«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала көркейіп, аулалар абаттанады

0 17

Елорданың Сарыарқа ауданы әкімдігінің қаланы көркейтуге арналған «Бюджетке қатысу» атты қанатқақты жобасының сараптамалық кеңесінің отырысы өтті. Онда қала тұрғындары ауданды көркейту мен дамыту бойынша ұсынған жобалар қаралды. Қорытындысында аудан әкімдігінің сайтына келіп түскен 22 жобаның 14-і іріктеліп алынды.

Ұсынылған жобалардың дені аулаларды абаттандыруға, балалардың ойын алаңдарын орнатуға, көгалдандыруға қатысты болды. Аудан әкімдігінің сайтына орналас­тырылған бұл жобаларға халық дауыс берді. Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді төрағалық еткен сараптамалық кеңес ең көп дауыс жинаған жобаларды анықтап, оларды іске асырудың алғашқы кезектегі шараларын айқындады.
Бір айта кетерлігі, «Бюджетке қатысу» жобасының шарты бойынша ұсынылған әр жобаның құны 15 млн теңгеден аспау керек еді. Нысандардың орналасатын жерін тұрғындардың өздері анықтады. Мәселен, сараптамалық кеңестің шешімі шығысымен оның мүшелері бірнеше мекенжайға барып, көшпелі кеңес өткізді. Соның бірі – Респуб­лика даңғылы, 74 мекенжайындағы балалар алаңының жобасы.
Аталмыш жобаны ерлі-зайыпты Евгений және Светлана Трухановтар ұсынды. «Көпқабатты үйлерде тұратын көптеген отбасылар балаларды қайда қыдыртсам, қайда ойнатсам екен деп бас қатыратыны рас. Бізді де бұл мәселе ойландырады. Үйімізде тұратын бала өте көп. Бірақ ауламызда оларға жағдай мүлде жасалмаған. Балдырғандар құммен ойнайтын алаң, сыр­ғанақ, әткеншек жоқ. Ауламыз спорттық тренажерлермен де жабдықталмаған» дейді Светлана. Жұбайы екеуі қазіргі заманға сай келетін балалар алаңының жобасын әзірледі. Осы күндері құны 6 млн теңге тұратын жобаны жүзеге асыру басталды. Көпке ұзамай жаңа алаң бой көтеруі тиіс.
«Балалар алаңының құрылысы біткеннен кейін жұмысты тұрғындардың өздері қабылдайды. Алаңды күтіп-ұстау да тұрғындардың бақылауында болуы керек» дейді аудан әкімі Е.Егемберді.
Балалар алаңдары жобаларына қатысты осыған ұқсас ұсыныстар Бейбітшілік көшесі, 60, К.Күмісбеков көшесі, 7/1, Д.Бабатайұлы көшесі, 9, 9а, Сарыарқа даңғылы, 29, І.Есенберлин көшесі, 11/1, 15/1 мекенжайлары бойынша келіп түсті.
«Возрождение» ТК тұрғындары «Менің жайлы аулам – өмір сүргім келеді» жобасын ұсынды. «Біздің үйдің маңайында гараждар орналасқан. Оларды сүріп, орнына тұрғындар демалатын алаң салуды ұсындық. Жобаға мектеп жасына жетпеген балалар ойнайтын алаң, жасөспірімдерге арналған футбол алаңы, зейнеткерлер спортпен айналысу үшін тренажерлер кіреді. Алаң көгалдандырылуы тиіс. Аула жарықтандырылып, «Сергек» камерасы да орнатылуы шарт» дейді осы тұрғын үй кешенінің белсендісі Роза Құспаева. Оның айтуынша, аталмыш жобаның құны – 5 млн теңге.
Жеңімпаз болып танылған жобалардың арасында Еркебек Бақтияров ұсынған спорттық аула клубының жобасы өзінің ауқымдылығымен ерекшеленеді. Ең көп дауыс жинаған да (1485 дауыс) осы жоба болды. Жоспар бойынша бұл №187 көшенің №21 және №23 үйлердің маңайында салынуы тиіс.
«Өзімнің мамандығым – инженер-құры­лысшы. Ұсынған жобам балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Онда футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі алаңдары, жұмсақ төсеніштен жасалған жүгіру алаңы болуы керек. Кішкентай балалар ойнайтын жер бөлек болады. Бұған қоса, әртүрлі тренажерлер де ойластырылған. Спорттық аула клубында балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, әртүрлі жастағы адамдарға бос уақыттарын пайдалы өткізуге болады. Бұл жоба арқылы 1 мыңнан аса адамды тұрақты түрде спортпен айналысуға тарта аламыз» дейді Е.Бақтияров.
«Бюджетке қатысу» жобасының игілігін шеткі аймақтар тұрғындары да көреді. Атап айтқанда, жоба аясында «Көктал-1» кентінде ауланы абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты бірқатар жұмыстар қолға алынады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды