«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланы көркейтуге тұрғындар да қатысады

0 17

Апта басында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астананы абаттандыру жұмыстарына тың серпін беруді тапсырды. Қала басшысы осы тапсырманы орындау мақсатында шаһардың Сарыарқа ауданының «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасының аясында абаттандырылған 10-нан аса ауланы аралап шықты.

Жалпы биыл елордада барлығы 110 ауланы абаттандыру межеленді. Соның ішінде Сарыарқа ауданында 40 аула көркейтіледі. Ал «Бюджетке қатысу» жобасына тұрғындар тарапынан 22 жоба ұсынылып, халықтық дауыс беру қорытындысы мен аудан әкімдігі жанынан құрылған сараптамалық кеңестің шешімімен олардың 15-і таңдап алынды.
Қала әкімі барып көрген сондай жобалардың бірі Республика даңғылы, 74 мекенжайы ауласындағы «Балалар – біздің болашағымыз» аталатын ойын алаңы. Аталмыш жобаны ерлі-зайыпты Евгений және Светлана Трухановтар ұсынды. Тұрғындардың айтуынша, бұдан бұрын бұл аулада жеткіншектер ойнайтындай жағдай жасалмаған. Жоба қабылданғаннан кейін оған 6 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталып, қазір аяқталуға жақын қалды.
Аулада балаларға арналған қос мұнаралы кешен, күркелі үйшік, әртүрлі әткеншектер, спорттық тренажерлер, өзге де құралдар орнатылады. Дәл осындай алаңдар І.Есенберлин көшесі 15/1 және 11/1 мекенжайларында да бой көтереді. Сол сияқты Бейбітшілік көшесі 60, К.Күмісбеков көшесі 7/1 мекенжайларында жаңа ойын алаңдары салынады.
Бұл жобалар «Қауіпсіз балалар алаңы», «Балалар бақыты», «Жас және заманауи астананың балалары», «Қаладағы жайлы аулада тұрғым келеді» атауларын иеленген. Осы аулалардың бәріне барған Алтай Көлгінов тұрғындармен сөйлесті. Балаларды әңгімеге тартып, қандай аулада тұрып, ойнағылары келетінін сұрады. Астаналықтардың әлеуметтік жобаларға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
«Қаланы көркейтуге тұрғындардың белсенді қатысуы қуантады. Жалпы, қала бойынша 1560 аула бар. Оның 473-іне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Соның дені – оң жағалауда. Жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі» деді Нұр-Сұлтан әкімі.
Бұған қоса, қала басшысы Бейбітшілік көшесі 62, Жеңіс даңғылы 25 және Гете көшесі 10 мекенжайларына барды. Бұл аулаларда футбол алаңдары және шағын сәулет нысандары орнатылып, тренажерлер қойылады. Біржан сал көшесі, 2 үй ауласында да тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Жалпы биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында №187 көше 21, 23, 25, 27, Д. Бабатайұлы көшесі 9, 9а, Сарыарқа даңғылы 29 мекенжайларындағы аулалар да абаттандырылады. «Көктал» сынды қаланың шет аймақтарындағы тұрғын алаптар да абаттандырудан шет қалмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды