«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаламы қарымды әріптес

1 296

Күн жамбасқа ауып бара жатқан шақ. Апыл-тапыл кабинетке келсем, Ерағаң, Ерғазы Әсембеков марқұм алдына Қазақстан картасын жа­йып тастаған, қолында ұзын сызғыш, бүгежектеп бірдеме сызып әлек. «Не боп жатыр, Ереке?». Жарықтық, бажырайып бір қарады да, «шаруаң болмасын» дегендей митың тірлігін жалғастыра берді. Шамалыдан кейін Ерағам маңдайы жарқырап, жүзінде шаттық, тап бір қатыны ұл тапқандай біз жаққа нұрлана қарады. «Не болды, Ереке?».
– Кел бері, мынаған қара! Қарадық. Картаның қақ ортасында қып-қызыл жүрекше тұр. – Бұл – Астана қаласы, – деді ағамыз. – Ал мына жүрекшеге жан-жақтан ағылып келіп қосылып жатқан сызық – сендерсіңдер…

Бәрекелді! Картаға қарасақ, Жетісудан бір сызық ағылып келіп Астанаға тұмсық тірепті. Онысы – талдықорғандық Талғат Батырхан. Көкше жақтан тағы бір сызық құлапты. Ол – Жанғали Қасенов. Атыраудан аққан сызық Темірхан Рамазанов екен. Жезқазғаннан сызығын сүйретіп Айтқадыр Тілеуов келіп тұр. Менің сызығым тіптен қызық. Зайсан көліне еміне құлаған Қара Ертісті бойлай шауып, жолай Семей мен Керекуді көктей өтіп келіп қаппын…
Е, заман-ай деген. Ұмытпасам, бұл 1998 жылдың шілдесі-тін. Ел кіндігі Арқаға ауып, дүние абыр-сабыр болып жатқан заман. Осы апақ-сапақта «Ақмола ақиқаты» дейтін екі бет қалалық газет астаналық статусына ие болып, мәртебесі артып, аталмыш басылымға жан-жақтан жібі түзу журналистер келіп жатқан. Ерғазының сызып жүрген картасы – осы. Сол тұста «Астана алты алаштың басын қосты» дейтін көркем тіркес көп айтылатын. Маған соның нақты айғағы: «Ерғазы ағам картасы» сияқты елестейді қазір.
Арада ай өтті. Тамылжыған тамыздың шеті көрінді. Жаңалықты бізден бұрын құлағы шалатын газеттің жауапты хатшысы Ерғазы бір күні төрдегі картасын үстелге түсірді. Қолына қалам-сызғышын алды. Батыстағы Орал қаласын бір түртіп алды да, тартты. Сызық жүрекшеге келіп кілт тоқтады. Бұл – «редакцияға Оралдан бір жігіт келеді» деген сөз. Күтіп жүрміз, келді. Толықша келген, орта бойлы, жүзі ашаң, шикіл сары, білінер-білінбес қияқша мұрты бар, мен ойлап қоям «жүрекшеге құ­йылған қос сызықтың шығысы мен батысы осы болды-ау» деп. Сары жігіттің аты Таңатар екен. Толық ныпсысы – Таңатар Абдоллаұлы Төлеуғалиев.
Хош сонымен… Тәкең келді де, кірісті. Оң мен солға қарамайды, тырнағы іліксе болды, мақаланың тірідей терісін сыпырады. Жазуы тастай. Балталасаң бұзылмайды. Өз басым құқық һәм қылмыс тақырыбын Таңатардай жетесіне жеткізіп, өзегіне сіңіріп, өлі оқиғаны өмірде болғандай, тірі дүниені төрт төңкеріп жазатын шеберді көрген жоқпын. Басқасы басқа, қылмыс­тық оқиғадан жанды детектив жасайды. Шерлок Холмс­тың киносын көріп отырғандай боласыз. Рас айтам.
Тәкеңнің тағы бір әдеті болды. Жазуға терең кіріскенде астыңғы ернін күрек тісімен қымқырып алады да, сілтейді кеп. Біз пақыр­ға осы ісі батырлар жырындағы «астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп» деп келетін керемет бір дүлдүл тұлпардың шабы­сын ­елес­тететін.
Сол күндері «жүрекшеге» жиналған жігіттер керемет тату едік. Редакцияда ежелден келе жатқан Ғалым Қожабеков, Сағат Ошақбаев сияқты тарландар бар, оған Талғат айтпақшы жан-жақтан «мамлюктер» келіп қосылды. Қазір ойлап отырсам сол бір шабыс, сол бір жарыс, сол бір күндер – керемет сағыныш. Оған жаңа дәуірге, жаңа заманға құлаш ұрған қаймана қазақтың ел болуға ұмтылып, елордасын тіктеген пассионарлық қуатын қосып қойыңыз… Біз шаппағанда кім шабады?!
Өзара қатты сыйласамыз. Бір бауырсақты бөліп жейміз. Бір жас үл­кендігі болса ол – аға. Ішіміздегі «ақсақалымыз» – Ерғазы, одан ке­йін осы Таңатар. Текті жұрттың ке­ліндері сияқты Тәкеңнің атын атамай, жаппай «сары көке» дейміз.
Кейде, яғни жазудан жалыққанда, алқа-қотан отырып әңгіме айтамыз. Содан қалған бір жұрнақ есіме түсіп отыр. Біреулер сияқты Таңатар топ етіп шаңырақтан түсе қалған журналшы емес екен. Алғашқы қару-қаламын «Орал өңірі» газетінде корректорлықтан бастапты. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, газеттің «битін» қараған. Жазуына «сірке» жібермейтіні содан екен.
Ілгеріде оқып едім Эрнест Хемингуэй қарияның «Бақытсыздау балалық болашақ – бақыттың басы» деген цитатасын. Тәкеңнің тағдыры да солай сыңайлы. Өзі айтады: «Алты жасымда әкем қос жанарынан айырылды. Алланың әмірі-ай! Көзі көрмесе де, қос ішектен күйдің жеті атасын төгілдіретін. Сондықтан да шығар көкірегіме күй жарықтық ерте ұя салды. Мен оны жыр қылып шығардым».
Рас-ау. Қаламы төселген, ұйқасы жіптіктей, көр­кемдігі көлдей, мөлдірлігі бұ­лақ­тай жырлар жазған. Қараңыз «Менің әкем» дейтін жырында:
Мектеп көріп, оқуы жоқ тауыс­қан,
Сəлем берсең, айырады дауыстан.
Қос жанар жоқ, қос жанардың сəулесі,
Əкеміздің кеудесіне ауысқан, – десе, өзінің кіндік қаны тамған өлке Батыс Қазақстан облысы  Ақжайық ауданы Алғабас ауылы жайлы:
Қиялымды қияға жалғағасын,
Қанаттандым өзіңнен, Алғабасым!
О, туған жер – киелі алтын бесік,
Жүрегімді тербеткен сен ғанасың! – деп төгілтеді.

Ал Тәкеңді ақын демей көріңіз. Өзі айтады: «Менің жыр жазуыма марқұм арқылы азамат, дарынды ақын Жанғали Нәбиуллиннің ұстаздық ықпалы әсерлі болды. Осы кісінің алқауымен ұлы жырдың шалқар көшіне ілестім».

Менің білерім, Таңатар жыр айдынына көш соңындағы тайлақ сияқты ілескен жоқ. Дә­лел керек пе, оны да жіпке тізіп көрелік: 1983 жылы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық шығармашылық жастардың «Жігер» фес­тиваліне қатысып лауреат атанса, 1984 жылы жас ақын-жазушылар семинарына облыс атынан қатысып, өлеңдері үлкен ақын Жұмекен Нәжімеденов жүргізген секцияда талқыланып, Тәкеңе «бес» деген баға берілген. Тіпті ағамыздың ақындығы жайлы атақты Тұрсынзада Есімжанов: «Төлеуғалиев – өлең жазудың техникасын жетік меңгерген талант. Егер де осы жолдан таймай-талмай ізденсе, жақсы ақын шығуы анық» деп баға беріпті.

Расын айтсам, өз басым оның ақындығынан гөрі көркем сөзді сары қымыздай сапырып, сарша тамызда бұлақ суына салқындатқан саумалдай жұтқыза қоятынын білем. Бірде Талғат Батырханнан сұрадым:
– Тәке, осы Таңатар қандай журналшы?
– Тап-тұйнақтай жазатын мық­ты журналшы.
– Кемшілігі ше?
– Оның кемшілігі тым тап-тұйнақтай жазатыны, кейде мақаласынан қысқартатын сөз таппай қиналасың.
Міне, менің кейіпкерім осындай. Айтпақшы, көкемнің тағы бір қыры бар. Аудармаға ағып тұр. Сосын жанр талғамайды. Ертеден салса кешке озатын, ылдиға салса төске озатын жүйрік. Жолжазба, очерк, эссе, фельетон, детектив, тағы не бар, бетіне бір қарайды да, түгел жапырады. Нағыз газеттің майталманы. Бірақ осы жігіттің жазу таланты мен жанкешті еңбегі тиісті бағасын әлі ала алмай жүргендей көрінеді бізге.
«Кетем деген қызды бағып, жетем деген ұлды бағып, Өмір өтті сырғып ағып» деп ақын Есенқұл Жақыпбеков айтқандай, Таңатар әріптесіміз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, міне, бүгін алпыс дейтін асқарға табан тіреген екен, қалған ғұмырың қайырлы болсын, Тәке!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

  1. Жанерке :

    Өте керемет туынды, шығарма

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды