«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоқысты кәдеге жарату қашан қарқын алады?

0 20

Өткен жазда Экология, геология және табиғи ресурстер министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен шығару мәселелерін шешуді тапсырды. Жақында елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте бас қаланың айналасы қоқысқа толып бара жатқанын айтып, аталмыш министрлікке қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге төгетіндерге әкімшілік жазаны қатаңдатуға тапсырма берді. Қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениетіне де тоқталып, олар астаналық атқа сай болып, қоқысты бейберекет шашуды қойып, жүрген жерлерінде тазалықты сақтау қажеттігін атап өтті.

ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ 14 ПАЙЫЗЫ ҒАНА СҰРЫПТАЛАДЫ

Бүгіндері қатты тұрмыс­тық қалдықтарды өңдеу мәселесі тұтас ел үшін өзекті болып отыр. Елордада оның 14 пайызы ғана сұрыпталады. Ал басқа аймақтарда көрсеткіш одан да төмен. Осы орайда 2040 жылға дейін қалдықтарды өңдеу деңгейін кем дегенде 40 пайызға жеткізу міндеті қойылып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Экология, геология және табиғи ресурстер министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге қаладағы қоқыс полигоны мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кеше­нін аралап шыққан. Кешен күн сайын елорданың қоқыс шығаратын 65 компаниясынан 950 тоннаға дейін қабылдайды. Алайда бұл кешенде қаржылық және шаруашылық мәселелер бар. Қала әкімдігі мен министрлік соған қатысты проблемаларды бірлесіп шешуге келісті.
Бірақ қалдықтарды тиісті өңдеу кешеніне апарып тапсыруға ерінетін компаниялар да бар. Негізінен, құрылыспен айналысатын олар «Есіл-Нұра» арнасы айналасын және Қорғалжын тас жолы бойын заңсыз қоқыс полигонына айналдырған. Жылдар бойы сол аумақтарға қоқысты төгіп, құрылыс қалдықтарынан «тау» тұрғызып қойған.

15 қараша бірқатар елдерде қоқысты қайта өңдеу күні ретінде аталып өтіледі. Бұл – өте өзекті мәселе. Бүгіндері қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі тұтас ел үшін өзекті болып отыр. Елордада оның 14 пайызы ғана сұрыпталады. Ал басқа аймақтарда көрсеткіш одан да төмен.

ЗАҢСЫЗ 431 ҚОҚЫС ОРНЫ АНЫҚТАЛДЫ

«Елордадағы проблеманың бірі – қатты тұрмыс­тық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге төгу болып отыр. Осы күнге дейін қаладағы аудандардың әкімдіктерімен бірге біраз жұмыс атқардық. Алайда заңға бағынбайтын табиғатты пайдаланушы құрылыс ұйымдары жағдайды күрделендіріп жіберді. Бас қалада қоқыс үйін­ділеріне толып қалған екі заңсыз орын бар. Оның бірі – «Есіл-Нұра» арнасы, екіншісі – Қорғалжын тас жолының бойы. Экология, геология және табиғи ресурстер министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда ғарыштық зондтау жасаймыз. Соның арқасында Нұр-Сұлтан қаласында заңсыз 431 қоқыс орны анықталды. Департаментіміз соның бәрін тексеріп жатыр. Қазірге дейін сондай 300 орын бар екені дәлелденді. Тиісті хаттар қала аудандарының әкімдіктеріне жіберілді. 68 орын бойынша жұмыс жүргізіліп, олар жойылды. Басқа орындарға қатысты жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бұған қоса, Экология, геология және табиғи ресурстер министрлігі мен елорда әкімдігі заңсыз қоқыс орындарын жоюдың жоспар-кестесіне қол қойды. Яғни, бұл жұмыс­тың нақты мерзімдері белгіленді» дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Мансұр Ошурбаев.

10 ҰЙЫМ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Сонымен қатар қала әкімдігі жекеменшік аумақтардағы қоқысты жою бойынша Экология департаментіне хаттарды жөнелтіп отырады. Тарқатып айтар болсақ, өзіне тиесілі аумақ тазалығына сал­ғырт қарайтын компаниялар да кездеседі. Бұл үшін қазірге дейін 10 ұйым жауап­кершілікке тартылды. Әкімшілік кодекстің 324, 344, 351-баптарына сәйкес (қоршаған ортаны қорғау жөніндегі санитариялық-­эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс іс­теуге, сарқынды суды ағызуға қойылатын талаптарды бұзу, өндіріс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залалсыздандыру қағидаларын бұзу) жеке тұлғалар мен шағын бизнес өкілдеріне 10 АЕК-тен бастап, ал ірі кәсіпорындарға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Қаржыға шаққанда бұл сәйкесінше 25250 теңге мен 505 мың теңге.

АЙЫППҰЛ КӨЛЕМІ ӨСЕДІ

«Әрине, айыппұл көлемі аз. Одан заңды бұзатындар қорықпайды. Бірақ Экология департаменті қадағалаушы орган ғана. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстер министрлігі Экологиялық кодекстің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Бұл қоршаған ортаға қатысты туындап жатқан мәселелерді шешуге бағытталады. Әкімшілік кодекске де түзетулер мен өзгерістер енгізілуі тиіс. Айыппұл көлемі сонда өсіріледі. Яғни, жауапкершілік қатайтылады. Ал бүгін­дері біз тиісті заңсыз­дықты жою бойынша хат қана жібере аламыз. Биыл қар түскенше заңсыз қоқыс орындары жойылуы керек. Олардан қатты тұрмыстық қалдықтар қаланың қоқыс полигонына апарылады. Аудандардың әкімдіктеріне бұл жұмысқа қаржы бөлінді» дейді М.Ошурбаев.

ЖАҢА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОДЕКС НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Экологиялық кодекс жобасын әзірлеу кезінде экологиялық реттеудің халық­аралық тәжірибесі ескерілді. Бұл құжат қоршаған ортаны бағалау жүйе­сін қайта қарауды, та­би­ғат пайдаланушыны эмиссия­ларды азайтуға ынталандыруды, қалдықтарды нормалаудың қағидаттарын жетілдіруді, экологиялық реттеудің прогрессивті тетіктерін енгізуді, экологиялық заң­наманы бұзғаны үшін әкім­шілік санкциялардың мөлшерін қайта қарауды, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемнен түсетін қаражатты тиімді пайдалану мәселесін шешуді және белгілі бір өңірдің экология­лық жағдайын жақсартуды көздейді.
Елорда айналасын заңсыз қоқыс орындарына айналдыратын компаниялармен күрес бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын айту керек. Мәселен, 2016 жылы «Есіл-Нұра» арнасына апарар жолда «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылып, көліктер өте алмайтындай етіп блоктар қойылды. Бұған қоса, патруль аумақты күзетті. Алайда тиісті шаралар тоқ­тағаннан кейін бәрі «баяғы жартас – бір жартас» күйіне келген.
Заңсыздыққа жол беретін құрылыс компаниялары елордамен іргелес Ақмола облысының Аршалы және Целиноград аудандары аумақтарының экологиясына да зиянын тигізіп отыр. Мәселен, Тайтөбе маңайына қоқысты үйіп тастаған. Енді оны шығаруды аталмыш аудандардың жауапты мекемелері ұйымдастыруы тиіс. Десек те, өткен жазда «Бірге – Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының шеңберінде Қоянды, Вячеслав су қоймалары, Есіл мен Қарасу өзендері, Майбалық көлі жағалаулары тазартылды. Бұл жағдай бас қала мен көршілес облысқа тиесілі орындардың тазаланып қалуына септігін тигізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды