«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарапайым халықтың ақшасын қорғайық!

0 23

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасының атына депутаттық сауал жолдаған Айқын Қоңыров осындай мәлімдеме жасады. Ол мұнайдың экспортынан түскен қаражаттан қазақстандықтардың табысын индекстеуді ұсынды. Депутат теңге бағамының құбылуына еш қарекетсіз отырған Ұлттық банкті айыптады.

«Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің әл­сіреуін жалпылама түсіндірді: доллардың күшеюі, дамушы нарықтардан капиталдың ағылуы, антиресейлік санкциялар. Сыртқы жағдайларға ғана сүйену нақты картинаны бүркемелейді. Ұлттық банктің стратегиясына қарасақ, инфляцияның өсуіне және орын алған жағдайға жайбарақаттықпен қарап отыруымыз керек» деп мәлімдеді Айқын Қоңыров.
Оның айтуынша, қарапайым халық өз­герістерге тек моральдық жағынан дайындала алады. Өйткені жұрттың көпшілігінің табысы өзгермейді. Сол себептен валюта бағамының жағымсыз әсерінен халықты қорғайтын кез келді. «Мен зейнетақы салымдары мен ұлттық валютадағы депозиттер туралы айтып отырмын. Қазіргі кезде зейнетақы жарнасы тек теңгемен төленеді, сондай-ақ мемлекет банктегі салымдарды да теңгемен төлеуді ынталандыруда. Мұндай жағдайда мемлекет азаматтардың зейнетақы және депозиттік салымдарын құнсызданудан қорғауды қамтамасыз етуге міндетті» деп түсіндірді депутат.
Ол халықтың табысын индекстейтін ақ­шаны мұнай экспортының түсімінен алуды ұсынды. Теңгенің бағамы екіжылдық көрсеткіштен төмендеді, ал мұнайдың бағасы күрт өсті. А.Қоңыровтың пікірінше, екі жыл бұрын мұнайдың 1 баррелі 45 доллар тұратын, ал доллардың бағамы 340 теңгені құрап, әр баррельден 15300 теңге табыс жиналды. Бір жыл бұрын мұнайдың бір баррелі 50 доллар болғанда, табыс көлемі 17000 теңгені құрады. Қазіргі кезде мұнай бағасы 80 долларға жуықтады, ал теңгенің бағамы бір долларға 380 теңгеге жетті. Соның нәтижесінде әр баррель мұнай саласына 30400 теңге табыс әкелуде. «Біздің есебіміз бойынша еліміздің күллі мұнай экспорты көлемінде жылдық түсім шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Ұлттық ақшамыздың әлсіреуінен қалыптасқан жағдайдағы халықтың жоғалтатын қаражатына өтемақы төлеуге бұл жеткілікті сома» деді депутат.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды