«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қан тапсыру – ғұмырыңды ұзарту

0 38

Қан тапсыру арқылы адам өзгеге өмір сыйлай отырып, өз ғұмырын да ұзарта алады. Бұл туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының мамандары мәлімдеді. Күніне 150-ге жуық донор қан тапсырады

Мамандардың пайымдауынша, жиі қан тапсыратын тұрақты донорлар орташа өмір сүру уақытына қарағанда 5 жылға көбірек ғұмыр кешеді.
Жалпы, әртүрлі жағдайда жарақат алып, көп мөлшерде қан жоғалтқан науқасқа донорлардың қаны ауадай қажет. Бұл тұрғыда осы жұмыспен айналысатын қан орталығына артылар жүк ауыр. Әрбір үшінші адам өз өмірінде өзге біреудің қанына мұқтаж екенін ескерсек, донорлық қан болмаса, онкологиялық дертке, қан ауруларына шалдыққан, өліммен арпалысқан қаншама жанды аман алып қалу мүмкін болмас еді.
Нұр-Сұлтан қаласы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы бүгінде елорданың 22 медициналық ұйымының қан компоненттеріне деген қажетті­ліктерін қанағаттандырып отыр.

Донацияның денсаулыққа қандай пайдасы бар?

Қан орталығында күніне 120-150-ге жуық адам донор болады. Орталық қызметкерлерінің дерегінше, қан тапсыруға ниет білдірушілер қатарында студенттердің белсенділік деңгейі жоғары. Соның ішінде қан және оның компоненттерін тапсыратын адамдардың елеулі бөлігі – 21 мен 40 жас аралығындағы еріктілер. Олар жалпы көрсеткіштің 60 пайызын құрайды екен. Олар 450 мл көлемінде қан тапсырады. Ерлер жылына 5 рет, әйелдер 4 рет тапсыра алады.
– Қан тапсыруды «өзін-өзі жаңарту» деп атауға болады. Ол денсаулыққа өте пайдалы. Мәселен, жүрек-қан тамырлары ауруларының, иммундық жүйе­нің, ас қорыту, бауыр, ұйқы безі жұмысының бұзылуын алдын алады. Егер көп қан жоғалтқан адам кезінде қан тапсырған болса, онда ол науқастың аман қалу мүмкіндігі мол. Тұрақты қан тапсыру бүкіл ағзаның жасаруына, ағзалар мен тіндердің алмасуын жақсартуға ықпал етеді. Донор болған адам тұрақты медициналық тексерулер мен инфекцияларға тегін талдау жүргізіп, өз денсаулығын үнемі бақылап отыра алады. Ең бастысы, донор өзге жанға жақсылық жасай отырып, өзін рухани бай сезінеді, – деген Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының терапевті, трансфузио­лог Айгерім Сағамбаева өзінің де тұрақты түрде қан тапсырып тұратынын айтады.

Сүйек кемігінің жасушасын трансплантациялау тиімді ме?

Ал аталған ғылыми-өндірістік орталығының тағы бір транфузио­логы Серік Айтымов мұнда сүйек кемігін трансплантациялау­ды зерттеу жұмыстарының қызу жүргізіліп жатқанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда жыл сайын 35 мыңнан аса адам онкологиялық ауруға шалдығады.
– Кей жағдайда сүйек кемігінің жасушаларын трансплантациялау науқасты құтқарудың жалғыз амалы болады. Сүйек кемігін немесе бағаналық жасушаны ауыс­тыру нәтижесінде 70-тен аса түрлі дерттен оның ішінде лейкемия және лимфома, сондай-ақ пластикалық анемия, миелодиспластикалық синдром, обыр түрлерін және басқа да өлімге қауіпті дерттен толық емдеуге мүмкіндік бар, – дейді ол. – Трансплантация­ның «ауто» және «алогенді» деп аталатын екі түрін орындаймыз. «Ауто» дегеніміз – адамның өзінен алған сүйек кемігі. «Алогендіде» науқастың өзінің сүйек кемігі дұрыс болмаған жағдайда, донордың сүйек кемігі алынады. Қазір бұрынғыдай емес, 3-4 сағат ішінде толығымен қан құрамындағы қажетті жасушаларды ешқандай зиянсыз алуға болады. Алдағы жоспарымыз – қан терапиясын зерттеу. Адамның ағзасындағы ісікті өз иммунитетінің көмегімен жою.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ,
Қаржы академиясының студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды