«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қараөткелді» қараусыз қалдырмайық

0 160

Осыдан оншақты жыл бұрын айналасы қоршалмай ашық жатқан елорда орталығындағы ескі «Қараөткел» қорымының көктастарына көзім түсіп, қаншама сырды бауырына бүккенін пайымдап, «тарихи-мәдени мұрамыз, немкеттіктің құрбаны болып аяқ асты қалмаса екен» деп аяп кетіп едім. Одан бері біраз жұмыстар жүргізіліп, қорым қоршалыпты.

Кенесары сарбаздарына қойылған белгінің жеті жыл бұрынғы қалпы
Кенесары сарбаздарына қойылған белгінің қазіргі қалпы

Оны қоршап, айналасына ағаш егіп, абаттандыруға ингуш азаматы Салман Гуцариев көп еңбек сіңірген екен. Жергілікті зерттеушілер осыдан жеті жыл бұрын құлпытастарды суретке түсіріп, кейбір жазуларын оқуға талпыныс жасап көріпті. Алайда игі бастама діттеген мәресіне жетпей, орта жолда қалып қойған секілді. Жиналған деректер мәтін болып басылып, ондағы мәліметтер сарапталып, ғылыми бағасын алуы тиіс еді. Қайткенмен де шежіресі 1609-1962 жылдар аралығын қамтитын Ақмола тарихының бір жәдігерін сақтап қалумен бірге, осы өңірдің тарихы, алғашқы дереккөздер ретінде ғылыми зерттеу де қажет. Араб, парсы, шағатай, татар тілдерінде жазылған құлпытастарды оқып, оның фотосуретін жинақтау – уақыт күттірмейтін мә­селе. Себебі тасқа қашалған жазу уақыт өте келе мүжіліп, ізі қалмайды. Ондағы жазу қолөнершінің көркем қолтаңбасынан хабар беріп тұр және барлығында бір мәтін емес, кейбірінде өлең шумақтары да жазылған. Қорымның шырақшысының айтуынша, екі мыңнан астам көктас бар екен. Оның көпшілігі әлі оқылмаған. Құлпытастарды оқып, онда жерленгендердің аты-жөнін анықтау арқылы Ақмола өңірінің тарихи тұлғалары туралы жаңа деректерді табуымыз әбден мүмкін.
Айта берсе әңгіме көп, жақында қорымға тағы бір азамат келіпті. Әулетінде айтылып жүрген әңгіме бойынша, бабасының басына қойылатын көктасты арбаға салып осында алып келеді ғой. Енді ауыр тасты қорымға жеткізгенмен, қабірге жеткізудің амалын таппайды. Сонда досы Қажымұқанға айтқанда, ол сөзге келместен көктасты жерден жұлып көтеріп алып, «Кәне, көрсет қайда апарайын?» деп, жаяу көтеріп алып келген екен. Осы аңыз­дың соңынан іздеп келген ұрпағы да бабасының жатқан жерін де, көктасты таба алмай қайтыпты.
Зерттеушілер анықтағандай, аталған зиратта Тәуке ханның ұлы Сәмеке, аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, Бөгенбай, Қабанбай, Амангелді батырлардың сарбаздары, көпес Баймұхамед Қосшығұлов, Самарқан, Бұхар, Ташкент, Қазан қалаларында туған діни қайраткерлер және саудагерлер жерленген деген мәліметтер бар. Бірақ әлі көктастары оқып, анықталмаған. Алайда Қосшығұловтарға қатысты құлпытасқа көзіміз түсті. Сонымен бірге, бұл жерде ілімді шейхтардың жатқаны туралы мәлімет бар. Жәй шет жағындағы бір тасты оқығанымызда оның «қыпшақтың қожасы» деген жазуы көзімізге түсті. Мұның артында осы топырақта өркен жайған ислам дінінің ұштығы жатыр. Бір ғалымның құлпытасында «теберік адам» деген жазуды да оқыдық. Бұл аруақты адамның жерленгенінен хабар береді. Егер тереңдеп зерттесе, әлі талай бірегей тұлғалардың тарихына қанығамыз. Жүз шәкіртті діни ілім алуға жіберген ишан да осында жатыр деп айтады. Өкініштісі, оны анықтау үшін асықпай жүріп, арнайы уақыт бөліп кірісу керек. Оны ұйымдастырып, қажет деп жатқан ешкім көрінбейді. Ал мұндай ауқымды жұмысты бір-екі адам бітіріп тас­тайды деп ойламаймыз.
– Қорымға жайшылықта көп адам келе бермейді. Бірақ осы өңірдің тарихына бойлап, өз көзімен көріп, зия­рат етем деушілер аз емес. Біздің де бір мақсатымыз Кенесары сарбаздары жатқан жерді, оның құлпытасын көріп тағы бір зерделеп көру болған. Өкінішке қарай, тастағы жазбалар өшіп қалыпты. Тіпті қолымыздағы суретке қарап, көктас осы ма,жоқ па деген күмән келді. Осыдан жеті жылдай уақыт бұрын тас табылды дегенде оны тарихи құндылық ретінде сақтаудың амалын жасамаған екен. Тым болмаса сыртынан қаптама қойып, жауын мен дауылдың әсерінен кеміріліп қалмауына қалқа жасау керек еді. Амал жоқ, мына халі жанымызды ауыртты. Басқа-басқа, бұл ескерткіштің жөні бөлек, елі үшін жанын қиған ерлерге құрмет басқаша болуы тиіс еді.
Қоғамда резонанс тудырған оқиға Смағұл Сәдуақасовтың сүйегін осы топыраққа әкелуі еді. Арада аз жыл өтпей жатып, ескерткішке орнатылған айы майысып, сынудың алдында тұр. Негізі ескерткіштердің қорғалуына да мән берген жөн. Оның ішіне қураған шөбін шауып, жел айдап алып келген қоқысты жинау да кіреді. Ингуш мұсылман бауырлардың жай тапқан бір пұшпағының күтімді қолда екенін көзіміз көрді. Сұрағанымызда, ингуш этномәдени орталығы арнайы адам жалдап шөбін жинатып отырады екен.

«Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең…» Атақты әнші Балуан Шолақтың жүрегіне шоқ болып түскен Ғалия туралы аңыз-әңгімелер жеткілікті. Оны оқырман қауым интернеттен оқып алады. Ғалияның өзі жайында академик-зерттеуші Ахмет Жұбанов­тың «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында алматылық Мәкура Есілбаевадан жазып алған мәліметі көңіл аударарлық екен. Онда: «Ғалия қарасұрлау келген, ат жақты, бетінде аздаған шешек дағы бар, жанары өткір, сөзге шешен, он саусағынан өнер тамған шебер адам болған. Бір кемшілігі, алқымында шешектен қалған дақ көп болғандықтан, тамағын орамалымен қымтап байлайтын әдеті бар» делінген екен, мына сурет соның дәлеліндей. Суретті алғаш рет 1996 жылы ардагер журналист, Октябрь Әлібеков өзі басқарған облыстық газетте жариялағанын да ғаламтордан білдік. 1922 жылы Ғалия туберкулез ауруынан 35 жасында қайтыс болады. Оның қабірі – Қараөткел орталық зиратында. Оның осы жерде жерленгенін білдіретін көктасы тұр. Көктасты қойған Ғалы деген жазу бар. Яғни оның тарихын айтылып жүрген әңгімелермен салыстырсақ, тағдыр қоспаған Шолақтан қол үзіп, екінші жары Қанапиядан кетіп, Қоянды базарына барып қымыз сатып жүргенінде Семейден келген бір байдың баласы Ғалияға қызығып, қырық аттың пұлын қалтасына салып, оған еріп Қараөткелге келеді дейді. Ізінде жас інісі бар екен деп те айтады. Қазір сол інісінің қызы қаладағы орталық зираттағы Ғалияның басына келіп құран оқып тұрады екен.
Айтпағымыз, Ғалияның көктасындағы жазулары өшіп барады, оны қамқорлыққа алып, тиісті мекемелер шара қолданып, келер ұрпаққа қалдыруды бүгін ойламаса, Балуан Шолақ әнін арнаған Ғалия­ның тарихына сендіру де қиынға айналады. Әрі әнге де ескерткіш деп қарасақ, оның қазақ мәдениетінде орны зор екенін тағы да айтқымыз келеді. Ғалия зиратын тауып, оның жазуын оқыған Ахат Әшуұлы, Ұларбек Дәлейұлымен де ойымыз бір жерден шығып, осы мақаланы жазуға себеп болды.
Қазір зиратта азды-кемді өзгеріс­тер жүріп жатыр екен. Соның бірі бұрынғы құлпытастың қасынан бүгінгі ұрпағы жаңасын орната бастаған. Дұрыс шығар. Алайда ес­кісіндегі жазуын аудартып, көші­ріп жаңаласа, дәстүрлі ескерткіш қою үрдісі айнымай жалғасын тапқан болар еді. Оны ескермепті. Бұл жерде дерек жеткілікті, кейбір тастарда екі жағы да жазумен толтырылған. Қазбалай берсе, олардың да артында қалған мұрасы табылады. Қала тарихы жаңа есімдермен, құнды деректермен толығады.
Қараөткел қорымын бір айналып өтіп, Есілдің бойына елорда бекер қонбаған екен ғой деген ойға кеттік. Осыған дейін де тоғыз жолдың торабы болған екен. Орынбордан, Қазаннан, Ташкенттен, Бұхара-шәріптен, Стамбулдан келгендерге топырақ бұйырғандар да осында жатыр. Бір тастағы «патшаның қызметінде болған» деген сөзге де көзіміз түсті. Назар аударып оқығанда мынадай мәліметтер бар екендігін көрдік: 1-куллу нәфсин з̃әиқатул мәути. 2-1328 хижриде 27 ражабында 3-паншанба күні Қарқара 4-лық Мұхаммед-Омар Ниматжан оғлы 5-Падша хызматында иуруб тақдири 6-илаһи 22 иашында… деп оқылатын 6 қатар жазуы көрініп тұр екен, оны қазақшалағанда былай болады: «Әрбір жан иесі өлімді татады. 1910 жылдың 3 тамызында, бейсенбі күні Қарқаралық Мұхаммед-Омар Ниматжанұлы патша қызметінде жүріп Алланың жазуымен 22 жасында…» деп жазылған, толық аяқталмаған жазба екен. Оған себеп – тастың сынып қалуы және сынған бөлігінің жерге көміліп көрінбей қалуы.
Тағы бір назарымызды аударған нәрсе, Қазақтан шыққан алғашқы қази хазірет, дін зерттеуші ғалым Сәдуақас Ғылманидың ұстазы, Ақмола қаласындағы №3 махалла мешітінің имамы Ахмет Османұлының құлпытасы болды.

وفات بولدی 4- قانجعالی روغی الحاج الحرمین 5- داملا احمد عثمان اوغلی 18 یاشنده 6- قزلیارده داملا عبدالعزیز مدرسه سنده 6 جل علم تحصیل ده 7- بولب 25 یاشنده حاج بارب کیلوب 8- عبدالله حضرتدان خاتم فاتحه سین 9- الدی 27 یاشنده قورجونکول اچنده 10- مدرسه اچب 9 جل درس ایتدی 11- 37 یاشنده مفتی حضرتدان شهادت 12- نامه الب اقمولاده 3 نجی مسجد ده 13- امام خطیب و مدرس بولدی 14- امین روحینه فاتحه

1-Әлхукму лиллаһ. Әлфирақ. 2- куллу нәфсин з̃әиқатул мәути 1918 санаһ 3- 5 нжі сентабрде залхажжа 11 нде офат болды 4-Қанжығалы руғы әл-хаж әл-харамайн 5- Дамолла Ахмад Осман оғлы 18 иашында 6- Қызылиарда Дамолла Абдулазиз мадрасасында 6 жыл ғылым тахсилда 7- болып 25 иашында хаж барып келуб 8- Абдолла хазратдан хатым фатихасын 9- алды 27 иашында Қоржынкөл ішінде 10-мадраса ачыб 9 жыл дарс айтды 11- 37 иашында Муфти хазратдан шаһадат 12- нама алыб Ақмолада 3 нжі масжид да 13- имам хатиб уа мударрис болды 14- амин рухына фатиха.

1-Үкім Алладан. Қош. 2- Әрбір жан иесі өлімді татады*. 1918 жылы 3- 5 ші қыркүйекте залхажжа айының 11 күні қайтыс болды 4-Қанжығалы руы Екі Қасиетті Қалаға барған Қажы 5-Дамолла Ахмет Оспанұлы 18 жасында 6-Қызылжарда Дамолла Абдулазиз медресесінде 6 жыл білім алып 7- 25 жасында Қажыға барып келіп 8- Абдолла Қазыреттен Қатым Фатихасын 9- алды. 27 жасында Қоржынкөл ішінде 10- медресе ашып 9 жыл сабақ берді. 11- 37 жасында Мүфти Қазыреттен Шаһадат 12- нама (Куәлік) алып Ақмолада №3 Мешітте 13- Имам Хатип және Мүдәрріс (Ұстаз) болды. 14- Әумин. Рухына Фатиха.   

 *Құран Кәрім, Әнкабут сүресі, 57 – аят. (http://kuran.muftyat.kz).

E-mail: mollakanagatuly@gmail.com, Tel: +77711669259   

Шындап келгенде, еларалық дипломатияның да негізін осылар қалады деуге болады. Арғы тарихты айтпағанның өзінде, қаламызда Саад деп аталатын қонақ үй бар. Бұл қырқыншы жылдың ақпанында осы өңірге жер ауып келген ингуштің құрметіне қойылған. Ірі тұлға болған. Бабасына рахмет, осы Саадтың ұрпағы қаражат бөліп, қорымды қоршағанын жоғарыда айттық. Белгілі ғалым ингуш Сұлтан Оздоевтың да атасы осында жатыр. Оның соғыс жылдары осы маңда құдық қазып, халқына ауызсу жеткізгені туралы ғалым айтып жүретін.
Айналып келгенде, тек қорым деп қарамай, елге белгілі азаматтар мен әкімдіктің осы уақыттқа дейінгі жасаған әрекеттерін одан әрі тереңдетіп, ел астанасы тарихының белгілі бір кезеңін нақты айғақтармен паш етіп тұрған «Қараөткел» қорымын және оның ішіндегі тарихи-мәдени құндылықтарды әлемдік тәжірибені де ескере отырып қамқорлыққа алып, бүгінгі ұрпақтың рухын ширататын мекенге айналдырып, келешек ұрпақтарға жалғаса беретіндей жағдай жасалса деген оймен аяқтағымыз келеді.

Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дің докторанты

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ,
зерттеуші:

– Осыдан жеті жыл бұрын, бір жарым ай уақыт көлемінде Ахат Әшуұлы екеуміз құлпытастарды оқып зерттеуді бастаған едік. Бұл іс мұнымен бітпеді. Әлі де оқылмаған тас­тарды түгендеп, жазуын оқып, анықтамасын беру керек. Өткен жолғы бітірген жұмыс­тың нәтижесін, қолдағы материалдардың бәрін мұрағатқа өткіздік. Көп жыл­дардың қарасы болды, оның жинақ болып басылып шыға­тын түрі көрінбейді.Осы мәселе қолға алынса…

Еренбек қажы,
қорымның шырақшысы:

– «Қараөткел» қорымы еліміздің киелі жерлерінің тізіміне енгізілген. Бір жыл­­дың көлемі болды, осы жер­дің қараушысы болып отыр­мын. «Бабамыз осында, атамыз осында жатыр» деп көп кісілер келіп кетеді. Бірақ нақты жатқан жерін білмей кері қайтады. Керек десеңіз, кімнің қайда жерленгені туралы толық тізім бізде де жоқ. Бүгінде технологияның дамыған кезі ғой. Осы аумақтың сызбасын қағазға түсіріп, оның әр шаршысында орналасқан көктастарды және оның кімдерге тиесілі екенін анықтау қиын шаруа болмау керек еді».Қалалық мұрағат қолға алатын шаруа осы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды