«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала маңындағы демалыс қолжетімді ме?

0 14

Жадырап жаз да келді. Жұртшылық енді сенбі-жексенбі күндері бір уақ табиғат аясында демалғанды ұнатады. Елордадан едәуір қашықтықта жатқан табиғаты көркем Бурабайға баруға көп адамның мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қала маңындағы демалыс орындарына баруды жөн көреді.

Ал бас шаһардың айналасында жекеменшік демалыс орындары аз емес. Онда судың жағасында тынығып, отбасымен бірге демалуға болады. Қонам десеңіз, коттеджге немесе киіз үйге жатасыз. Бірақ оған біраз ақша керек.
Мәселен, елордалықтар жиі баратын «Балқарағай» демалыс аймағын алайық. Мұнда ағаштан жасалған бір үйді жалға алу құны – 100 мың теңге. Оның ішінде бес бөлме бар. Бұған және таңғы ас кіреді. Киіз үй мен жаздық күркені жалға алу оған қарағанда екі есе төмен. Мәселен, бассейнге түсу ересектерге 5 мың теңге болса, 4 пен 7 жас аралығындағы балаға – 3000 теңге. Бассейнге тамақ бен сусыныңыз­ды алып кіруге болмайды. Спорттық ойын алаңдары да бар. Футбол алаңын бір сағатқа жалға алу – 5000 теңге, велосипедті бір сағатқа пайдаланам десеңіз 2000 теңге төлейсіз. Жарты сағат атпен серуендеу – 2000 теңге. Ал енді осындай бірқатар демалыс орындарын айтып өтейік.
Мәселен, Қояндыдағы «Золотой фазан» отбасылық ойын-сауық кешені – бұл көпке мәлім демалыс орындарының бірі. Демалыс кешенде жайлы қонақ үй нөмірі, коттедж үйлерінің бірнеше түрі, көлдегі жайлы кебек және киіз үйлер, сондай-ақ екі бассейн жұмыс істейді. Қызмет түрі де көп. Бірнеше спорттық алаңдар жасалған. Атқа мініп серуендеуге болады.
Ал Қосшыдағы «Чистые пруды» демалыс орны орыс ауылы стилінде ағаштан жасалған. Мұнда екі деңгейлі қонақүйлер, еуропалық асүйдің жайлы мейрамханасы, сауна, монша, бассейн және жазғы күркелер бар. Балалар үшін жасалған әткеншек, төбешік, батут және басқа да қызықтар көп. Мұнда масалар мазаңызды алмайды. Өйткені демалыс аумағы арнайы құралдармен өңделген.
«Green park» демалыс аймағы да Қосшыдағы Нұра өзенінің жағасында орналасқан. Бұған отбасыңызбен немесе достарыңызбен баруға болады. Бұл жерде жайлы қонақүйлер, жазғы күркелер, киіз үйлер, таңдаулы еуропалық және шығыс асүйі бар мейрамхана, монша, бильярд, ипподром, тіпті шағын хайуанаттар бағы бар. Ал «Ақ қайың» демалыс орнында Еуропада көп таралған фин гриль-күркелер қойылған. Сондай-ақ Қарағанды тасжолы бойында «Бейбарыс», Максимовка кентінде «Аляска» демалыс орындары жұмыс істейді. Алайда бұл демалыс орындарының дені Ақмола облысының аумағында қоныс тепкен.
Қысқасы, жазғы демалыс маусымы басталды. Қайда демаламын десеңіз, еркіңіз бен жағдайыңызға қарайсыз…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды