Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ҚАНАТТЫҢ ҚАРСЫЛАСЫ – КУК

Алдағы сенбі, 9 қыркүйек күні Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде көптен күткен «Кәсіпқой бокс кеші» өтеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдас­тырылатын айрықша спорт шарасының басты оқиғасы отандасымыз Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук арасындағы жекпе-жек болмақ.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ZHERSU» корпорациясы, «ВІ Group», «Базис А», «Mabetex Group» компанияларының қолдауымен өткізілетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Исламның бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental және WBO-NABO нұсқалары бойынша жеңіп алған атақтары сарапқа салынатын болады. Яғни, қазақ боксшысы чемпиондық атақтарын бәске тігіп отыр.

Ал канадалық Кук болса, чемпиондық атақтарды жеңіп алуға келгенін ашық айтады. Кәсіпқой бокста әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген Брэндонның проумоутері де өз шәкіртінің тек жеңіс үшін айқасатынын жеткізді.

Бұл бокс кешінің көркін ашатын тағы бірнеше жекпе-жек көретін боламыз. Атап айтқанда, бүгінде кәсіпқой бокста едәуір шыңдалып қалған қазақ жігіттерінің шайқастарын тамашалаудың сәті түс­пек. Бұл ретте қазақ жанкүйерлері сеніммен қарайтын Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы, Димаш Ниязов және Нұрсұлтан Жаңабаев шаршы алаңға шығады. Қазақ боксшыларына қарсы тұратын шетелдік былғары қолғап шеберлері де осал болатын емес. Мәліметтеріне қарағанда бәрі де кәсіпқой бокста ысылған спортшылар екен.

Ертең, 8 қыркүйекте сағат 13.00-де «Хан Шатыр» сауда орталығында боксшылардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Ал бокс кешіне кіру билеттерін Zakazbiletov.kz BiletiAstana.kz cайты немесе Астана қаласындағы мына кассалардан сатып алуға болады: «Керуен» ССО, Достық көшесі, 9; «Мечта» сауда орталығы, Республика даңғылы, 45; «BiletiAstana.kz» кеңсесі, Жеңіс даңғылы, 34; «Астана Арена» стадионы, Тұран даңғылы, 54.

Сонымен, 9 қыркүйекте «Сарыарқа» велотрегінде керілген шаршы алаңда алапат айқастар болайын деп тұр. Қанат Ислам бастаған қазақ жігіттеріне қолдау көрсетейік, қадірлі жанкүйер қауым. Жекпе-жектер 18.00-де басталады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*