«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланың көпірлері

0 20

Елордамыздың тарихына көз жүгіртер болсақ, 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертілді. Қаланың көшелері бұрын қандай еді? Тың игерушілер қаласы, еңбекқор жастар қаласы, үкілеген үміттер қаласы… жылдар өткен сайын қалай өзгеріп жатыр?
Бүгін біз «Архивті ақтарғанда…» атты айдарымызды ашып, оның жүргізушісі Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу бөлімі басшысы Ғазиза Исаханның мәліметтері бойынша мақалалар беруді бастаймыз.Бұрын Ақмола, Целиноград атанған қаланың бүгінгі келбеті адам танымастай өзгерді. Қазіргі елордамыздың сән-салтанатын, түнгі астанамыздың көздің жауын алар сұлулығын тамашалау­ға республикамыздың, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келіп жатады. Бүгінде шаһарды екіге бөліп жатқан Есіл өзенінің қос жағалауын жалғас­тырған бірнеше көпір бар. Архив суреттеріне зер салып қарасақ, қаланың қалай өзгергенін көруге болады.Әлемдік өркениеттің бір белгісі көпір салу болса, іргесі қаланғанына көп уақыт болмаған еліміздің астанасы бұл бағытта да сол өркениетке бет түзеп келеді. Мәселен, Ақмола жұмысшы депутаттары кеңесі атқару комитетінің 1961 жылғы 15 ақпандағы №43/4 шешімімен бір кездері Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауын жалғаған жалғыз көпірдің құрылысы туралы қаулысы қабылданған болатын. Әр көпір өзіндік қайталанбас архитектурасымен ерекшеленеді. Кейіннен астана әкімдігінің 2009 жылғы 14 қыр­күйектегі №70 қаулысы және елордалық мәслихаттың 2009 жылғы 18 қыркүйектегі №253/38-IV шешімімен Желтоқсан көшесін қалалық саябақпен қосатын, Есіл өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі «Серуен» деп аталды. Бұл нысан бір кездері, жоғарыда айтқанымыздай, осыдан 58 жыл бұрынғы Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауын жалғаған жалғыз көпірдің орнында қайтадан салынып отыр. Ұзындығы 240 метрден асатын, ені 25 метр болатын көпір құрылысында қазіргі заманғы технологиялар кеңінен пайдаланылған. Ол халықаралық стандарттарға толық жауап береді. Көпірдің үстінен өткен адам өзін ерке Есілдің толқындарына тербелгендей сезінеді. Себебі көпір арнайы серіппелердің үстіне орнатылған. Бүгінде елорданың ескі бөлігі мен жаңа ауданын жалғап жатқан Есіл өзенінің жағалауы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды