ҚАЛА БАЛАСЫ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

Санасын сабақтан арылтып, балалық шақтың аралында алаңсыз сайрандауды армандамайтын бала жоқ. Ауыл баласы Қожадай қырықтыққа, шөп шабуға шабылып жатпаса да кекiлiн күнге сүйдiрiп, табанын құмға күйдiре алатын үлкен мүмкіндікке ие. Қала баласы ше? Олар не істейді? Апасының ауылына барғанда, алдынан шығатын ақ қошақандар қалды ма өзі? Жазғы демалысының жартысын өткізіп тастаған қала балалары қазір қайда, қалай демалып жүр? Әңгіме – осы жайында.


Астана қаласы бойынша 83 мектептің жанынан ашылған лагерьлер 29 мамыр мен 23 маусым аралығында жұмыс жүргізді. Оған 1-4-сыныптарда оқитын 45 000 бала қатысты. Лагерьлердің барлығы дерлік екі ауысымда жұмыс істейді. Әр бала күнделікті тамағы үшін 500 теңге төлесе, аз қамтылған отбасылар үшін бұл 319 теңгені құрады. Мектеп жанындағы лагерьлер №2, 29, 31 мектептерде ұйымдастырылған жоқ. Өйткені бұл мектептерде биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Мектеп жасындағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға, олардың бойында салауатты өмір сүруге ынтасын қалыптастыруға, тіпті, балалардың ересектер тарапынан қараусыз қалған бос уақытын қысқарту үшін бұл демалыстардың маңызы зор.

Ақылы демалуға мүмкіндік көп

Қалалық Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің жетекші маманы Еркөкше Кафизов: «Осы жаз бойы жүргізілетін 5 ауысымның 3 ауысымы әлеуметтік жағдайы төмен балалар үшін тегін ұйымдастырылды. Ақмола облысы Ерейментау ауданының Алғабас ауылы маңында орналасқан «Батыр» шатырлы лагерінің 3 ауысымында 12 маусым мен 20 шілде аралығында 375 жетім балаға, аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға тегін демалыс ұйымдастырылды. Лагерь туристік-өлкетану және экскурсиялық, дене шынықтыру-сауықтыру қызметін де қоса атқарады» дейді. 29 мамыр мен 10 шілде аралығында «Балалар қаласы» мен Оқушылар сарайындағы «Жазғы демалыс академиясында» демалыс ұйымдастырылған. Құны – 20000 теңге. 12 күннен тұратын лагерьде оқыту, жүзу элементтері, сырғанау, мұздағы сабақтар, лингвистика, бастауыш шахмат, интерактивті парк, бейнелеу өнері, театр студиясы сынды түрлі үйірмелер қамтылған.

Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында жүргізілетін «Жазғы шығармашылық мектебі» жобасы да оқушылар үшін өте қызықты болыпты. Тек балалардың шығармашылық, танымдық және зияткерлік қабілеттерін, бастамалары мен мүдделерін, ұйымдастырылған демалыс үшін қолайлы жағдай жасай отырып, қызықты демалыс ұйымдастырудың ақылы ғана жүруі жанға батады. Енді қараңыз. Балалардың жазғы демалысы 90 күн. Олар мектеп жанындағы лагерьлерде 10 күн ғана болды. Ақылы лагерьлердің өзі уақыттарын аяқтап, балалардың нағыз бос уақыты басталуда. Бұл он күнде ойын баласының құмары қанды ма? Қысқа ғана уақытта қандай демалысты сезініп үлгерді?

Ата-аналар уәжі

«Менің балам №74 мектеп жанындағы лагерьге барды. 5 мың теңге төледік деген аты болмаса, жалпы демалысымызға 20-30 мың теңге кетті. Мен осы он күніміз аяқталған кезде өкіндім. Осы ақшаға қала сыртындағы жеке меншік лагерьлердің біріне жіберуге болатын еді. Мектепті де түсінуге болады. Олар не істей алады? Тамағы төленген. Енді жетекшілері топтағы балалардың демалысы қызықты өтсін деп әр күні әр жерге апарды. Ақылы автобустар жалдады. Оның сыртында бассейн­ге барса 4 мың, циркке барса 500 теңге, ойын-сауық орталықтарына барса 2 мың… міне, осылай күн сайын ақшамен барып отырды. Қатарынан қалмасын деп бердік. Бірақ баламнан естуім бойынша, ақылы қыдыруға бара алмаған балалар топта қалып кетеді екен. Достары кешегі күннің қызығын жырлап жатқанда, қызығып отыратын лагерьдің балаларға неге керегі бар? Жалпы демалыстың өзі тек ақшамен байланысты. Ақшаң болса, жақсы жерге қыдыртып, демалдырасың. Болмаса аулада жүргенін қанағат тұтасың» дейді Гүлнұр есімді қала тұрғыны.

Аулада асыр салып жүрген балалардың ата-аналары уәждерін мұнымен бітірмеді. «Менің күйеуім таксист. Өзім үйдемін. Үш баламыз бар. Бір демалсын деп орталыққа саябаққа апарғанымызда үшеуіне 30 мың теңге жұмсадық. Ондағы аттракциондар қымбат. Үнемдеп ойнатқанның өзінде осынша қаржымыз желге ұшты. Мына ойын алаңдарын реттеп, жақсы жасап берді. Соған қуанып отырмыз. Жазғы демалысымыз осы аулада өтеді енді. Өйткені ақылы лагерьлерге тіпті жағдайымыз келмейді» дейді Самал есімді келіншек.

Заңға өзгеріс қашан енеді?

Міне, қала баласының жайы осындай. Жетім, ата-анасының қамқорлығынан айырылған, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан балалардың демалысын және қамтылуын ұйымдастыруды мемлекет жақсы жолға қойды дейік. Оған бөлінген қаржы да өзінің орнын табар. Сонда басқа балалар не істейді? Олардың демалысымен ата-анасының ғана басы ауыра ма?

Соңғы жылдары бірінен соң бірі жарыса бой көтерген жаңа мектептерімізде демалысты ұтымды ұйымдастыруға арналған қажеттi алаңдар, тәжiрибелi мамандар, студенттер, ерiктiлер, бос кабинеттер мен залдар баршылық. Бірақ бізде осылардың өзін пайдалану үшін нормативтiк құқықтық актiге өзгерiстер енгiзу қажет екен. «Бұл жұмысты реттеу керек. Қамқоршылық кеңестiң бақылауымен жазғы демалысты ұйымдастыру үшiн мектепке оқу орнының мүлкiн өз еркiмен басқару құқығын беру керек. Алдағы уақытта балалардың демалыспен қамтылуын ұлғайту мақсатында жедел шаралар қабылдау үшiн Бiлiм туралы заңға өзгерiстер енгiземiз» деген еді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз сөзінде. Бұл өзгеріс енді қашан енеді? Уақытты созып жүргенде, екі қолды бос қойып жүрген оқушыларымыздың әсерінен орын алған оқиғалар көбейіп кетпесе жарады.

Ойынға құмардың бәрі оқушы

Оқиға дегеннен шығады, бос бала пайдалы іс қылып, жақындарын жерге қаратпаса жақсы, әрине. Олай болмаса, көше кезіп, түрлі қылмыстың орын алуына да өз үлестерін қосып кетулері мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сенсек, былтыр жасөспірімдер жасаған қылмыс 11 пайызға артқан. Жылына 100 мың жеткіншек полициялық бөлімшеге кіріп шығады екен. 2015-2016 жылы жасөспірімдер 3800 қылмыс жасаған. Интернет клуб деп ат қойып, айдар тағып алғандарымен түн ауа оқушыларды осылай қарай тартып тұратын күш әлі де көп. Жаз уақытында бос жүрген оқушылардың осындай қылмыстарға бармауын қадағалау да бүгінгі күннің басты тақырыбы болып отыр.

Ауылға бала сыя ма?

Қала баласы бұрынғыдай ауылға қарай ағылмайды. Оның нақты себептеріне келсек, көбінің ауылда туыстары қалмаған. Екіншіден, өздері аққа жарымай отыр­ған ауылдағы ағайын қаладағы туысын жарылқауға келгенде қырсыз. Үшіншіден, қалалықтар өздері өскен ауылға балаларын жіберуге жүрексінеді. Бүгінгінің тынымсыз балаларын құдықтан, жолдан сақтайтын сақтық шараларының аздығын алға тартады. Бірте-бірте қала балалары ауылға сыймай барады. Осындай себептермен ауылдың не екенін білмейтін балалар өсіп келеді.

 P.S. Еліміздегі жазғы демалыс лагерьлерінің көбісі жекешелендірілген. Жекешелендірілген лагерьлерге бару үшін берілетін жолдамалардың құны мемлекеттік лагерьлермен салыстырғанда екі есеге қымбат. Осы себепті көптеген ата-аналардың өз балаларын жекеменшік лагерьлерге жіберуге қалтасы көтермейді. Балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру көптеген түйткілді мәселелердің алдын алатынын ескерсек, бұл іске білім саласының ғана емес, ірі компаниялар жетекшілерінің де көмектері қажет.

Гүлжан РАХМАН

Сонымен қатар

ЖЫР АТАСЫ – ҚАБАН ЖЫРАУ

Өткен замандарда жыраулар жыр толғаушы ғана емес, халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастырушы қайраткер рөлін …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған