«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланың шеткі аймағын аралады

0 24

Осы айдың аяғында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссиялары қоғамдық тыңдауларды өткізеді. Онда қаладағы шеткі аймақтарды дамыту жайы қаралады. Осыған орай мәслихат депутаттары бірқатар тұрғын алаптарды аралап, олардың жағдайымен танысты.


Осы күндерге дейін шеткі аймақтардың инфрақұрылымына байланысты көптеген сындар айтылды. Мәслихаттың өзінде бұл мәселе бірнеше мәрте қызу талқыланды. Алдымен Көктал-2 тұрғын алабына барған депутаттар жағдай жақсы жағына өзгеріп келе жатқанын атап өтті.
Осыдан бір жылдай бұрын халық қалау­лылары бұл тұрғын алапты аралағанда жолдар құрылысындағы олқылықтарды байқаған еді. Осы жолы жолдардың салынуына олардың көңілдері толды. Біраз жерге асфальт төселді. Спортпен айналысуға арналған арнайы алаңдар да салынды. Кент тұрғындары соған қуанып жүр. Мұны депутаттармен ұшырасып қалған әжейдің сөзінен байқадық.
«Бұрын Көкталда осындай алаңдар жоқ еді. Қаланы алыссынатынбыз. Кентте тренажерлердің орнатылғаны жақсы болды. Алысқа бармай, өз үйіміздің маңайында спортпен айналыса аламыз» деді ол.
Әрине, бүкіл мәселе шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Абаттандыру, көгалдандырумен байланысты проблемалар бар. Әсіресе, депутаттар Шығыс Ильинкаға барып, біраз мәселені анықтады.
Бұл тұрғын алапты жобалағанда әу бас­тан қателіктер кеткен. Кенттің өзі саз-­батпақты жерде орналасқан. «Алдымен аумақты құрғатып барып, халыққа жер телімдерін беру керек еді. Енді мынадай жағдайға тап болып отырмыз» деді депутат Қарақат Абден жартылай суға батып тұрған үйлерді көргенде. Депутат сонымен қатар үйлердің бейберекет салынғанына, құрылыс тәртібі сақталмағанына назар аударды.
«Жағалау» шағын ауданында кейінгі жылдары көптеген тұрғын үйлер салынды. Ауданды абаттандыру, оның инфра­құрылымын салу да рет-ретімен жүріп жатыр. Жақында онда жылы аялдама да орнатылды. Алайда оның құрылысы аяқталмай қалған. Оған барған депутаттар оларды ертіп жүрген жауапты адамдарға бұл олқылықты тезірек жою керектігін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды