«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланы жақсартуға қатысыңыз!

0 14

Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет Қалалық даму акселераторы іске қосылды.

Бұл – 100 күн ішінде жүйелі және стратегиялық мәселелер шешімдерін іздеу және іске асыру аясында әкім мен орынбасарларының жетекшілігімен әкімдік қызметкерлері, сыртқы сарапшылар, белсенді тұрғындар өзара жұмыс жасайтын ортақ алаң.
Қалалық акселератор аясында шешілуі тиіс елордадағы 8 түйткіл жоспарға алынды. Олар: ашық құдықтар, қаңғыбас үй жануарлары, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау мәселелері, су басудың алдын алу, қарды немесе қатқан мұзды тазалау, көше жарығы және ПИК қызметі.
Қала билігі тұрғындарды 8 түйткілдің түйінін тарқату үшін өздерінің ұсыныстары мен идеяларын айтуға, бұл тұрғыда белсенділік танытуға, қалалық акселератордың жұмыс жиындарына қатысуға шақырады.
«Астаналық акселератордың бірінші жиыны 27 мамыр күні өтеді. Елорданың жақсаруына өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, accelerator@ikomekastana.kz электронды мекенжайына тү­йіндемеңізді және жұмыс тобына қосу туралы ілеспе хатыңызды жолдауыңыз қажет. Сол сияқты + 7 771 103 30 33 нөміріне де хабарласуға болады» дейді «iKomek109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығы мамандары.
Сондай-ақ жыл басында белсенді тұрғындарға қаланы жақсартуға атсалысуға мүмкіндік беретін Сарыарқа ауданы әкімдігінің «Бюджет процесіне қатысу» қанатқақты жобасы да іске қосылған болатын.
«Жобалар беруде белсенділік танытқан барлық тұрғындарға алғыс білдіреміз. «Бюджет процесіне қатысу» біздің тұрғындарға ауданды дамытуға және қалалықтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін өз бастамаларын ұсынуға мүмкіндік берді» дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің мамандары.
Жобаның бірінші кезеңінде 22 жоба іріктеліп алынса, екінші кезеңде тұрғындар 15 жобаны дауыс беру арқылы таңдаған. Ал үшінші кезеңде аудан әкімдігінің Сараптамалық кеңесі одан әрі іске асырылатын жобаларды үш күн ішінде іріктеп алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды