«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарағандының тартуы қомақты

0 83

Қарағанды облысы елорданың 20 жылдық мерейтойына ашық аспан астындағы мұражай мен «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент сыйлайды. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

– Бір айдан соң біз Астананың 20 жылдық мерейто­йын атап өтеміз. Қарағандылықтар елордаға сыйлық әзірлеп отыр. Ол – «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент. Аллея Ұлытаудың басты көрікті нысандарын көруге болатын ашық аспан астындағы мұражай ретінде болады. Басты тосынсый Әмір Темірдің жазуы басылған Алтын Шоқы дөңінің басында болған тастың көшірмесі болмақ. Ол тастың түпнұсқасы Эрмитажда сақталған.
– Ғалымдар тас тақта 1391 жылы Әмір Темірдің Алтын Ордаға шыққан атақты жорығы кезінде орнатылған деген болжам жасауда. Және де ол артефактінің көшірмесі алғаш рет көпшілікке қолжетімді жерде қалың халық назарына ұсынылмақ. Сондай-ақ, аллеяда тарихы 4 мыңнан астам жылға тереңдейтін Теректі-Әулие және Байқоңыр петроглифтері орын алады, – деді аймақ басшысы.
«Қазақ еліне мың алғыс» монументі қазіргі таңда Қарағанды көркемөнер комбинатында жасалып жатыр. Ол қуғын-сүргін заманында Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігін бейнелейді. Аталған нысандарды тұрғызуға облыстағы кәсіпкерлер демеушілік көрсетуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды