«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланың қақ ортасы қараң қалған

0 77

20 жыл ішінде биік белесті бағындырған Астананың бүгінде әлемнің үздік қалаларымен терезесі тең. Бірақ кемсіз дүниенің болмайтыны секілді елордада да қалпына келтіруді, жақсартуды қажет ететін көшелер, ықшам аудандар жоқ емес. Солардың бірі – «Шұбар» тұрғын алабы.

Тұрғындар базынасы

«Шұбар» тұрғын алабы елорданың сол жағалауында орналасқан. Еншісінде 2400-ден аса тұрғын, 820 жекеменшік тұрғын үй бар. Бұл жерге Министрліктер үйі сияқ­ты рес­публикалық маңызы бар нысандар қол созым жерде-ақ тұр. Сарайшық көшесінің бойын­дағы «Лазурный квартал», «Мисон» тұрғын үй кешендерінен ары ассаңыз, «Шұбар»-дан бірақ шығасыз. Бірақ жақсы жерде орналасқанмен, «Шұбар» тұрғын алабының «сырты бүтін, іші түтін». Яғни мәселесі шаш етектен. Біріншіден, көшелері ығы-жығы. Со­ның салдарынан қоғамдық көліктер ықшам ауданның сыр­тынан айналып өтуге мәжбүр. Көмір таситын жүк көліктері амалдың жоқтығынан әрең кіреді. Оның үстіне, көшелердің жарықтандырылуы мен жолдардың мәселесі тағы бар. Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, мұндағы 44 көшенің 23-і ғана жарықтанды­рылған. Ал тұрғындардың айтуынша, бар болғаны Арай, Космонавт, Ермеков сияқты санаулы көшеде ғана жарық бар. Ал қалған көшелердегі электр бағандарының жарық шашып тұруы сирек көрінеді. Тіпті кейбір көшелерде жарық шамдары орнатылмапты да.
Бұл мәселелер жайлы кез келген тұрғыннан сұрасаңыз, жіпке тізгендей етіп айтып береді.
6 жылдан бері осы тұрғын алапта тұрып жатқан Индира Мизамитова ықшам аудан мәселесі жайлы былай дейді:

– Тұран, Қабанбай даңғылдарындағы кептелістен қашатындар «Шұбар» арқылы өтіп кетпек болып, осында келеді. Содан онсыз да тар көшелерде аяқ алып жүретін жер болмай қалады. Ал отын-судан аса тарлық көріп отырған жоқпыз. Бірақ коммуналдық төлем қалтаға соққы болып тиіп жатыр. Мысалы, қыс бойы 15 тонна «Шұбаркөл» көмірін жағамыз. Бұдан бөлек, айына коммуналдық қызмет төлемі тек электр қуатының өзіне 25 мың теңге шығады. Өйткені суық су орталықтандырылған жүйеге қосылғанмен, ыстық су мен кәріз жүйесі оған қосылма­ған. Сондықтан су ысытқыш құралын қолданамыз. Қолдан қаздырған кәріз құдығын аптасына екі рет тазалатамыз. Оның әр тазалаған қызмет құны – 3500 теңге. Сонда осының өзіне айына 25-30 мың теңге кетеді.
Айта кету керек, «Шұбар» тұр­ғын алабында Нұртас Оңдасынов, Әлімхан Ермеков, Мұқағали Мақатаев сынды қазақтың бір­туар тұлғаларының есімі берілген. Сол сияқты Алпамыс батыр, Қараөткел сияқты басқа да тарихи маңызы бар атаулар көптеп кездеседі мұнда. Бірақ бұл ықшам ауданға тек қонаққа баратындар болмаса, былайғы уақытта адам аяғының баса бермейтінін ескерсек, мұндай есімдердің елеусіз аумақта тұрғаны өкінішті. Бұл тұрғыда Тілдерді дамыту және арxив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркептің айтуынша, барлық ірі тұлғалардың есімдерін орталықтағы көрікті көшелерге сыйдыру мүмкін емес.

Депутат ықпалы

«Шұбар» тұрғын алабының мәселесі қалалық мәслихат отырыстарында да талай рет талқыға түсті. Халық қалаулысы Рамзия Умербаева өз учаскесінің мәселесін мәслихат мінберінде үнемі көтеріп, түйіні шешілмеген түйт­­кілдерді жіліктеп, жауапты маман­дарға депутаттық сауал жолдауды дәстүрге айналдырған. Белгілі бір мөлшерде соның да әсері болса керек, бұрынғы жылдармен салыстырғанда мұндағы жағдайдың біраз реттеліп қалғанын айтады тұрғындардың бірі.
Бұл тұрғыда мәслихат депу­таты Рамзия Умербаевадан мұн­­­дағы мәселенің мән-жайын сұрадық.


– Барлық мәселе бойынша жа­қында жұмыс тобымен «Шұбар» тұрғын алабына рейд жүргіздік. Жұмыс тобының құрамында жергілікті билік өкілдері мен жол полициясы болды. Рейд барысында әр саланың 12 маманы бас қосып, «Шұбар» мәселесін жан-жақты талқыладық. Нәтижесінде біраз қажетті жұмыстар жүргізілетін болды. Мәселен, кө­ліктер жылдамдықты шамадан тыс арттырмас үшін кейбір көшелердің жолына бәсеңдеткіш (лежащий полицай) қойылады. Сонымен қатар «Astana LRT» компаниясының өкілі қоғамдық көлікті ішкі көшелерге кіргізу жағын қарастыратынын айт­қан болатын. Нәтижесінде «Шұбар» тұрғын алабына №601 шағын автобусы кіретін болды. Сондай-ақ қар тазалығы, ауладан көше бойына шығып кеткен ағаштарды кесу сияқты мәселелер де күн тәртібіне қойылды. Ал жарықтандыру, жол жөндеу бойынша тиісті басқармаларға бюджеттен қосымша қаржы қарастырылып, «Шұбар»-дағы бірқатар көшелерге жөндеу жүргізу келер жылдың жоспарына енгізілді, – дейді Рамзия Умербаева.

Сергей Галов,
«Шұбар» тұрғын алабындағы
Темірқазық көшесінің тұрғыны:

– Осында тұрып жатқаныма 15 жыл болды. Бұрын кеш батса, төбелес болып жататын. 7-8 жылдан бері бұл жерде әжептәуір тәртіп орнады. Полицейлер де көп жүреді қазір. Осында алғаш көшіп келгенімде құрылысы бітпеген нысандар көп еді. Бұл жағы да реттеліп қалды. Қаңғыбас ит-мысықтар да азайды. Тро­туарлар пайда болды. Алайда автобус мәселесі шешілмей тұр. Бүкіл ықшам ауданда бір ғана аялдама бар. №127 қоғамдық көлігі ықшам ауданның ішкі жағына кірмейді. Автобуспен жүру үшін тұрғындар Космонавт көшесіне сабылады. Мысалы, менің келіншегім автобусқа отыру үшін 1,5 шақырым жаяу жүріп барады.

Сәкен ЕСІРКЕП, Тілдерді дамыту және арxив
ісі бас­қармасы басшысының орынбасары:

– Бұрыннан қалыптасқан көшелердің атауын қайта өзгерту – оңай шаруа емес. Өйткені заңды тұлғалардың орналасқан мекенжайы сол көше аттары бойынша тіркелген. Көше атауын өзгерткенде бұл жағы жіті ескеріледі. Дегенмен «Шұбар» тұрғын алабындағы қысқа көшелерге аты берілген Нұртас Оңдасынов, Мұқағали Мақатаев сияқты көрнекі тұлғалардың есімін жаңадан салынып жатқан ірі даңғылдарға ауыстыру жөнінде тұрғындардан ұсыныстар түсіп жатса, ономастикалық комиссия бұл мәселені қайта қарастыратын болады.

Гүлнар ҚҰСАЙЫНОВА, «Астанабасжоспар»
ҒЗЖИ» ЖШС бас экономисі, директор орынбасары:

– «Шұбар» тұрғын алабын сүру – өте қымбат жоба. 2011-2012 жылдары «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін осы жерге орналастыру туралы ұсыныстар болған. Бірақ артынша ауданды күреудің шығыны және жер учаскелері құнының есебі белгілі болған соң сүру туралы идеяны ұсынушылар бастапқы ойларынан бас тартты. Инвесторлар үшін бұл жер тиімсіз болды. Сондықтан бұл аумақтың сүрілуі екіталай.

Әлия ЖАРҚЫМБЕКОВА, «Astana LRT» ЖШС қоғам­мен
байланыс қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы:

– 8 қыркүйектен бастап бұрынғы №127-нің орнына №1А маршруты құрылды. Жаңа мар­ш­рут «Шұбар» ықшам ауда­нындағы 78 көше, 7 үй мекенжайындағы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және «әл-Ғани» атындағы мешіт маңы мен «Кирпичный» тұрғын алабын байланыс­тырады. Алайда Iveco Crossway LE City маркалы 13 метрлік көлікпен «Шұбардың» тар көшелерінде жүру қауіпті. Мұндай көшелерде тек шағын автобустар ғана жүре алатындықтан, 17 орындық Iveco Daily mini bus-тар жіберіледі. 2019 жылдың басында бұл маршрут №601 болып өзгертіліп, жаңа бағыт бойынша жүреді. Жалпы, келер жылы Арай көшесінде қоғамдық көліктің айналуына арналған алаң салу жоспарлануда. Сол кезде бұл аумақта үлкен автобустар да жүретін болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды