«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала тазалығы – ұдайы бақылауда

0 25

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен жиналыста тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстарындағы олқылықтар жауапты қызмет көрсетуші ұйымдардың уақытында бекітілмеуінен орын алғаны мәлім болды. Осы мәселеде елорда әкімі Бақыт Сұлтанов мердігерлермен түгел келісімшарт жасап үлгермеген аудан әкімдерін қатты сынға алды.


Тазалық жұмыстарына қатысты туын­даған түйткілді мәселелердің бір себебі – қызмет көрсетуші мердігерлік ұйымдармен толық келісімшарт жасал­мағандығы. Шаруа атқаратын мекемелер нақтыланбаған соң, қар тазаланбай, қоқыс шығарылмай, тұрғындар тарапынан қала тазалығына қатысты сын-ескертпелер көбейген. Осыны айтып қала басшысы Бақыт Сұлтанов аудан әкімдерін қатты сынады.
– Көшелердің, аулалардың қарын, қоқысын тазалауға жауапты ұйымдардың толық бекітілмеуінен осындай жағдайға тап болып отырмыз. Бұл мәселе бойынша сатып алу рәсімдері аяқталмаған. Мәселен, Есіл ауданы 26 лоттан 16, Сарыарқа 35-тен 14, Алматы 13-тен 5, Байқоңыр 7-ден бір ғана келісімшарт жасаған, – деді елорда әкімі.
Әкім орынбасары Арман Тұрлыбек алдағы үш айда 950 адам қоғамдық жұмысқа жұмылдырылатынын айтты. Бұл конкурстық рәсімдеулер мерзімінде жүргізілмеген жағдайда өте маңызды қолдау болмақ.
Жиында елорда әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек шаһардағы тазалық жұмыстарының барысына тоқталды. Ол кейінгі күндері еріген қар, жауын-шашын әсерінен көшелерді шалшық су басып, тұрғындардан түсетін өтініш-шағымдардың көбейгенін жеткізіп, аудан әкімдеріне су сору бойынша дереу тиісті шаралар қабылдауды ескертті.
Сондай-ақ қоқыс уақытында шыға­рылмайтынын айтып, қынжылыс білдірген қала тұрғындарының қатары да артқан. Оған дәлел ретінде әлеуметтік желілерде де фотоайғақ ұсынылған. Бүгінде қалада 1842 контейнерлік алаңда 10972 қоқыс жәшігі орнатылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды