«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қара сөзге дес бермеген поэзия падишасы

0 42

Биыл – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова­ның 80 жылдығы. Оның ерекше поэзиясы туралы жазылған мақала жетерлік, ал журналистік еңбегінің бір төбе екені айтыла бермейді. Теңіз бен құмның арасында ауызсудан зәрулік көрген кішкентай ауылдың қаршадай қызы бала шағында су маманы болсам, ауылымызға су тартсам деген арманмен өскен екен. Мүмкін, осы бала арманы оның кейін өскенде елдің жайын айтып, жұрттың тағдырына алаңдайтын журналист болуына себепші болған шығар.Очерк – жанрлардың төресі

Баяғыда мектепте, кеңседе, көшедегі тақталарда ілінетін «Барлығы да халық үшін», «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген ұранның бер жағындағы слесарь ағайдың, сауыншы апайдың бейнесі бізге жылы ұшырайтын. Кі­тап­ханада арнайы бұрыш жасақталып, еңбек адамдарының өмірі туралы шығармаларды ел жаздырып алып оқитын. Мұның бәрі «еңбек» деген ұғымды биік көтерген дұрыс тәрбие еді. «Лениншіл жаста» О.Бөкей, С.Бердіқұлов, Ф.Оңғарсыновалардың еңбеккерлер туралы очерктері жиі шығатын. Қазір біз очерк жазбаймыз, очерктің жанрлардың төресі екенін білмейтін жастар қаншама. Қазір еңбек адамын емес, тойшылар мен әншілерді төбеге көтереміз, баяғыдағы еңбек адамдары да қалмаған, еңбектің көрігін қыздыратын ауылдар бос қалып жатыр. Өткен жылдың өзінде шығыс шектен 85 мың адам көшіп кеткен. 80-нен астам ауыл картадан жойылды. Қаншама ауылдың тағдыры сұрақ күйінде қалып тұрғаны тағы бар. Жер көлемі бізден үш есеге жуық үлкен, алты құрлықтың ең құрғақ аймағы есептелетін Австралия (тұрғындарының санында біздің саны­мыз­дан айтарлықтай айыр­машылық жоқ) жерінің жартысы шөл және шөлейт жерлер бола тұра, ауыл шаруашылығы шикізаттары мен азық-түлікті көп өндіреді. Ал біз жеріміздің дені іске алғысыз деп жылаймыз. «Ауылды жүдеткен – ұраншыл сая­сат. Облыс орталығында, астанада отырып өткінші, бір күндік болжаммен халықтың тағдырын шешеміз. Ертең бес жыл, он жыл өткенде елдің жағдайы қандай болмақ, сол кезде халықтың бетіне тура қарай аламыз ба, соңымыздағы ұрпақ бізге қандай үкім шығарады – әр басшы осыны ойлап іс қылса, заман түзелер еді» дегенді журналист Фариза айтқан еді.

Еңбек адамына құрмет – ел болудың нышаны

Фариза Оңғарсынованың суреттеуіндегі теңізді Хемингуэйдің теңізімен шатастырмайсыз. Ызғырық жел. Сең-сең мұз бен ақбурыл толқындар арпалысып жатыр. Үлкен мұздың үстінде жиырма шақты балықшы кетіп барады. Күн райы жақсы болып тұрған кезде балық аулауға шығып, әп-сәтте ауа райы күрт бұзылып, қапыда қалған балық­шылар кез келген уақытта толқын бір ұрып жалп еткізсе, су астына кетуі мүмкін. Немесе тағы аяз тұрса үсіп қатып қалмасына ешкім ке­пілдік бере алмас еді. Айналада өздеріне қол ұшын созар ешкім жоқ, ашық теңіз үстінде қала барғандарын ойлағанда бойларын үрей жайлаған. Өзгелерді сабырға шақырып, тірі қалудың амалын ойлаған балықшы ­Фазылдың қайраты тәнті етеді. Олар бала-­шағаларын асырай алмағаннан мехнат кешіп жүрген жоқ, мемлекеттің балық өндіру жоспарын орындау міндетімен осындай жағдайға душар болды. Он сегіз тәулік бойы ашық теңіздің үстінде қалу туралы ойдың өзі бойыңды тітіркендіреді емес пе? Шана жеккен бір ат толқын соққанда суға кеткен, бір атты аштықтан өздері сойып жеген. Шананы бұзып, отқа жағып, аулаған ақ балықтарын азық қылып, әлденеден үмітті күйде көз ілетін бұл адамдардың да арман-тілегі, алдан күтері көп еді. Соңғы екі күнде қалың екі тонды жағып жылынғандары, әйтеуір, өлмеудің қамы. Дымқыл тонды отқа жағу қайбір оңай дейсіз, балықшылар оны өздері ас қылған ақ балықтың майын былғап барып жаққан. Автор өмірде көрген-білгенін, естігенін иланымды суреттейді. Пешной аралының қарасы көрініп, екі тікұшақ келіп құтқарғанша балықшылар осылай амалдаған. Балық шаруа­шылығында біз білмейтін, білсек те аса көңіл аудармайтын қаншама қиындықтар бар, журналист болса бұл жерде жазушының міндетін, жауапкершілігін ала отырып, балықшылар өмірін, тайдай тулаған балықты, жоспар орындау үшін арқа еті арша, борба еті борша болған азаматтардың жанкешті еңбегін көз алдыңа әкеледі. Фариза апай еңбек адамын тек алып державаға қызмет еткен көп «жұмыс атының» бірі ғана емес, ақ жүрегі, арманы, келешегі бар, қоғамның өзінше бір бөлшегі екенін көрсетуге тырысты.
Он сегіз жасында алдымен нағашысының қасында жүріп, мал жайын әбден біліп, кейін өз алдына отар алған шопан Ысқақтың өмірі берілген «Талас­тың тарландары» очеркінде журналист кейіпкерінің кәсібін бақылап қоймайды, ішіне үңіледі. Ал журналист Фариза жан-дүниесіне үңілген кейіпкерді ойсыз, мұңсыз, маң далада қоймен бірге жайылып жүрген біреу деуге аузың бармас еді. «Мұнаралы Маңғыстау» – өндірісті көзімен көріп, еңбек адамдарының қандай қиын кезеңдерден өткенін байыпты баян етіп, жалпы бүтін елге, бар қазаққа ырыс болған Маңғыстауды толық таныстырып жазған шығарма. Үш жыл бойына бейнеттеніп, Жетісбай алаңын шарлап маңдай тері сорғалаған бұрғышылардың бүкіл бастан кешкендері мұнай бұрғылаушы Қаршыға Тайпақов­тың көзімен суреттеледі. 17 жасынан бұрғышының көмекшісі, Ембіде, Доссорда, Қаратон мен Даңғарда болып, еңбектің қазанында әбден қайнап, шыңдалған Базарбай образын, заты нәзік әйел болғанымен, өндіріс жұмысын ұйымдастыруда ерлерден қалыспай еңбек еткен Өзен мұнай өндіру басқарма басшысы Қамқаш Ибраевнаның бейнесін бүгінгі оқу бітіре сала кабинеттегі креслоға байланған, шаруашылық жайын білмейтін, халықпен дұрыстап әңгімелесе алмайтын басшылармен салыстыруға болмайды. Автордың «Мұнаралар алыстан көрінеді», «Сенім», «Жер астындағы теңіз», «Жапандағы жанартаулар» очерктерінің қай-қайсысында да адамдар қолынан келгенінше еңбек етеді, ел, жер алдындағы парызын түсінеді. «Ақ еркесі Ақкөлдің» очеркіндегі басшы қызметтегі әйел Бекзада – нағыз қайраттың иесі, не нәрсені салмақтап барып шешім қабылдайтын байыпты басшы. Басшының бәрі бірдей әпербақан не бюрократ емес қой. Әсіресе, халықтың өз арасынан шығып, еңбекпен көтерілген, елдің, жердің жайын білетін басшыларға біз қашанда зәруміз.

15 қараша күні сағат 09:00-де Нұр-Сұлтан қаласында Фариза Оңғарсынова атындағы көше ашылады.
10:30-да Ұлттық пантеондағы Фариза Оңғарсынованың бейітіне гүлшоқтары қо­йылады.
Рухына бағышталып ас беріледі.
16:00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Фариза Оңғарсынованың «Шілде» және «Полдневный жар» кітаптарының тұсаукесері өтеді.
19:00 «Жастар» театрында – «Фариза» қойы­лымы.

Біз намыссыз ел ме едік?

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған бір мақаласында сессия, пленумдардағы жиындардың «Қазақстанда өтіп жатқан жиналыс екеніне жұрт назарын аударғысы келгендей, қазақша жазып алған бастап­қы екі сөйлемін ежіктеп оқып шығатын» әдет туралы да, ұшақтардағы ағылшын, орыс, француз тілін білетін стюардессалардың арасында қазақша сөйлейтін қазақ қыздары жоқ екенін де ашына жазған еді. Одан бері де неше рет су ақты, әлі де орыс тілі «ақсүйектердің», қазақ тілі қара халықтың тілі болып отыр­ғаны рас. Бәрін білетін, бәрін ойлауға шамасы жететін, тек қазақша ойлауға, қазақы көзқараспен қабылдауға ғана шорқақ ұрпақпен қай шамаға жетеміз деген ойлар мазасын алғандықтан да, «Біз жұртқа жағынумен, өзіміз өлеу­сіреп жатсақ та, біреудің бабын табуға тырысумен келе жатқан
халықпыз. Ал өзін сыйлата алма­ғанды өзге ешкім де сыйлап жарытпайды» деген. Рас, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары бізде рух бар еді, шарболаттай қайралған жігеріміз тау жығардай-тұғын. Дәл қазір қай саланы алсаңыз да серпіліс байқалмайтындай, оның орнын салбөкселік жайлап алғандай көрінеді. Фариза апайдың мақаласының тақырыбындағыдай
«Ел болып қаламыз ба?» деген үлкен сауал бұрынғысынша өткір күйінде тұр.

P.S:  Фариза апай «Тұмар» әдеби журналында жұмыс істеген кезде де ол кісінің талғамы биік, талабы жоғары редактор екенін байқадық. «Біздің журналистеріміз жалған сенсация қуып, отқа май құйып жазғанға машықтанып бара жатқан тәрізді. Жақсы адамдар, жақсылық жасайтын адамдар жайлы жиі жазсақ, жанымыз жамандықтан аулақ болар еді» дейтін ұстанымдағы редактор-журналис­терден соны талап ететін.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды