«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала келбеті қалай өзгереді?

0 74

Алдағы 30 жылда қазақтың төр қаласының түр-келбеті қалай өзгереді? Осындай сауал астаналықтар мен елорда тұрғындарын әрқашан қызықтыратыны анық. Осыған орай, мемлекет басшысының тапсырмасымен қала әкімдігі астананы дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуге кірісті. Бұл стратегияның мақсаты – астананы жаңашыл адамдарды, таланттарды, жастарды, туристер мен шетел инвесторларын қызықтыратын оңтайлы орталыққа айналдыру. Бас қаланың ажарын ашып, беделін биіктететін керемет жобалардың бірі – lrt құрылысы.

Жаңа стратегия жазда жарияланады

«Елорданы дамыту мәселелерін Мемлекет басшысы тұрақты бақылауда ұстайды. Президент жариялаған жаңа мақсаттар мен міндеттерге сәйкес, қаланы ұзақмерзімдік дамыту жоспарына түзетулер енгізуіміз керек. Сол себептен біз Астананы 2050 жылға дейінгі дамыту стратегиясын әзірлеуге кірістік. Бұл құжаттың жобасын қала тұрғындарымен келісіп, дайындаймыз» деп мәлімдеді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қала активімен өткізген жиында.
Қала басшысы қазіргі таңда адамзат үшін басты сын-қатерлердің бірі – қарқынды урбандалу процесінің жүріп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі қалалар жаһандық және жергілікті құрылымдық трансформациялардың шешуші ала­ңына айналып барады. «БҰҰ-ның болжамы бойынша 2050 жылдары әлемдегі қалаларда адам­заттың 70 пайызы өмір сүреді, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 54 пайызға жетті. Астана – үлкен демографиялық әлеуетке ие миллион тұрғыны бар қала. 2030 жылға қарай қала халқының саны 2 миллион адамға жетеді деген болжам бар, ал 2050 жылы 3 миллионнан асады» деді елорда әкімі.
Ол Мемлекет басшысының Астананы жаңашыл адамдарды, таланттарды, жастарды, сондай-ақ туристер мен шетел инвесторларын қызықтыратын негізгі орталыққа айналдыру міндетін қойғанын атап өтті. Ең бастысы, заманауи урбанистік шешімдерді, қала құрылысына қажетті жаңа идеяларды пайдалану уақыттың талабы екеніне екпін түсірді. Әкімнің айтуынша, елорданы жаһандық қала ретінде дамытуды бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүргізу жоспарланған.
– Бірінші бағыт – адамдық капиталды дамыту. Талантты адамдарды тарту мен ұстап тұру үшін қалалық ортаны барынша тартымды және тұрғындарға жайлы етуіміз керек. Ең алдымен бұл – қолжетімді және сапалы тұрғын үй, қауіпсіз қоғамдық көлік, білім беру мен денсаулық сақтау саласының қызметтерін жоғары деңгейге жеткізу, қоғамдық қауіпсіздік.
Екінші бағыт – қаланың жа­ңашыл экономикасы. Мемлекет басшысы Астананы «ақылды» және ізгі ниетті қалаға, тартымды туристік орталыққа айналдыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұған қонақжайлық ахуалды қалыптас­тыру, халық пен туристер үшін қалалық қызмет көрсету салаларын жақсарту жатады. Астана жаһандық сауда ағындарының хабына, еліміздегі ең ірі тұтыну нарығына және шешуші көліктік-логистикалық торапқа айналуы тиіс. Өйткені бұдан қала қазынасына қосымша салық түседі.
Үшінші бағыт – қала құрылысын жоспарлау. Бұл жерде қала салуды жоспарлау стратегиясының жаңа форматы жөнінде әңгіме болып отыр. Осы мақсатта біз Астананың 2035 жылға дейінгі даму жоспарын дайындауға кірістік. Жоспарлаудың жаңа форматы инвесторларға елорданы дамытудың басым ба­ғыттарын нақты, дәл түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай қадам бас қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі, – деп сөзін жалғады қала әкімі.
Ол сондай-ақ «Астана» халық­аралық қаржы орталығының өз жұмысын бастауы елордада жаңа заманауи технологияларды дамытуға, FinTech жобаларды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдайлар туғызуға, іскерлік туризмді өркендетуге зор мүмкіндік беретініне тоқталды. Бақыт Сұлтанов қаланы дамыту стратегиясы жай ғана «құрғақ» бюрократиялық жоспар емес, мүдделілік танытқан тараптар – қала тұрғындары, кәсіпкерлер, халықаралық және отандық сарапшылардың ой-пікірін ескере отырып дайындалатын «қоғамдық» құжат болатынын қадап айтты. «Біз қоғамдық тыңдау өткіземіз. Сол жерде өз қаласының тағдырына бей-жай қарамайтын кез келген адам елорданы дамытуға қатысты өзінің ұсыныстарын жеткізеді. Сондай пікірталастарды тәмамдаған соң, 6 шілде – қала күні мерекесі қарсаңында біз жаңа стратегияны астаналықтарға және қонақтарға таныстырамыз. Бұл стратегия, бір жағынан, біз үшін болашақтың бағдары; екінші жағынан, алға қойылған міндеттерді ойдағыдай атқаруға нақты нұсқау болмақ» деп мәлімдеді қала басшысы.

Сервистік келісімдер бюджетті жеңілдетеді

2019 жылы Астананың бюджеті 425,9 млрд-тан аса теңгені құрайды, соның ішінде даму бюджеті – 160 млрд теңге. Бақыт Сұлтанов өзінің баяндамасында елорда әкімдігі өз жұмысына енгізген жаңа бастамаларға да назар аударды.
– Жергілікті бюджетке түсетін салмақты жеңілдету үшін біз нақты шығындардан операция­лық шығындарға көштік. Атап айтқанда, сервистік келісімдерді белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Мұндай қадам қызмет түрлерінің орындалу сапасын арттырып, қыз­мет түрлерінің құнын төмендету арқылы бюджетті үнемдеуге жол ашады. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы 2018-2019 жылдары жүзеге асырылатын 37 жобаның тізімін жасадық. Оның ішінде тамақтандыруды ұйымдастыру, тасымалдау қызметі, денсаулық сақтау саласындағы ілеспе қыз­меттер, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар ашу, мемлекеттік мекемелердің жиһаз қорына жарық беру қызметі бар. Бүгінге дейін бірнеше келісімшарттарға қол қойылды. Атап айтар болсақ, «Астана қаласының ақылы автотұрақ кеңістігін құру, пайдалануға беру және басқару», «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған параолимпиадалық жаттығу орталығы» мен «Тарлан» мұз аренасын пайдалануға беру және тағы басқалар, – деп түсіндірді әкім.
Ол аудан әкімдері мен басқарма басшыларына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін дамыту бағытындағы жұмыстарды ширатуға, қаладағы маңызды мәселелерді шешу үшін жеке инвестицияларды тартуға назар аударуды тапсырды.

Үлескерлер мәселесі 2020 жылға дейін шешіледі

Елордадағы түйіні шешілмеген мәселелердің бірі – «сақалды» құрылыстар. Қазір қалада осындай 29 нысан бар. 10344 үлескер осы үйлердің құрылысының аяқталуын күтіп жүр. Қала басшысы үлескерлерге қатысты осындай мәліметтерді келтірді. Әкімдік үлескерлер мәселесін түпкілікті шешу мақсатында 2020 жылға дейінгі барлық проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жөніндегі жол картасын әзірлепті. «Бұл құжат дәлме-дәл экономикалық есептерге негізделген. Көп ұзамай біз үлескерлер мәселесіне нүкте қоямыз» деді ол.
Сонымен қатар, елордада сәтімен іске асырылып жатқан «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру мәселесі сөз болды. Муниципалды қызметтерге қажетті мамандарды тарту мақсатында баспана алу үшін алғашқы жарнаны төлеуге білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек беруге қаражат бөлінгені мәлім. Әкім 2018 жылдың соңында сертификат түріндегі алғашқы 100 жәрдемақының бөлінгенін айта келе, 2019 жылы осындай 2000 сертификат берілетінін жеткізді.

«Мен қарапайым азаматтарға ашықпын!»

Бақыт Сұлтанов елорда тұр­ғын­дарымен әлеуметтік желілер және «Ikomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы арқылы үнемі өзара ашық қарым-қатынас жасауға уәде берді. «Әлеуметтік желілер арқылы халықпен тығыз, ашық қарым-қатынас орнату бағытын одан әрі дамытамыз. Кейбір адамдар мені халықпен сөйлеспейді, жабық деп ойлайды. Шын мәнісінде олай емес. Мұны өз әріптестерім де растай алады. Елорда тұрғындарынан келіп түсетін өтініш-шағымдардың барлығын өзім жүйелеймін. Бұл жерде ұсақ-түйек мәселе деген болмайды. Біз қаланың бір жерінде құдықтар ашылып қалғанынан, қоқыс жәшіктері дұрыс қойылмауынан бастап барлық күрделі мәселелерге назар аударамыз» деп сендірді жұртты әкім.
Ол «Ikomek» қалалық мониторинг жасау және жедел әрекет ету орталығының қарапайым халықтың арыз-шағымдарын қабылдайтын әртүрлі мекемелердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында құрылғанын қадап айтты. Әкімдік орта­лықтың жұмысын одан әрі же­тілдіре түсетінін айтты. Қала бас­шысының пікірінше, тұрғындармен ашық байланыс орнату туындаған әрбір мәселені шешуге алып баруы тиіс. Сол себептен әкімдікте өтетін аппараттық жиналыстарда көтерілген әр мәселе «Ikomek»-тің көмегімен бір жүйеге келтіріліп, өңделеді. Соңынан оны шешу жолдары көрсетіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды