«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаланы басқарудың жаңа жүйесі

0 28

Кеше өткен Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттарға жаңадан әзірленген Астана қаласын басқару тәсілі таныстырылды. Сессияға қатысқан қала әкімі Әсет Исекешев әкімдік құрылымын өзгерту қандай мақсат-міндеттерден туындағанын түсіндіріп, оның артықшылықтары туралы әңгімеледі.

 Бес жылдық даму жоспары жасалды

– Елбасы ұсынған 5 инс­титуционалды реформа, біріншіден, мемлекеттік қызмет жүйесін өзгертуді көздейді. Яғни, оның ашықтығы жоғарылап, тиімді моделі қалыптасуы қажет. Жүйені өзгерткенде халықтың мұқтаждығы ескерілуі тиіс. Астана әкімдігінің жаңа құрылым моделі көп талқыланды. Қазіргі таңда бұл үлгіні Үкімет пен Президент Әкімшілігі қолдады, – деді қала басшысы.
Астана жылдан-жылға өсіп келеді. Әсет Исекешевтің сөзінше, қазіргі таңда елордада 1 млн 30 мың адам ресми түрде тіркелген. Биыл 200 мың адам уақытша тіркелді. Оның 100 мыңы – шетелдік азаматтар. Алдағы жылдары да халық көбейе түспесе, азай­майды. Сондықтан қала басшылығы соған сай қимылдауы керек. Жаңа экономикалық модель де республикалық бюджетке салмақ түсірмей, жеке инвестицияларға, жаппай кәсіпкерлікке иек артуды көздейді. Бұған қоса, барлық үдеріс­тер цифрландырылуы тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында да атқаратын жұмыс­тар бар.
– Әкімдіктің қазіргі құрылымы, негізінен, нәтижелігін көрсетіп, тұрақты дамуды қамтамасыз етті. Бірақ бұл құрылым алдымызға қойып отырған мақсаттарға сәйкес келмей қалды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз стратегиялық жоспарлау принциптерін енгізбекпіз. Қазір бюджетке сүйеніп, атқарар жұмыстарымызды 1-2 жылға ғана жоспарлаймыз. Ал даму жоспарын кем дегенде 5 жылға жасау қажет. Біз 2 млн тұрғынға шақталған қаланы дамыту жоспарын әзірлеуді бастадық. Қай аумақтарға жолдар салынуы керек, қай жерлерге мектептер, ауруханалар, полиция бөлімдері, саябақтар, гүлзарлар орналасуы қажет – соның бәрін алдын ала есептеп алуымыз қажет, – деді Астана әкімі.
Мысал ретінде ол су ресурстарын басқарудың қазіргі жүйесін келтірді. Бүгіндері Құрылыс басқармасы Есіл өзені арнасын қайта құрумен айналысады. Коммуналдық шаруашылық басқармасы нөсер суларының кәріз жүйесі құрылысымен шұғылдануда. Бұл жұмыстарда Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының да үлесі бар. Аудан әкімдіктері де тыс қалмайды.
– Бізде бұл тарапта бірыңғай бағдарлама болмаған еді. Әлемдік тәжірибені зерттеудің нәтижесінде су ресурс­тарын басқарудың біріктірілген бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Азия даму банкі осы жұмысқа 1 млн доллар көлемінде грант бөлді. Аталмыш бағдарлама арқылы суды үнемдей аламыз. Оның себебі – көктемде су тас­қынына қарсы күресеміз, жазда, керісінше, саябақтарды суаруға су іздейміз. Ал егер бес жылдық жоспарымыз болса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін пайдалана аламыз, – деді Әсет Исекешев.

 Бизнесті қолдайтын қуатты құрылым құрылады

Қазіргі басқару жүйесі бойынша бизнес өкілдерімен үш басқарма жұмыс істейді. Бұл – базарларға, азық-түлік жағына жауап беретін Ауыл шаруашылығы басқармасы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, сондай-ақ, Инвестициялар және даму басқармалары.
– Қалада бизнес аса ірі емес. Үш басқарманың бағдарламалары да, тетіктері де әртүрлі. Алғашқы кезеңде бұл өте жақсы. Бірақ бизнес­ті қолдайтын қуатты құрылым құруымыз керек. Бұл бизнес өкілдері бір жерден барлық бағдарламалармен танысу үшін қажет. Ал үш әртүрлі басқарма мұны бірден үйлестіре алмайды. Келер жылы инновациялар бойынша тиімді қадамдар жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Биыл біз назарымызды, негізінен, «Smart City» жобасына аудардық, – деді Астана әкімі.

 Жұмыспен қамтудың жаңа саясаты әзірленеді

Қала басшысының сөзінше, қазір әкімдік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолжетімді баспана бойынша жұмыс істеп жатыр. Мұның барысында қалада тұрғын үй саясаты жоқ екені анықталды.
«Тұрғын үй саясатын әзірлеу керек екені анық. Елбасы алдымызға қо­йып отырған міндеттер мен Үкімет жұмысына сүйеніп, біріншіден, мұғалімдер мен дәрігерлерді ойлап отырмыз. Бүгіндері қалада мұғалімдер жетіспей жатыр. Алда 40-тан астам мектеп саламыз деп жоспарлап қойдық, бізге ұстаздар қажет» деді Астана әкімі.
Жұмыспен қамтудың  жаңа саясаты да әзірленеді. Оның себебі – қалаға сырттан келетін адам көп. Ал тиісті басқарманың есебінше, бүгіндері қалада 8 мың бос жұмыс орны бар. Сырттан келетіндердің көбісі құрылыс нысандарында, базарларда нәпақасын тауып отыр. Астана әкімінің айтуынша, оқыту мен әлеуметтік парақтар жүйесі жаңа мамандық алғысы келетін барлық адамға бейімделуі тиіс. Ол үшін кешкі және жексенбілік курстарды енгізу қажет. Әкімдік қайта оқытудың бағдарламасын да жасамақ.
Туристік бағдарлама аясында спорттық және мәдени нысандар да бе­йімделеді. Келер жылы қалада қазақ театрының құрылысы басталады. Елбасы осындай тапсыр­ма берді.

  Мемлекеттік органдар саны қысқарады

«Біз стратегиялық жоспарлау және жобалық менеджмент принциптерін енгіземіз. Сол арқылы басқарма басшысынан бастап әр қыз­меткер өз жұмысының нәтижесіне сәйкес жалақы алады» деді қала басшысы.
Сонымен, қалада мемлекеттік органдар саны 30-дан 21-ге қысқарады. Мемлекеттік функцияларды 17 басқарма мен ауданның 3 әкімдігі атқарады. Білім, Денсау­лық сақтау, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеу­меттік қорғау, Тілдерді дамыту басқармалары сақталып, жұмыстарын қалпынша істейді.
Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасының атауы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына, ал Ауыл шаруашылығы басқармасы Ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік сапасын бақылау басқармасына ауыстырылады.
Қазіргі мемлекеттік органдар базасында функциялар мен өкілеттіктерді тапсыру жолымен Стратегиялық, бюджеттік жоспарлау және қаржы; Активтер мен мемлекеттік сатып алу; Құрылыс және тұрғын үй саясаты; Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту; Сәулет, қала құрылысы және Жер қатынастары; Жанармай-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық; Мәдениет және спорт; Қоғамдық келісім; Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, т.б. басқармалар құрылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды