиіс. Сондай-ақ қаржы агенттігінің субсидиялау немесе кепілдік беру туралы шешімі қабылданған күннен бастап 2 жылдан соң кіріс өсімін 10 пайызға жеткізу міндеттелген. Егер кәсіпкер осы талаптардың ең кемі бір көрсеткішіне қол жеткізсе, мәселен жұмыс орындарын сақтаса, онда міндеттемелер орындалған болып саналады.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына енгізілген өзгертулерге сәйкес, ендігі күні бөлінген қаражат лимиттелмейді. Сондай-ақ инвестициялық мақсаттарға берілетін несие мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Өңірлік жобалық алқаның қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында жалпы сомасы 200 млрд теңгеге 200 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сол арқылы жаңадан 4,5 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды