«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланың қауіпсіздігіне жауаптымыз

0 23

«Ең өзекті міндеттердің бірі құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалау болып отыр. Мемлекеттік күштік құралы ретіндегі полиция бейнесі біртіндеп өткеннің еншісіне кетіп, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады» деді ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жолдауда. Бас қаламыздағы полиция қызметінің бүгінгі ахуалы қандай, реформаға байланысты нендей өзгерістер орын алуда, осы туралы білмек болып Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Госман Жакиннен сұхбат алған едік.

– Бүкіл қаланың қауіпсіздігіне жауап беретін болғандықтан сіздің департаменттің жұмысы ауқымды, соңғы кезде қол жеткен жетістіктеріңіз бар ма, мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты?
– «Құқық бұзушылықтың алдын алудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жүзеге асыру елорда аумағындағы қылмыс динамикасына оң әсер етті, соңғы үш жылда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны азайды. Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу үшін үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде кәмелетке толмағандарға арналған баспаналары бар дағдарыс орталықтарымен де өзара іс-қимыл орнатқан. Сонымен қатар, «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы аясында әкімшілік сотпен және қоғамдық құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандум тегін кеңес беру, заң және психологиялық көмек, агрессорлармен және жәбірленушілермен кәсіби жұмыс, жұмысқа орналасуға көмек, дағдарыс орталығында оңалту мәселелерін қарастырады.
– Сіздің салада профилактикалық шаралардың маңызы зор, осыған тоқталсаңыз…
– Әрине, біз профилактикаға баса мән береміз. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жауапкершілікті күшейту аталған қылмыс түрлерінің алдын алудың пәрменді тетігіне айналуы тиіс. Бұл, әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын және олардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту факторына айналады. Сондықтан учаскелік полиция инспекторлары маскүнемдерге, нашақорларға және отбасылық бұзақыларға, бұрын сотталған адамдарға профилактикалық бақылау күшейтті.
– Жуырда қала әкімі А.Көлгінов цифрландыру арқасында өткен жылы жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім-жітім 43 пайызға, апаттардың 10 пайызға төмендегенін келтірді.
– Әкімдіктің қолдауымен жолда жүру ережелерін бұзушылықтарын тіркеудің автоматты жүйесі енгізілуде, соның көмегімен жолда жүру ережесінің 865 мың 818 бұзушылықтары тіркелді. Көлік құралдарының иелеріне жалпы сомасы 3 млрд 153 млн теңгеге айыппұл төлеу қажеттілігі туралы 518 мың ұйғарым жіберілді, оның ішінде 2 млрд 810 млн теңге өндірілді.
– Халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделі және цифрландыру бағытындағы игіліктер жайында не айта аласыз? Бейнебақылаудың пайдасы бар ма?
– «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру аясында 2017 жылдан бастап елордада «Сергек» фото-бейне тіркеу және бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы, қалада бейнебақылау жүйесін пайдалану қоғамдық орындарда қылмыстың 27,6 пайызға, оның ішінде көшелерде 40,2 пайызға төмендеуіне ықпал етті. Қоғамдық құрылымдар көмегімен 8 қылмыстың беті ашылып, 823 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға көмек көрсеткені үшін 223 адам 5 млн теңгеден астам сомаға марапатталды.
– Көптеген қала тұрғыны өз полициясын білмейді, танымайды…
– Тұрғын үй кешендерінің аулаларында азаматтарды мобильдік қабылдаулар тәжірибеге енгізілді, көппәтерлі үйлердің лифттерінде LED-мониторларда учаскелік инспекторлар туралы ақпараттық мәліметтерді орналастыру мәселелері пысықталуда. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында қаланың барлық өмір салты мәселелері бойынша, соның ішінде полиция желісі бойынша өтініштер қабылдайтын «Ikomek109» байланыс орталығы жұмыс істейді. Әкімдіктің қолдауымен Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері бейнетіркегіштермен және планшеттермен қамтамасыз етілген, «Телеграм» мессенжерінде «Смарт-Астана» виртуалды көмекшісі арқылы қала тұрғындары үшін үй мекенжайы бойынша өзінің учаскелік инспекторын іздестіру мүмкіндігі әзірленді.
– Жедел алдын алу шаралары қалай жүруде?
– Елорда аумағында Полиция департаментінің қызметкерлерімен ағымдағы жылғы 15 қыркүйек пен 10 желтоқсан аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, өз аумақтарындағы тұрып жатқан азаматтар туралы мәліметтерді алу және ІІО кезекші бөлімдері мен учаскелік полицейлердің байланыс деректері бар визиттік карталарды тарату үшін пәтерлер мен аулаларда тексеру жүргізуде. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына жүргізіліп жатқан іс-шараға түсіністікпен қарап, құқық бұзушылықтарды анықтауда жәрдем көрсетулерін сұрайды.
– Нұр-Сұлтанға шетелден де, өзге өңірлерден келушілер легі толастамайды, негізінен, қандай қылмыс түрлері басым?
– Учаскелік полиция инспекторлары 17 мыңнан астам пәтерге және 2,5 мыңға жуық жер үйлерге тексеріс жүргізген. Тұрғылықты жері бойынша ІІО-да есепте тұрған 1 мыңнан астам адам, сондай-ақ 1 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексерілген. Жалға берілетін 200-ден астам пәтер анықталып, ол жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Кірістер департаментіне ақпарат жолданды. Жедел-алдын алу іс-шарасы арқылы 3,5 мыңнан астам адам, оның ішінде: ҚРӘҚБтК-нің 492-бабы «Қазақстан Республикасында тiркеусiз тұру» бойынша – 1046, ҚРӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша – 256-дан астам, ҚРӘҚБтК-нің 440-бабы «Қоғамдық орындарға масаң күйде келу» – 676-ға жуық адам және т.б. әкімшілік жауаптылыққа тартылды. ҚРӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған 60 шетелдік азамат анықталды. Елордалық полицияда жұмыс істей отырып, өзімізге жүктелген жоғары жауапкершілікті сезінеміз. Бізге азаматтардың тыныштығын қорғауға және еліміздің бас қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге сенім білдірілген. Елорда полициясы Нұр-Сұлтан қаласы үлгілі құқықтық тәртібі бар қауіпсіз қалаға айналуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды