ҚАЛА ТІРШІЛІГІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Астана әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен қалалық әкімдікте аппараттың кезекті апталық отырысы өтті. Онда қала тіршілігіне қатыс­ты бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Жиын барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов қаладағы жалпы жағдайға тоқталып өтті.
«Астанадағы жалпы жағ­дай тұрақты. Есепті кезеңде табиғи апаттар орын алған жоқ. Техногендік сипаттағы 4 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың үшеуінде азаматтар улы газдан зардап шеккен болатын. Ғимарат жануының бір оқиғасы тіркелді. Жалпылай алғанда, өрт салдарынан 11 адам зардап шексе, олардың 5-і – балалар. Абырой болғанда, құрбандар жоқ» деп мәлімдеді Қосман Айтмұхаметов.
Отырыс барысында экология мәселесі де талқыға салынды. Астана әкімі орынбасарының айтуынша, ауаның ластануына жол қозғалысын реттеудің жетілдірілмеген жүйесі мен ескі көліктердің зиянды заттарды шығаруы да себеп болуы мүмкін.
«Бізде машинаның бос жүрісі деген ұғым бар. Машиналар қиылыстарда тұрған кезде, таңертең оны іске қосу кезінде атмосфераға зиянды заттар шығады. Осы мәселені шешу үшін біз жанар-жағар майды газға ауыстыруды ұсынып отыр­мыз. Бүгінге дейін 18-20 мыңға жуық көлік құралын көк отынға ауыстыру жөніндегі рұқсат бар» деп атап өтті ол.
Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында елорда әкімі Үкіметтің атына заңнамаға моторлы отынның сапасын бақылау тұрғысында өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыным хатты жолдауды тапсырды.
Ал Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың ЖЭО-2 кеңейту мен қайта жөндеу жобасын іске асыру аясында № 7, 8 стансалардың энергетикалық қазандықтарын орнату көзделіп отырғанын жеткізді.
2017 жылы № 3 су жылыту қазандығы, 2018 жылы
№ 2,4 су жылыту қазандықтары және 2019 жылы № 1 су жылыту қазандығы жөндеуден өткізіледі.
Аппараттық кеңесте елорданы газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыру мәселесі де айтылды. Жиында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев ведомствоның «Астана қаласының 2017-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны жақсарту шараларының кешенді жоспары» жобасын жүзеге асыруға кіріскенін мәлімдеді.
Астананың энергетика бас­қармасы жеке сектордағы тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттардың кезеңмен «Global Gaz Group» ЖШС қатысуымен газ отынына көшіру жұмыстарын қолға алып отыр. Осы күні «Тұран» стансасынан төмендетілген табиғи газды (қуаты сағатына 10 мың текше) алғашқы тұтынушы Назарбаев Университетіне жіберу басталды. Сондай-ақ, Ғарыш орталығы мен Қорғаныс министрлігі академиясын қосу жұмыс­тары аяқталды. 2018 жылдың соңына дейін газдандырудың екінші кезеңі Пригородный, Тельман тұрғын алаптарындағы жеке сектордағы үйлер мен Назарбаев халықаралық әуежайы ауданын қамтитын «Тельман» стансасы іске қосылады деп жоспарлануда.
Осыған орай, Әсет Исекешев Премьер-министрдің атына экология мәселелеріне қатыс­ты кеңес өткізу жөнінде хат жолдауды, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен ІІД ЖПҚ көмір сапасын бақылауды күшейтуді, қала көшелері мен ауасын ластайтын көлік құралдарын қатаң қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар, Астанадағы криминогендік жағдайдың ахуалы, құрылыстың проблемалы нысандары, қаланы жарықтандыру, МЖӘ жобаларын іске асырудың барысы, жылыту мау­сымы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру дәрі-дәрмек топтары мен олардың қорларына қатысты мәселелер талқыланды.
Жиынның қорытындылары бойынша, Әсет Исекешев өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді.

Сонымен қатар

КІТАПХАНАЛАР ҚОРЫ ТОЛЫҚТЫ

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен оқу орындары кітапханалары жаңа еңбектермен толықты. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған