«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қайырымды Қамқа

0 75

Ол редакцияға бас сұқса, жақсылықтың ауылына жақындағанымызды сеземіз. Өзімен бірге қандайда бір қайырымдылықтың, игі істің жасалғанын жариялай келетін Қамқа Мәдиқызы шынайы құрметке лайық жан. Ол – бітер істің басында, көмекке зәру жандардың қасында жүріп жұмыс істеуді өмірлік мұраты етіп алған адам. Бүгінде «Қайырымды Қамқа» атанған оны білмейтін адам кемде-кем.

Өзінен гөрі өзгенің мұң-мұқтажына алаңдап, жанашырлық танытатын қасиеті, сүрінгенді қолтығынан демей білетін жанның қайырымдылық жұмыстарына белсене араласуына өз ықпалын тигізген. Алдымен екі қыз, содан кейін екі ұлдың анасы атанған ана шаңырақ шаттығына бөленіп, құдай қосқан қосағымен балапандарының қуанышына кенеліп, жұбайлық ғұмырдың бақытты сәттерін басынан өткеріп жатқан-ды. Өзге отбасылар сынды өмірде қайғы-мұңның барынан да мүлде хабарсыз болыпты. Кенет, балабақшадағы тәрбиеші апай құлағының мүкісі бар Нұрланның ұзақты күнге жалғыз өзі ойнайтынын, дыбысқа елеңдемейтінін, яғни мүлде естімей қалғанын естірткенде есеңгіреп қалады. Ойламаған тағдырдың сынағына тап болған ана бар күш-жігерін жинап, баласын емдетемін деп жүріп, өзінің баласы сынды қаншама адамға көмек керек екенін түсінеді. Олардың жан жарасын бүкіл болмысымен түсініп тұратын ана мұндай жандарға қалайда қолдау білдіретін, қайырымды шаралардың өтуіне, түрлі игі істердің жүзеге асуына мұрындық болуды бастап кеп жібереді. Осылайша Жасановтар отбасы белді бекем буып, балаға, бауырға деген сүйіспеншілікпен қайырымдылықты кәсіп етеді.
Балапандарын жеткізу жолында Қамқаның көрмеген құқайы жоқ. Әсіресе, балалар мектепке баратын кезде қатты қиналды. Астананың бірде-бір білім беру мекемесі оларды қабылдамай қояды. Екі ұлын Атбасардағы естімейтін балаларға арналған мектепке, кейін Талдықорғандағы арнаулы мектепке береді. Сол жылы балаларымен бірге өздері де сол қалаға көшіп кетеді.
Астанада мұндай ұйымның жоқтығына налып жүріп 1998 жылы мүгедек балалар қоғамын құрады. Осылайша мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымға жетекшілік етеді. Бір кездері өзі сынды көмекке зәру болған жандардың мүддесіне арналған жұмысты бастап кетеді. Тағдырдың жазуымен ойлануға да мұршасы болмаған ана осы бағытты бірден таңдайды. Мүгедек баласы бар ана үшін баласының амандығынан басқа арман бар ма?! Бар ойы балапандарының басқа балалар секілді мектепке барып, ел қатарлы білім алып, өмірден өз орындарын табуына титтей де болса септігін тигізу болады.
Мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға ерекше мән бергеніне, бүгінгі таңда олардың өмірін өзгертуге үлкен жағдайдың жасала бастағанына қуанады. Қамқа Мәдиқызы теледидар арқылы, газет-журналдар беттерінде жұмыс істеп жүрген, белгілі бір жетістікке жеткен, тіпті темір тұлпар тізгіндеген мүгедектерді көрсетіп насихаттаса, үйде отырған мүгедектер соларды көріп талпынар еді деп ойлайды. Әлі де кейбір қоғамдық мекемелерде мүгедектердің кіріп-шығуларына мүмкіндіктің жасалмай жатқаны жанына батады. Олардың көп жағдайда қоғамдық көліктермен жүре алмауына алаңдайды. Мүгедек балаларды оқытатын мамандардың жетіспейтініне қынжылады.
Отбасы – шағын мемлекет. Азаматы Рамазан аға да – Қамқа апайдың бұл еңбегіне ерекше дем беріп, қолдау білдірген жан. Қайырымдылықпен айналысатын айрандай ұйыған отбасының атқарған еңбектері ерекше. Бір қызы Қызылгүл «ЖасНұр» саңыраулар ассоциациясы» жастар ұйымын басқарса, екінші қыздары Әсем – қалалық мүгедек балалар қоғамының қолдауымен құрылған «Балам-ай» қайырымдылық қорының жетекшісі. Осындай еңбегімен еленген отбасы – Елбасының бастамасымен дәстүрлі түрде өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының алғашқы жеңімпаздары.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды