«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

0 43

Еліміздің екі өңірі – Астана қаласы мен Алматы облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Тиісті меморандумға елорда әкімі Әсет Исекешев және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қол қойды.

ЭКСПО қалашығында өткен кездесудің басты мақсаты – әлемдегі ең озық технологияларды қолдана отырып, қалдықтарды тиімді басқаратын аймақтық инновация­лық жүйені құру. «Оператор РОП» компаниясымен бірігіп жасалатын бағдарламаның ең өзекті мәселесі – тұрмыс­тық қалдықтарды шығаратын көліктің қозғалысын бақылайтын ақпараттық жүйенің енгізілуінде.

– ЭКСПО көрмесі – қаланың дамуына септігін тигізетін алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу үшін таптырмас мүмкіндік. Елбасы әрқашан экология мәселесін де, қалдықтарды тиімді әрі қауіпсіз өңдеуді де жіті бақылауда ұстайды. Сондықтан қала әкімдігі елордадағы қалдықтарды басқару жүйе­сін жетілдіруді қолға алып жатыр. Бұл қалдықтарды сұрыптаудан бастап, оларды инновациялық технологиялар негізінде өңдеуге дейін қадағалайтын бағдарлама, – деді алқалы жиында сөз алған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Қала басшысының айтуынша, бүгінгі таңда қалдықтарды басқару жүйесі әлемде жоғары қарқынмен дамып келеді. «Бұл тақырыпқа қатысты ЭКСПО аясында он шақты кездесу ұйымдастырдық. Финляндия, Германия, Италия сынды елдердің осы саладағы тәжірибесімен танысып, әдістерін зерттеп жатырмыз» деді ол.

– Астанада қабылданған бағдарламаға қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу және полигонға көму кіреді. Қала аумағы 24 аймаққа бөлініп, әрбіреуінде 10 мыңнан астам қоқыс жәшігі орнатылды. Күн сайын мыңдаған тонна тұрмыс­тық қатты қалдықты шығару үшін 70 арнайы техника жұмылдырылады.

Әсет Исекешев бағдарлама екі кезеңде жүзеге асатынын жеткізді. Бірінші кезең осы жылы қалдықтарды өңдеу кешендерін қосымша технологиялардың көмегімен жаңартуға арналса, екінші кезеңде 2019 жылға қарай органикалық қалдықтарды ашыту мен қоқыс газын қайта өңдеу арқылы қайта өңдеу тереңдігін 75 пайызға дейін көбейту көзделген.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды