«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қанқызыл кезең немесе кішкентай «кісінің» үлкен терроры

0 75

Кеңес Одағы тарихындағы қанқызыл кезең – қанқұйлы үлкен қызыл террор БКП (б) Орталық Комитетінің 1937 жылдың 23 ақпаны мен 5 наурызына дейінгі аралықта өткен әйгілі пленумынан бастау алды. Онда хатшы Иосиф Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктерді, троцкийшілер мен басқа да екіжүзділерді жою шаралары туралы» деп аталатын, өзінің таптық күрестің күшейе түсетіні туралы белгілі тұжырымын қайталайтын баяндамасын жасады. Мұртты көсем өз сөзінде: «…біз неғұрлым алға қадам басқан сайын, табысқа көбірек жеткен сайын қанаушы таптың қираған қалдықтары ызалана түседі, олар күрестің өткірірек түріне бәрінен бұрын баратын болады, осы арқылы Кеңес мемлекетіне залалдарын көбірек тигізеді, күйреп бара жатқандардың соңғы қарулары ретінде күрестің барынша тәуекел түрлеріне көшеді» деді.
Пленум біткеннен кейін елдің аумағынан көптеген «троцкийшілер», «зиновьевшілер», «оңшылдар» ұсталды. Мамыр­дың 14-29-ы күндері жоғары әскери басшылықтағы М.Тухачевский, И.Якир, И.Уборевич және басқалар әскери-фашистік бүлік деп аталатын іс бойынша қамауға алынды. Ал 23 мамырда Орталық Комитеттің «НКВД мәселесі туралы» деген қаулысы қабылданып, БКП (б) қатарынан шығарылғандардың барлығы Мәскеудегі, Ленинградтағы, Киевтегі антикеңестік құрылымдардың құрамдарына жататындары атап көрсетілді. Партияның 8 маусымдағы келесі қаулысы троцкийшілер мен оңшылдарды Азов-Қара теңіз шектері аумағынан Қазақстанның алыс­тағы аудандарына жер аударуды НКВД-ға міндеттеді. Арада төрт ай өткеннен кейін, 2 шілдеде Орталық Комитеттің «Антикеңестік элементтер туралы» деп аталатын № П51/94 шешімі шықты. Сол бойда Сталиннің қолымен жазылып, ұлттық орталық, өлкелік және облыстық партия комитеттерінің хатшыларына жолданған қарарда кулактар ішіндегі белсенділерін қамауға алып, атып тастау үшін барлығын дереу бақылауға алу тапсырылды. Осыған орай бес күн ішінде Орталық Комитетке ату жөніндегі үкімді шығаратын жергілікті жерлер үштігінің құрамы мен қамауға алынатын (сосын атылатын), сондай-ақ, жер аударылуға кесілетін адамдардың саны туралы есеп беру жүктелді.
Аталмыш шешім арсыздығы мен аярлығы жағынан адамзат тарихында ешқандай қуғын-сүргінді өзіне тең келтірмейтін ғаламат репрессияның іле-шала басталып кетуіне берілген «белгі» секілді еді. Оны жүзеге асыру мақсатында НКВД осыдан тура 80 жыл бұрын 30 шілдеде «Бұрынғы кулактарды, қылмыскерлерді және басқа да антикеңестік элементтерді репрессиялау жөніндегі операция туралы» деп аталатын № 00447 санды бұйрық шығарды. Репрессия жөніндегі бірден-бір ресми құжат – осы. Қанқызыл кезең, қанқұйлы заман нақ осы бұйрықтан бастау алған. Осы пәрмен арқылы 1937 жылғы тамыздан 1938 жылғы қарашаға дейін Одақ бойынша 1,5 миллионға жуық адам тұтқынға алынып, олардың 390 мыңы атылды, 380 мыңы ГУЛАГ лагерьлеріне жөнелтілді. Осылайша бастапқыда үш айға ғана созылып, 268 мыңнан астам адамды қуғынға ұшыратып, 75,95 мың адамның өмірін қию жобаланған іс-жоспар әлденеше есеге артығымен орындалып, мерзімі де созылып, ол жаппай қырғынға алып барған үлкен қанқызыл террорға ұласып кетті. Бұған осы қасаптың басы-қасында отырған жер-жердегі үштік мүшелерінің атуға жоғарыдан қосымша лимит беру жөнінде бір-бірімен жарыса сұраған өтініштері жол ашты. Оны ұйымдастырғанның бірі НКВД басшысының өзі екені де көп ұзамай анықталды.

Бойы бар-жоғы 1 метр 51 сантиметр ғана болған оған ел сыртынан бірден «ергежейлі қанішер» деген ат қойып алды. Сол жылдары халық арасына «Ежовтың қолғабы» деген ұғым да кеңінен тарады.

Өзінің қамтуы жағынан орасан зор ауқымға ұласқан осынау операцияның басты орындаушысы КСРО-ның сол кездегі Ішкі істер халық комиссары Николай Ежов болды. Дәл осы қанды қасап басталғанға дейін оны білетіндер оншалықты көп емес-тін. Білетіндердің өзінің ол жөніндегі деректері шамалы еді. Ал репрессия бастала салысымен оның аты ауыздан түспеуге айналды. Бойы бар-жоғы 1 метр 51 сантиметр ғана болған оған ел сыртынан бірден «ергежейлі қанішер» деген ат қойып алды. Сол жылдары халық арасына «Ежовтың қолғабы» деген ұғым да кеңінен тарады. Бұл қандықол комиссардың шеңгеліне бір түскен адамның одан оңайлықпен құтыла алмайтынын білдіретін-ді. Өкінішке қарай, арнайы тапсырмамен газеттер оны өкірте мақтаса, ел ақындары тамсана өлең арнады.
Өзінің алдындағы Вячеслав Менжинский мен Генрих Ягодаға, өзінен кейінгі Лаврентий Берия­ға қарағанда, Ежовтың бір ерекшелігі, ол бұлар сияқты кәсіби чекист емес, салаға партия органдарынан келген қызметкер еді. Сталин оны босбелбеу Ягоданың орнына әкеліп қойғанда-ақ ойында осы террор тұрған сияқты. Ежов чекистер ортасына 1934 жылы келді. Бұл кезде ол Орталық Комитеттегі азық-түлік бөлу бөлімін басқарып жүрді. Осымен бірге БКП (б)-ның партия қатарын «тазалау­мен» айналысатын комиссиясына енгізілді. Сол жылы XVII съезд өтіп жатқан кезде Ягода мен Ежовқа делегаттардың көңіл-күйлерін бақылау тапсырылды. Олар жасырын дауыс беру кезінде кімнің кімге бүйрегі бұратынын мұқият қадағалап тұрды. Сол арқылы Ежов ерекше бір берілгендік кейпімен «сенімсіз адамдар» мен «халық жауларының», яғни Иосиф Сталинге емес, Сергей Кировқа дауыс бергендердің тізімін жасады.
Партия форумынан кейін көп ұзамай Кировтің атып өлтірілгені белгілі. Сталин осы істі тексеруді Ежовқа міндеттеді. Өзіне берілген мұндай сенімге масаттанған Ежов мұртты көсемнің үмітін ақтау үшін барын салды. Сөйтіп, бүліктің бастауында Зиновьев пен Каменев тұрған етіліп құрылған «Киров тасқынының» қаһарына мыңдаған адам ұшырады. Мұның соңы Ленинград қаласы мен облысы аумағынан 39 660 адамның жер аударылуына апарып соқтыр­ды, 24 374 адам әртүрлі жазаларға тартылды. Бірақ мұның бәрі енді болатын үлкен террордың алдындағы дайындық жаттығуы, репетиция секілді ғана нәрсе еді.
Осындай белсенділігі арқасында Николай Ежов 1935 жылғы ақпанда Орталық Комитеттің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы және Орталық Комитеттің хатшысы болып сайланды. Ал 1936 жылдың қыркүйегінде оны тағдыр күллі әлемге қанішер ретінде танытатын қызметіне алып келді. Сол күндері Кавказда демалып жатқан И.Сталин мен А.Жданов Мәскеуге шұғыл жеделхат жіберіп, онда Молотов, Каганович бастаған Орталық Комитет саяси бюросының мүшелеріне Ежовты Ішкі істер халық комиссары етіп, оған орынбасар ретінде Аграновты бекітіп беруді тапсырды. Бұйрық сол бойда орындалып, Ежов қазан айында өзінің жаңа ведомостводағы лауа­зымын атқаруға кіріскені туралы бұйрық шығарды. Қазанның 27-сінде ол саяси бюро құрамына кандидат ретінде енгізілді. 1937 жылдың 27 қаңтарында көк петлицаға маршал жұлдыздары қадалған погоны бар мемлекеттік қауіпсіздік бас комиссары деген жаңа лауазымға ие болды. Сол жылы 17 шілдеде байырғы большевиктерді қуғынға салған «ерлігі» үшін Ленин орденімен марапатталып, Солтүстік Кавказдағы Сулимов қаласына Ежово-Черкесск деген жаңа ат берілді.
Бұл кезде Ішкі істер халық комиссарына мемлекеттік қауіпсіздік пен милиция органдары, бұған қоса, өрт және тасжолдар күзеті секілді қосымша қызметтер бағынатын еді. Ол бүкіл елді уысында ұстайтын алып та үлкен құрылым болатын. Ежов өз орынтағына отырысымен антикеңестік көзқараста саналған, тыңшылық жасайды деп күдік келтірілген адамдарды қуғын-сүргінге салып, партия қатарын «тазалауды», жұртты жаппай қамауды, оларды әлеуметтік ахуалына, ұлты мен ұйымдастырушылық қабілетіне қарай жер аударуды білек сыбана бастап кетті. Бұған Орталық Комитеттің 1937 жылы наурыздағы пленумында берілген НКВД органдарын тәртіпке келтіру жөніндегі тапсырма желеу болды. Соның дүмпуімен ведомствоның 2 273 қызметкері қамалды. Бұдан бөлек, Ежовтың тұсында НКВД-ның жергілікті органдарына қанша адамның қамауға алынып, тергеу кезінде азапталуы қанша адамның атылуы, жер аударылуы немесе түрмелер мен лагерьлерге жіберілуі тиіс екені жөнінде нақты нұсқама келе бастады.
Николай Иванович Ежов, ресми дерекке сай, 1895 жылы Петербургте жұмысшы отбасында дүниеге келген. Кейінірек Ежовтар отбасы Сувалк губерниясына көшіп барып, әкесі Иван полиция­ға жұмысқа кіреді. 1906 жылы олар бастауыш мектептен соң ұлдарын тігіншілікке үйрену үшін Санкт-Петербургтегі туыстарына жібереді.
1915 жылдың жазында Николай өз еркімен армияға алынады. Ол 76-шы жаяу әскерлер полкінде жаттығудан өткеннен кейін Солтүстік-Батыс майданға жөнелтіледі. Бірақ екі айдан кейін жарақат алып қалған солдат тылға қайтарылады. 1916 жылғы жаздың басында ол бойының тым қысқалығына байланысты сап қызметіне де жарамай, Витебскіде орналасқан тыл шеберханасын күзетуге қойылады. Тағы бір деректе оның осы кезде штаб­қа писарь болып алынғаны сөз етіледі. Ол 1919 жылғы сәуірде Қызыл армия қатарына шақырылып, Саратовтағы әскери радистер даярлайтын мектепте писарь болады. Сосын жарты жылдан кейін мектептің комиссары болып тағайындалады. Ежовтың партия органдарындағы мансабы 1921 жылы Мәскеуге қоныс аударғаннан кейін басталды. Мұнда келгесін бес айдан соң Орталық Комитеттің ұйымдастыру бюросы оны Марий облысы губкомына хатшы етіп жібереді. Қаніпезердің мұнан кейінгі ізі Қазақстан жерінде сайрап жатыр.
Ежов бұдан әрі Семей губкомының жауапты хатшысы, Қырғыз обкомы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитеті жауапты хатшысының орынбасары болып қызмет атқарып, Мәскеуге Орталық Комитеттің азық-түлік тарату бөлімінің нұсқаушысы болып оралады. Оны бұл қызметке шақырған 1925 жылдың желтоқсан айында өткен БКП (б) XIV съезі кезінде танысқан Иван Москвин еді. Ол екі айдан кейін Орталық Комитеттің азық-түлік тарату бөліміне меңгеруші болып тағайындалады да, Николайды өзіне нұсқаушы етіп қызметке алады.

Сталин мен Ежов қолға алған нау­қан барысында Одақ бойынша 3,5-4 миллионға жуық тұрғын репрессияға ұшырап, 650 мыңдай адам атылған деген дерек бар.

1930 жылғы қарашада Ежов өзінің бастығы Москвиннің орнына отырады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл кезде оның Сталинмен жеке таныстығы орнап қойған секілді.
«Мен Ежовтан артық үлгілі қызметкерді білмеймін, – деді Москвин 1936 жылы ГУЛАГ-та отырған өзінің күйеу баласы, жазушы Лев Разгонға. – Дәлірегі, қызметкерді емес, орындаушыны. Оған бір нәрсені тапсырып қойып, тексермесе де болады, ол мұны тап-тұйнақтай етіп жасайды. Ежовта бір ғана кемшілік бар: ол бір бастаған ісін қайтып тоқтата алмай қалады. Сондықтан кейде дер кезінде тоқтата қоюға тура келеді».
Екеуі бірге қызмет етіп жүрген кездерінде Москвин күн сайын түсте үйіне келіп тамақтанатын еді. Көп ретте Ежовты өзімен ерте келетін. Бастығының әйелі Софья мұны «торайша» деп еркелетіп атап, жақсылап тойындырып жіберуге тырысатын.
1937 жылы Москвин атақты 58-бап бойынша «10 жылға хат жазысу құқынан» айрылған сипатпен Сібірге лагерьге айдалды. Ежов өзінің алдына ол жөнінде «Қамалсын» деген стандартты қарар келгенде, міз бақпастан, қол қойып, жанына «Әйелі қоса қамалсын» деп жазып қояды. Осыдан кейін Софья Москвинаға ағылшын барлау қызметінің тапсырмасы бойынша Ежовты у беріп өлтірмекші болды деген айып тағылып, аяқ астынан атылып кетеді. Егер бұрын отбасының «досы» болған комиссар араласпағанда, байғұс әйел лагерьге айдалу секілді «жеңіл-желпі» жазамен құтылып кететін бе еді…


1937-1938 жылдары Одақ аумағын ала құйындай шайқалтып өткен репрессияның бар зардабы мен залалын Қазақстандағы зиялы қауым да аз тартқан жоқ. Сол екі жылға толар-толмас уақытта «ұлтшыл-фашист» және тыңшылық жасады деген айыппен қазақтың көптеген қайраткерлері қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды. Мәдениет пен өнердің Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Жақып Ақбаев, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Ғаббас Тоғжанов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Жұмат Шанин, Қошке Кемеңгерұлы сияқты ұлт майталмандары солардың жолын құшты. Бұлардың бәріне тағылған айыптар есті адамның күлкісін келтіреді. Олардың арас­ында Қазақстанда 20-30 жылдары орын алған көтерілістерді қолдаушы болды, ауыл шаруашылығындағы дағдарысты ұйымдастырды, жапон барлау қызметіне жұмыс жасады, республиканың Одақтан бөлініп шығуына әрекет етті деген сияқты тіркестер көбірек кездесті. Республикада 1937 жылы осы тәрізді айып бойынша 105 мың адам қамалса, солардың 22 мыңы атылып кетті. Сталин мен оның Ежов сияқты ергежейлі жандайшабы жүргізген Қызыл террор қазақ ұлтының қаймағын сылып түсті, тіпті олардың әйелдері, өзге де отбасы мүшелері қанды шеңгелден құтылмады.
1937 жылдың басында Қазақстанның Орталық Комитетінде 85 мүше мен 35 кандидат болса, жыл соңында солардың 38-і ғана қалды.
Ел есеңгіреп қалды, жұрт ішінде үлкен үрей пайда болып, жақын адамдардың өзі бір-біріне сенбей секемденетін, күдіктенетін, бір-біріне арыз «домолататын» зар заман туды.
Сталин мен Ежов қолға алған науқан барысында Одақ бойынша 3,5-4 миллионға жуық тұрғын репрессияға ұшырап, 650 мыңдай адам атылған деген дерек бар. Кешегі күні көсемнің жанында бірге жүріп, төңкеріс жасаған Троцкий, Каменев, Зиновьев, Рыков, Бухарин сияқты ең сенімді серіктері мен олардың мүдделестері түгелдей жойылды. Бұлар құрған елдің қызыл жалауы қызыл қан мен қызыл террордың символына айналды.
1938 жылдың басында Ежов «қожайынның» өзіне салқын тарта бастағанын байқайды. Жоғары лауазымды чекист Михаил Шрейдер кейін баяндағандай, халық комиссары өз саяжайында әбден арақ ішіскеннен кейін қарауындағыларға: «Бүкіл билік біздің қолымызда. Кімді өлімге кесуді, кімге аяугершілік жасауды өзіміз ғана шешеміз. Енді обком хатшыларынан бастап барлығы біздің аяғымыздың астында жүрулері керек» дейді.
Николай Ежовтың «ұлы көсем» ықыласынан қағыс қалуының бас­ты себебі оның өзіне тиісті міндетті атқарып болғанында жатса керек. Ол бұдан кейін де жылға жуық уақыт өзінің орынтағында отырды. Алдымен 1938 жылғы 8 сәуірде Су көлігі наркомы қыз­метін қоса атқаратын болып белгіленді. 22 тамызда оған Лаврентий Берия орынбасар болып келді де, биліктің бишігін өзіне тартып ала бастады. Наркомат бойынша бұйрықтардың бәріне екеуінің қолдары қатар қойылатын болды. Қараша айында Иванов облыстық НКВД бастығы Журавлев Орталық Комитеттің саяси бюросына Ежовты айыптаған хат жолдады. Қарашаның 17-сінде сол хат бойынша қауіпсіздік қызметінің жұмысына қатты соққы берілген қаулы қабылданды. 23 қарашада Ежов өз еркімен қызметтен босату туралы өтініш берді. Екі күннен кейін ол орнын босатып шықты. Бірақ Су көлігі наркомы болып қала берді. 1939 жылғы 10 қаңтарда Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Вячеслав Молотов жұмысқа кешігіп келгені үшін Ежовқа сөгіс берді. Ал 9 сәуірде Су көлігі наркомы қызметінен де кетті.
Ежов келесі күні Маленковтың кабинетінде тұтқынға алынды. Оның ісін Берия мен оның досы Богдан Кобулов жүргізген. Ежовқа мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті деген айып тағылды. Мұндай айыптардың қалай тағылатынын, оны мойындамаса өзінің қандай хәлге душар болатынын өте жақсы білетін, осы жүйені өзі қалыптастырған Ежов тергеу кезінде де, сотта да ақталған жоқ, бәрін мойындай берді. «Мен саланы 1400 чекистен тазарттым, – деді ол. – Бірақ менің кінәм мұнда емес, мен солардың санын бұдан да арттыра алмағаным үшін өкінемін. Мен өз қанатымның астына диверсанттарды, зиянкестерді, тыңшыларды және халық жауларының басқа да түрлерін жасырып келіппін».
Кеңес Одағы секілді орасан зор көлемді алып жатқан алып елде үлкен террордың басты жүргізуші-орындаушысы болған кішкентай кісінің соңғы сөзі осы болды. Сол замандағы қаншама біртуар, ұлтжанды, ұлы тұлғалардың тағдыры осындай ергежейлі бойлы, ұсақ ойлы шабарман жендеттердің қолында болғаны өкіндіреді. Тоталитарлық замандағы қызыл террордың ауыр сабағы осындай…

Еркін ҚЫДЫР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды