«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қала бюджеті қайта қаралды

Елбасы тапсырмасына сәйкес әлеуметтік бағдарламалар басты назарда

0 37

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға барынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі тапсырмасына орай Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 45-сессиясы өтіп, күн тәртібінде тұрғын үй, әлеуметтік салаларына қатысты 12 мәселе қаралып, бірқатар құжатқа өзгерту мен толықтырулар енгізілді.

Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов Астана қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесі жайлы баяндады. Оның мәліметінше, Байқоңыр ауданындағы абаттандыру жұмыстарына қала қазынасынан қосымша 134 млн теңге бөлінсе, сонымен қатар алдыңғы қаржыдан бөлек Алматы ауданына 94, Сарыарқа ауданына 50 млн теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысының партия съезінде сөйлеген сөзін алға тартып, өткен жылы ел­орда бойынша мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржының 30 пайызы ғана әртүрлі кәсіпорынға аударылғанын, қалған 70 пайыз қаражаттың тек бір компанияның есеп-шотына жолданғанын айтқан депутат Ақылбек Күрішбаев баяндамашыдан осының себебін түсіндіруін сұрады. Бұл сұраққа қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин былай деп жауап берді:
– Былтырға дейін Мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңда мемлекеттік мекемелердің бір ғана кәсіпорынмен жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беріліп келген. Бірақ қазір оған өзгеріс пен толықтырулар енгізілді. Енді оған жол берілмейді. Бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда болады.
Кезегі келгенде мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері туралы шешімге өзгеріс пен толықтырулар енгізу жайлы баяндаған Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Артем Әбілдинов Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстаннан шығарылуына 30 жыл толуына орай, елордалық мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеу­меттік көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
– Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға өтініш беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Қазіргі уақытта электронды үкімет арқылы өтініш беруге болады. Сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету мақсатында тоқсан сайын төленетін атаулы көмектің көлемі 6,5 АЕК-тен 10 АЕК-ке ұлғайту ұсынылды. Соған орай үйде оқытылатын 228 мүгедек баланы толық қамту үшін бюджет есебін 80 миллион теңгеге ұлғайтуды сұраймыз, – деді А.Әбілдинов.
Сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов мемлекеттік қажеттіліктер үшін 388,6 миллион теңгенің сомасындағы ауданы 5,7 гектарды құрайтын 88 жер учаскесін сатып алу жөніндегі шартты жобасын ұсынды. Ал әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау ережесіне қатысты ол:
– Ережеге сәйкес, әлеуметтік тұрғын үй көмегін алушылардың санатына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге қатысатын ұйымдарының қызметкерлерін қосуды ұсынамыз. Себебі бұл санаттағылардың еңбекақылары төмен. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайды. Бүгінде мұндай қызметтегілер саны 1260 болса, олардың 482-сі – әлеуметтік көмекке мұқтаждар. Сондықтан осы ережесіне өзгерту мен толықтырулар енгізулеріңізді сұраймыз, – деді.
Өз кезегінде Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин Жастар сарайының 2010 жылы өртеніп, күні бүгінге дейін бос тұрған оң қанатындағы бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл жер жастар хабына айналатынын, яғни онда түрлі орталықтардың құрылымдары орналасатынын атап өтті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды