«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланы көркейте аласың

0 41

Елорданың Сарыарқа ауданының әкімдігі «Қатысу бюджеті» атты қанатқақты жобаны бастады. Соған сәйкес бір ай көлемінде қала тұрғындарынан ауданды көркейту мен дамытуға қатысты ұсыныстар қабылданады. Осы күнге дейін 22 жоба келіп түсті. Олардың бәрін әкімдіктің www.saryarka.astana.kz сайтынан көруге болады.

Ұсынылған жобалардың дені аулаларды абаттандыруға, балалардың ойын алаңдарын орнатуға байланысты болып отыр. Арасында назар аударуға тұрарлық бірнеше жоба да бар. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын қала әкімдігі алдындағы алаңды тиімді пайдалану бойынша мәселе туындады.

BS Management компаниясы «Кешкі плаза» атауын алған жоба арқылы бұл алаңды кешкі уақытта қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына айналдыруды ұсынды. Жобаны ұсынғандар осы жолмен елордаға демалуға келетін халықтың санын көбейтуге, яғни туризмді дамытуға болады деп есептейді. Олардың ойынша, бұл жоба «Арбат» инфрақұрылымының жалғасы бола алады.

Ол үшін алаңға сахнаны, үстел мен орындықтарды, тамақтандыру орындарын орнату керек. Демалушылар онда түрлі концерттермен қатар ашық аспан астында кино тамашалайды. Демалу уақыты сағат 18.00-00.00 аралығына қойылып отыр. Жобаның жалпы құны 8 млн теңгені құрайды.

Сергей Боровиков Бейбітшілік көшесі, 60-үйдің ауласында қазіргі заманға сай келетін қауіпсіз балалар алаңын орнатуды ұсынды. Бұған қоса, К.Күмісбеков көшесі, 7/1, Д.Бабатайұлы көшесі, 9, 9а, Республика даңғылы, 74, Сарыарқа даңғылы, 29, І.Есенберлин көшесі, 11/1, 15/1 мекенжайлары бойынша осыған ұқсас жобалар ұсынылды. Бұған қоса, «Тұрғындарға жайлы қала» атауын алған жоба бар.

Бұл жобаларды әкімдіктің жанынан құрылған сараптамалық кеңес қарайды. Сондай-ақ аудан әкімдігінің сайтында орналастырған бұл жобаларды халық көріп, дауыс бере алады. Соның нәтижесінде жеңімпаздар анықталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды