«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қара судан балаңызды қорғаңыз!

0 18

Жаз келісімен бала атаулы өзен-көлдерге, тоғандарға шомылуға асығып тұрады. Алайда қара судың қаупін естен шығарып, әртүрлі өкінішті жағдайлар болып жатады. 5 маусым күні БАҚ өкілдерімен жүздескен Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Бэккер жантүршігерлік ақпаратты жария етті. Жыл басынан бері елімізде 76 адам қара су батып, көз жұмған. Соның ішінде 40-ы балалар екен.


Құзырлы мекеменің берген мәліметіне сүйенсек, 76 адамның 22-і шомылып жүріп, суға батыпты. Оның екеуі суға батқан жандарды құтқарамын деп, ажал құшқан. Мұндай қайғылы оқиғаның бірі – елордада, екіншісі Атырау облысында тіркелді. Екі адам су қоймасынан өтерде 8 бала арықтар мен суғаратын арналарда суға батып, қайтыс болған. Көп жағдайда жас балаларды ата-аналары қараусыз қалдырған.
Владимир Бэккер ел аумағында 50 мыңға жуық су қоймалары бар екенін айтты. Оларға адамдар шомылады, балық аулайды, шаруашылық жүргізеді. Алайда бір таңқаларлығы, судағы құтқарушылардың бар-жоғы – 1 380 адам. Бұл – әрбір 100 су қоймасына кем дегенде 3 адамнан келеді деген сөз.
«Бұл су қоймаларына біз бір-бір құтқарушыдан да қоя алмаймыз. Өте күрделі мәселенің бірі – осы. Өткен жылы бұл мәселені шешу жолдарын Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ақылдастық. Нәтижесінде, орта білім беру бағдарламасына дене шынықтыру пәні бойынша суда жүзуді оқытуды енгіздік» деді басқосуда
В.Бэккер. Дегенмен, түйткілді мәселенің тез шешілуі мүмкін емес. Қара судан ажалы келген 76 адамның 27-сі – балықшылар. Олар – қыс­тыгүні және жаздыгүні ауа райының қандай болғанынан қарамастан балық аулауға шығатындар. Көп жағдайда балық аулауға деген құштарлық әртүрлі қайғылы оқиғаларға ұрындырып жатады. Құтқарушылардың саны өте аз болғандықтан, оларға көмек қолын созатындар сирек. Төтенше жағдайлар комитетінің мына бір дерегі де жағаңды ұстатады: жыл сайын елімізде 1400-ге жуық адам қара суға батады екен. Олардың тек 800-900-ін ғана құтқаруға мүмкіндік туады. Құтқарушылар еліміздегі ең қайғылы оқиғалар көп тіркелген жыл 2015 жыл екенін айтады. Ол кезде 600 адам өмірмен қош айтысыпты. Суға барғанда «Сақтансаң – сақтаймын» деген қарапайым қағиданы естен шығармаған жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды