«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

0 87

23 сәуірде Астанада экологиялық айлық пен жалпықалалық сенбіліктер басталады. Бұл туралы кеше Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.

IMG_5639

Жиын барысында елорданың сыртқы келбетіне қатысты мәселелер көтеріліп, осы бағыттағы жұмыстар айтулы даталарға орайластырумен ғана шектелмеуі тиіс екендігі атап өтілді. Қала басшысы Астанада халық пен бизнестің белсенді қатысуымен «таза бейсенбі» шаралары, экологиялық полициямен бірге рейдтер тұрақты түрде өткізілуі керектігін шегелей тапсырды. Бұл ретте әрбір тұрғын, кәсіпкер немесе ұйым шаһарды абаттандыруға өзінің тікелей қатысты екендігін сезінуі қажет.
Басқосуда халықты тіркеу және есепке алуды жетілдіру проблемасы да талқыланды. Алдағы уақытта Астанада көші-қон полициясының қызметін реттейтін арнайы ережелер бекітілуі мүмкін. Мұнымен қоса, тұрғын үйде бір адамға есептелген белгілі бір шаршы метр­лер болған жағдайда ғана азаматтарды тіркеу, сондай-ақ, тұруға арналмаған орынжайларда (мысалы, саяжай немесе кеңсе) тіркеуге тыйым салу ұсынылды.
Азаматтардың тіркеусіз және есепке алынбай тұруы, сонымен қатар, олардың бақыланбайтын ішкі көшіп-қонуы бүгінгі күннің ең өзекті жағдаятына айналды. Астанада осы жайтқа байланысты ешқандай шектеу шараларының болмауынан жекелеген үй иелері бір мекенжай бойынша ондаған, тіпті, жүздеген адамдарды тіркеп қойған. Деректерге сүйенсек, қаладағы кейбір пәтерлерде 400-ден астам азамат тіркелген жағдайлар да болған. Бұл ретте бір пәтерге 100-200 адам тіркелу – кеңінен тараған құбылыс. Көптеген пәтер иелері осылайша ақша тауып келеді. Алайда олар әкімшілік айыппұл төлегеннен кейін де адамдарды тіркеуді тоқтатар емес.
«Тұтастай бір көлеңкелі индустрия жұмыс істеуде. Бұл тәртіпсіздікке заң жүзінде белгіленген шаралардың жоқтығы ықпал етеді» деді Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков. Елорда басшысы тиісті мемлекеттік органдарға осы мәселемен айналысуды және «Астананың мәртебесі туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуді міндеттеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды