«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қара сөздің жүйрігі еді

0 192

Белгілі жазушы, қазақ лирикалық прозасының көрнекті өкілі Талғат Кеңесбаев 58 жасқа қараған шағында ауыр науқастан кейін дүниеден өтті.

1961 жылдың 15 тамызында бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Саржал ауылында туып, Семей педагогикалық институтын бітірді. Әдебиет әлемінің есігін өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Француз әтірінің иісі» әңгімесімен ашып, бұл шығармасымен «Жігер» фестивалінде проза аталымы бойынша лауреат атанды. Осы туындының атауымен алғашқы кітабы жарық көрді.

Жазушының «Үнсіз нота», «Лениннің бәтеңкесі», «Мерседес», «Түн құсының мұңлы үні» әңгімелерін, «Гауһар», «Ойшоғыр» повестерін, «Моцарт» романын оқырмандар жылы қабылдады.

Өткен жылы «Ұлт болмысы» журналы ұйымдастырған әдеби бәйгеде Алаш идеясын қолдаған меценат Ике Әділұлының өмірі мен қызметін суреттеген «Түнде ұшқан қаршыға» повесімен бас жүлдені иеленді. Зуқа батырдың туғанына 150 жыл толуына орай өткен шығармашылық байқауда жүлдегер атанды. Бірқатар шығармалары қырғыз тіліне аударылды.

Талғат Кеңесбаев өмірінің соңғы жылдары «Қызыл жусан» журналына редакторлық етті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, кейінгі буынға қамқорлық танытқан қаламгердің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Иманың жолдас болсын, бақұл бол, қара сөздің жүйрігі!

«Elorda Aqparat» медиакомпаниясы және

«Astana aqshami» газеті редакциясының ұжымы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды