«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қар жаумаса, көмір алмаймыз ба?..

0 133

Күздің алғашқы күндерінен-ақ Арқа төрінде күн күрт суып, қыстың жақындап қалғанын білдірді. Тиісінше, халық «алты ай қысқа» дайындалуға кірісті. Бұл күндері жұртты алаңдататын басты мәселе – көмір тапшылығы бар ма, қымбаттап кеткен жоқ па? Біз осы тұста Астанадағы жағдайды бағамдау үшін табиғи отын сатылатын бірнеше орынды аралап, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайттық.

Қалада қатты отын мөл­­шері жеткілікті ме? Тұрғындар қысқа қаншалықты қамданып жатыр? Осы тұрғыда Астанадағы көмір сататын кәсіп­орындарға арнайы барып, жағдайды көзімізбен көр­дік. Ондағы жұмыс барысын бақылап, жергілікті билік таратқан ақпаратқа қанықтық.
Өткен аптада Астана әкімдігі қалада көмір сататын 7 негізгі орын барын, сондай-ақ оның жалпы қоры 15111 тоннаны құ­райтынын хабарлаған болатын. Бұған қоса, 17-25 тамыз аралығында бас қалаға 90 вагон, яғни 6223 тонна көмір жеткі­зілгені белгілі болды.
Қалалық әкімдік көмір нарығындағы жағдайға күн сайын мониторинг жүргізіп, бақылауда ұс­тап отыр. Сонымен, Шұ­­баркөл көмірінің бір тон­насы 12500-14500 теңге болса, Қаражыра 14000 теңгеге бағаланып отыр. Ал Майкөбе 12500 теңгеге сатылып жатыр.

Біз әкімдік таратқан мәлімет бойынша Герцен көшесі, 4/1 мекенжайына қарай аяңдаған едік, қызметкерлері кіреберіс­тен-ақ жолымызды кесе-көлденеңдеп, ішке қарай ен­гізбеді. Жөн сұрап, ой­дағы сұрақтарымызды қой­ғанымызда, кезекте тұрғандардың барын әрі көмірдің жетіспей жатқанын алға тартып, жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Іштей «Қалалық әкімдік таратқан мәліметте жағдай мүлдем басқаша еді ғой» деген ойда қалдық.
Жә, мәселенің бір шетін анықтағаннан кейін жо­лымызды ары қарай жал­ғадық. Герцен көшесінің маңайы қаладағы көмір сатылатын негізгі мекендердің бірі болғаннан ке­йін, іргесінде орналасқан орындардың біріне ендік. Мұнда жағдай басқаша екен. Кезек күтіп, сарылып тұрғандардың да қарасы байқалмайды. Бірақ кө­мірі толып тұр. Сатушы жігітпен тілдескенімізде, сұрақтарымызға іркілмес­тен жауап берді.
– Қазіргі уақытта қатты отынның үш түрін сатамыз. Майкөбе көмірінің 250 тоннасы, Богатырь көмірінің 160 тоннасы, Кузнецкий көмірінің 350 тоннасы бар. Күніне жалпы алғанда 30-40 тоннасын сатамыз, – деп сөзін бастаған Жанат Түргешов осы айдың басында 20-ға жуық вагон көмір жеткізілгенін айтты. Сөз арасында ол сұранысқа байланысты айына 30-40 вагонға дейін көмір сатылатынын мәлім етті.

Бұған қоса, ол өзі қызмет ететін орында көмір тапшылығы жоқтығын айтқанмен, Шұбаркөл мен Қаражыра түріне сұраныс жоғары екенін жеткізді. Аталған көмір түрлері жоғарыда біз барған мекенжайда сатылады екен. Осыған байланысты кезекте тұрғандардың да қатары қалың. Мәселенің түпкі себебі осы жерде белгілі болды. Бірақ жұрт Шұбаркөл мен Қаражыра отынын неге көбірек сатып алады деген ойда қалдық. Ойымызды сезіп қойған болса керек, Жанат сөзін ары қарай жалғай жөнелді.
– Биыл жұрт, негізінен, тоқтаусыз жанатын пеш орнатып алған көрінеді. Себебі олардың температурасына Шұбаркөл мен Қаражыра көмірлері ғана жете алады, – деп мәселені түсіндіріп тұрған сәтте сырт­тан келген бір кісі: «Шұбаркөл көмірі бар ма? Биыл тоқтаусыз жанатын пеш орнатып алып едім» деп сұрады. Бұл Жанаттың сөзіне дә­лел бола түсті.
Жанат қызмет ететін орынның жағдайы белгілі болды. Енді Герцен көшесіндегі 6 Б мекенжайына қарай бет түзедік. Мұнда да үздіксіз көмір тиеп жатқан ауыр көліктер бар. Бірақ кезекте тұрып, қатты отынға дауласқан жұрттың қатары көрінбейді.
– Аптасына төрт-бес вагон жеткізіледі. Ал кү­ніне шамамен 30-40 тонна отын саудалаймыз. Ал ба­ғаларына келер болсақ, ең қымбаты, яғни жылуы қатты саналатын – Шұбаркөлдікі. Оның бір тоннасы 17500 теңгеге саты­лады. Ал Майкөбенікі 12500 теңге тұрады. Бізде ұзын-сонар кезек жоқ. Тиісінше, әр клиент қалағанынша сатып ала алады. Есептеп шыққанымызда бір қыста 30-40 мың тонна көмір сатады екенбіз, – деді «Айт­қожинов» ЖК менеджері Ілияс Насипов. Оның айтуынша, өзі қызмет ететін орында Жалын көмірінің 800 тоннасы, Майкөбенің 770 тоннасы бар екен. Ал Шұбаркөл мен Қаражыранікі мұнда да жоқ.
Бұрын күздің алғашқы күндерінен-ақ көмірдің қымбаттайтыны қалыпты жағдай болатын. Ал оған орта жолдан алыпсатарлар араласып, баға күрт көтерілетін. Биыл бұл жағдайдың қайтала­нуы екіталай. Астана қаласының әкімдігі көмір нарығындағы жағдайға күн сайын мониторинг жүргізіп әрі бақылауында ұстап отыр. «iКөмек» орталығында халықпен тікелей байланыс желісі құрылды.
Бұған қосымша қала әкімдігі отын-энергети­калық ресурстар бөлі­мінің басшысы Мақсат Есмағұловтың айтуынша, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, тиіс­ті шаралар қабылданды. Яғни көмір сатушылармен бағаны тұрақты ұс­тап тұру үшін келісім жасалған. Ол сөз арасында былтыр отын құнын аспандатып жіберген сатушылардан сот арқылы 24 млн теңге тәркіленгенін тілге тиек етті.
Қорыта айтар болсақ, биыл елордада әзірге кө­мір тап­шылығы жоқ. Бірер апта бұрынғы мәлімет бойын­ша 15 мыңнан аса қатты отын бар. Алайда көп­шіліктің сұранысына ие, жылуы қатты әрі сапалы саналатын, сондай-ақ күлі аз шығатын Шұбаркөл өнімі былтыр да тапшы болған. Бұрын­ғы жартас – сол жартас. Қыс түспей-ақ күздің алғашқы күндерінде сапалы отынның аздығы қайтадан білініп отыр. Ал қыстан аман шығу үшін ауданы 100 шаршы метрді құрайтын үйге орташа есеппен алғанда 7-10 тонна көмір қажет.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды