Четверг, 22 Июнь 2017
-->

Қала маңына автобустар қалай қатынайды?

Бүгінде мыңдаған адамдар Астананың іргесіндегі ауылдардан барып-келіп жұмыс жасайды. Өйткені қалада аренда қымбат, ал ауылды жерде пәтер жалдап тұрған қалтаға қолайлы болып отыр. Сондықтан да елорда мен қала маңына қатынаушы халықтың қарасы қалың. Міне, осы халықтың Астанаға барып-келуіне барынша тиімді жағдай жасалған. Бірақ…

kbb_1879

Бір жарым жыл бұрын қала маңында орналасқан ауылдарды елордамен байланыстыратын автобустар пайда болған еді. Соның арқасында күн сайын мыңдаған адам жұмысына кешікпей жетіп, қызмет жасап жатыр. Айталық, «Азия Парк» сауда-ойын-сауық орталығынан Ақмол, Қосшы ауылдарына күн сайын ондаған автобустар қатынайды. Арнайы кесте бойынша жүретін автобустарға қараша халықтың айтар алғысы жоғары. Десек те, өмір болғаннан кейін белгілі бір деңгейде мәселе де туындамай қоймайды.
Мәселен, №1 автобус паркі Астанадан Ақмол ауылына қатынайтын №300 автобус маршрутын ашқан болатын. Аталған автобус белгілі бір уақытта жол-жөнекей Қараөткел мен Қаражар ауылдарына кіріп, тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бір жақсысы, аталған автобустың қыста іші жылы болса, жазда, керісінше, салқын. Ал бағасы Астанадан Ақмолға дейін 200 теңге болса, Қараөткел мен Қаражарға дейін небәрі 90 теңге. Бұл, әрине, жұрттың көңілінен шығып отыр.
Дегенмен «Азия Парк» сауда-ойын-сауық орталығында жүргізушілер жолаушыларды автобусқа отырғызбайды. Өйткені жүргізушілер дәл осы уақытта демалатынын, ал жолаушылар 30-40 минуттай сыртта күте тұруы керек екенін айтады.
– Біз автобусқа отырайық десек, жүргізушілер «жол жүруге 5 минут қалғанда кіргіземіз. Қазір біз демаламыз» деп есік ашпайды. Ал өздері автобустарын аялдамадан әудем жерге барып, тұрып алады. Қыстың қытымыр суығында автобусты көзіңмен көріп тұрып, 30-40 минут бойы күтіп отыру қиын екен. Сондықтан да бұл мәселені оңынан шешіп берсе дұрыс болар еді. Өйткені Сарыарқаның сақылдаған аязында ұзақ уақыт бойы автобус күтіп отырған қиын екен, – дейді қала тұрғыны Арайлым Жолдыбалаева.
Аталған автопарктің өкілі Нұрбек Еркешовтың айтуынша, қала маңына қатынайтын автобустар жолаушыларды ішке кіргізуге тиісті емес. Алайда ол бұл мәселені қыстың уақытында оңтайлы шешуге болатынын айтады. Сондықтан да ол «бұл мәселені басшылықтың құлағына жеткіземін» деп уәде берді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*