ҚАЛАЛЫҚ ОРТА ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Тәуелсіздік сарайында елордада алғаш рет «Қала ДНК-сы: Қауымдастық. Бизнес. Билік» атты урбан форумы өтті. Оған Астана әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Маңызды жиында алыстан ат арытып келген халықаралық сарапшылар мен қалалық жобалау мамандары, ірі құрылыс компанияларының басшылары, бизнес пен билік өкілдері тиімді қала диалогы мен дамуын талқылап, ой бөлісті. Алдымен құлаққа тосындау естілетін Урбанис­тика орталығы дегеніміз не? Соны көпшілікке түсіндіріп кетейік. Бұл қалалық ортаны жақсартуға, зерттеулер жүргізуге, тұрғындармен жұмыс істеуге, әлеуметтік капиталды ұлғайтуға, азаматтық қауымдастық пен билік арасындағы тиімді қарым-қатынас орнатуға, қаланың ішкі ресурстарын жұмылдыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жаңа құрылым екен. Бас қалада соңғы жылдары өріс алған орталық біршама жобаларды жүзеге асыруға үлес қосуда.

Форумда беташар сөз алған елорда басшысы Әсет Исекешев жиналғандарды ашылу салтанатымен құттықтады. «Бүгінде Астана елдің жүрегіне айналды. Қазақстанның саяси, мәдени және іскер қаласы атанды. Әлемдік деңгейде жылдам өсіп, тез дамып келе жатқан елордалардың қатарына қосылды. Елбасының тапсырмасымен Астананы бар жағынан қуатты, табысты жаһандық қалаға айналдыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз» дей келіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, бас шаһардың даму барысы жайында сөз қозғады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін айтып, онда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен қалалық ортаның сапасын көтеру және халықтың табысын арттыруға негізделген бағыттарды ерекшеледі.

– Біз елордалықтардың өмір сапасын жақсарту үшін 34 әлеу­меттік стандарт әзірледік. Олардың бәрі қолжетімді болады. Оған қоғамдық транспорт жүйесін жақсарту, спорттық алаң, балабақшалар мен мектептер, емханалар, учаскелік полиция бекеттері, жаяу жүргіншілер жолдары, саябақтар мен алаңдар және қоғамдық кеңістікті дамыту сынды қадамдар кіреді. Соған қарап, 129 сектордан тұратын, 10 мыңға дейін адамды қамтитын бағдарлама дайындадық. Олардың бәрі де жоғарыда айтқан стандарттарға сәйкес болуы қажет, – деді Әсет Исекешев. Оның айтуынша, қала әкімдігі 2020 жылға дейін қалалықтар үшін ыңғайлы барлық әлеуметтік және экономикалық стандарттарды әзірлеуді мақсат етіп отыр. «Осы жылдың соңына дейін қаладағы бейнекамера саны 10 мыңға жетпек, әзірше олардың саны ең маңызды орындарда 3 мыңды құрайды. Мұнан бөлек 109 қызметі жұмыс істейді. Тұрғындарды алаңдатқан барлық ақпараттарды жинақтап отырамыз. 5 айдың ішінде 300 мың хабарлама мен қоңырау келіп түсті. Біз оларды күн сайын қараймыз. Тұрғындарды қандай мәселе алаңдататындығын білеміз. Айталық, сол мәселелердің 5 пайызы сумен қамту болса, 10 пайызы қоғамдық көлік жағдайынан туады. Біз мұны тез арада шешуге көмектесеміз» деген Астана әкімі бас ордадағы атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп өтті.

Марини РИКАРДО, Ұлыбританиядан келген сәулетші:

  – Әрбір шаһар оның іргетасын қалаған халықтың мәдениетін көрсетеді.  Қала адамдар туралы айтады. Сондықтан ол 8 жастан бастап 80 жастағы қарияға дейін дұрыс өмір сүру үшін сапалық деңгейге көтерілген  қала болуы қажет. Егер ондай талапқа сай болмаса, онда оның дамуы дұрыс емес деген сөз. Егер сіз қала қандай болуы қажет деген сұраққа жауапты сарапшылардан емес, сол шаһарда ғұмыр кешіп жатқан тұрғындардан сұрасаңыз көп нәрсеге қанық боласыз.

– Елорда күн сайын жаңарып барады. Сондықтан қаланың ескі бөлігіндегі әбден тозығы жеткен, жарамсыз үйлерді бұзуға тура келді. Ол жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осындай шара аясында біз тұрғындардан «сүрілген ескі үйлердің орны не болғанын қалайсыз?» деген пікірлерін сұрадық. Азаматтар шағын саябақтар мен гүлзарлар, балалар ойнайтын спорттық алаңдар болса

 деген тілектерін білдірді. Содан кейін біз тұрғындардың ойын бір арнаға тоғыстыратын қоғамдық кеңес құрдық. Ол өз жұмысын бастады.

Нәтижесі жаман емес. Биыл сүрілген ескі үйлердің орнына 19 саябақ құрылысы басталады. Оның 10-ы осы жылы аяқталады. Мәселен, Сейфуллин көшесінің жоғары жағындағы мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты тұрғын үйлердің ауласына спорттық балалар алаңы салынды. «Ақбұлақ» өзенінің жағасында су жиналатын үлкен шұңқыр болып еді, оны біз жауып, жұрт барып демалатын әдемі саябаққа айналдырдық, – деді қала басшысы. Одан кейін Әсет Өрентайұлы елорда әкімдігі қолға алған бірқатар жобаларға тоқталды. Айталық, әкімдік спорттық алаңдарды көбейтуге ерекше назар аударуда. Елорда басшысының айтуынша, әрбір аудандағы спорттық нысандарға тұрғындардың қолжетімділігі қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, қаладағы ботаникалық бақтың құрылысы алдағы қыркүйекте бітеді.

Ол жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асуда. Аумағы 92 гектар. Оның аумағында 12 шақырым велосипед жолы, 13 шақырым жүгіру жолағы және көптеген спорттық нысандар мен балалар алаңы орналасады. Сондай-ақ, Есіл өзенінің жағалауы адам танымастай өзгермек. Қазіргі таңда жағалауды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Онда елордалық Арбат жобасы жүзеге асады. Сонымен бірге жағалауға іргелес тұрған көшелердің реңі құлпырмақ. Тамыз айында саябақтағы жаңа жағалау амфитеатры құрылысы тәмамдалады. Форум бес панельдік сессия аясында болды. Әр сессия тақырыптарға бөлінді. Сол бағытта қатысушылар пікірталас өрбітіп, сан алуан мәселені ортаға салды. Шетелдік урбанист-архитекторлар дәулеті мен сәулеті келіскен елорданың көркем келбеті жайында жылы пікірлерін білдірді.

Филипп МОЙЗЕР, Германиядан келген сәулетші:
 – Қала тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған әрі өмір сүруге ыңғайлы болу керек. Астана – әлемдегі жылдам дамып келе жатқан шаһар. Әдемі, бірегей ғимараттар бой көтерген. Енді солардың бәрі урбанистік талаптарға сай келетіндей біріктіріліп, үйлесім тапқаны жөн.

Жиын ашық алаң жағдайында болды. Әр қатысушы қаладағы өзін мазалаған сұрақтарын қойды. Алғашқы сессияның жұмысын Әсет Исекешевтің өзі қорытындылады.

– Бірінші, спикерлерге алғысымды айтамын. Бізде әр түрлі әлеуметтік жағдайдағы тұрғындар бар. Ең бастысы – олармен арадағы балансты табу. Біздің қала иін тірескен көлікке дайын емес. Мысалы, әлеуметтік желіде осы мәселе бойынша көптеген пікірлер жазылады. Оның дені көлік жургізушілерден туады. Ал қоғамдық көлікпен жүретін азаматтарда ондай басы артық мәселе жоқ. Өкінішке қарай, біздің халық бір селт етерліктей айтарлық дүние болмаса, Еуропадағыдай көп мәселеге мән бермейді. Сондықтан жұртшылыққа ыңғайлы қала болу үшін бар мүмкіндікті жасаймыз, – деді ол.

Түйіндеп айтқанда, форумда сөз алған азаматтардың бәрі де сапалы қалалық ортаны қалай қалыптастырамыз, билік пен тұрғындар арасындағы диалогты қалай дамытамыз, бизнес пен экономикалық дамуды өрістету, адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және көлік саласын жетілдіру секілді түрлі тақырыптар бойынша баяндама жасап, өз пікірлерін айтты. Қысқасы, урбанистика саласында мұндай жиын жыл сайын өткізіледі деп жоспарланды.

Азамат  ЕСЕНЖОЛ

 

 

Сонымен қатар

КӨКТАЛҒА ЖАҢА АВТОБУС ҚАТЫНАЙДЫ

16 қарашадан бастап «Көктал» тұрғын алабына №71 автобус қатынайтын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған