«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қар күні: думанды дода

0 51

Халықаралық қар күні шанасы мен шаңғысын сүйреткен балалар думанды додаға қатысып, шат-шадыман болды. Биыл бұл мереке Ботаникалық бақта салтанат құрды.

Қар күні Астанада 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді. Фестиваль әлемнің 45-тен аса елінде тойланады. Мұны біздің қалада қалалық Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен Ұлттық шаңғы жарыстары федерациясы ұйымдастырды. Астанамен қатар, Алматы мен Щучинск қалаларында да қар күні өтті.
– Бұл думанды жарыстың «Балаларға қар көрсет!» деген өз ұраны да бар. Біз балаларға қыс тек суық емес, табиғаттың тамаша жыл мезгілдерінің бірі екендігін көрсеткіміз келеді. Біз балаларды қысқы спорт түріне, салауатты өмір салтына, қоршаған ортаны қорғау­ға үйретеміз. Біз әкімдікпен бірлесіп, денсаулығы мықты, спортты сүйетін ұрпақ тәрбиелегіміз келеді, – дейді ҚР Ұлттық шаңғы жарыстары федерациясының өкілі Самал Наурызова.


Фестивальге 170-тен аса бала қатысты. Олардың жасы – 3-тен 18 жасқа дейін. Ең кішкентай қатысушылар шаңғымен жүз метрді жүгіріп өтті. 5-7 жасар балалар 1 шақырымды, 8-ден 12 жасқа дейінгілер 2 шақырымды еңсерді. 10-13 жастағылар берілген межені кедергілер арқылы кесіп өтті. Ал үлкендер жағы қатардан қалмау жарысында бақ сынады.


Бұқаралық спортқа баулитын бұл шара – қатысушылардың көбісі үшін отбасылық мереке. Мысалы, ағайынды төрт жасар Марк пен алты жасар Влас Герасименколар екі топта «алтын» алды. Балалардың анасы Наталья «Төрт балам түгел шаңғы спортына әуес. Тенниспен де шұғылданады. Өйткені әкесі – теннис­тен тренер. Балаларым күн сайын Астаналық саябақта шаңғы тебеді» деді.
Шаңғы жарысының жеңімпаздарына медаль мен арнайы сыйлықтар табысталды. Бұған қоса, балалардың көңілін көтерген эстафеталар мен конкурстар ұйымдастырылып, қатысушыларға қуыршақтар үлестірілді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды